Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкенің ақ тілегін өтеу парыз

0 815

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы жайлы пікір)

Халқымыздың рухани мәдениетінде ерекше орын алатын адамгершілік қасиеттердің бірі – перзенттің әкені қастерлеуі, әкенің үмітін ақтауы болып табылады. Әке перзентіне «мен жете алмаған биікке балам жетсін, өзім аспаған белестен балам ассын» деп тілейді. Сол себепті де қазақ халқында «Әке көрген оқ жонар» деген аталы сөз бар. Бұл сөздің астарында перзентке байланысты «Әкенің атына лайық азамат болып өсер!» деген шынайы ізгі тілек, үлкен үміт жатыр. Қазақ баласына «Талабың таудай болсын!» деп тілек айтады, өйткені халқымыз «Талаптыға нұр жауар» дейді. Жақсы мінезімен, адамгершілік ізгі қасиетімен, елдің қамын ойлаған әрекетімен жұрттың сый-құрметіне бөленген азаматқа халық «Осындай ұл өсірген ата-анасына мың да бір алғыс!» деп ырзашылықтарын білдіріп жатады. Ал есімі ел аузында аталып жүрген әйгілі азаматтың ұлына қойылатын талаптың жүгі өте ауыр екендігі айтпаса да түсінікті.

Міне, біздің қолымызға еліміздің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» атты кітабы тиген болатын. Кітап елімізге белгілі жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы саналатын Кемел Тоқаевқа арналған. Жалпы әдебиетімізде Кемел Тоқаевқа арналған, оның өмірбаянымен таныстыратын шығарма жоқтың қасы деп айтуға болады. Кезінде шытырман оқиғалы детективтік шығармаға құмар қазақ оқырманы Кемел Тоқаевтың туындыларын құныға отырып оқығанымен, оның жеке басы, өмір жолы жайлы онша біле бермейтін. Рас, бұл шығарма Кемел Тоқаевтың 2008-2010 жылдары «Ана тілі» баспасында басылып шыққан бес томдық таңдамалы шығармаларының 5-ші томында түйін сөз орнына эссе деген атаумен берілген болатын және бес тараудан тұратын. Ал соңғы, екінші рет басылған бұл шығарма 2018 жылы «Жібек жолы» баспасынан жеке кітап болып қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Соңғы басылым өңделіп және «Ана» деген 6-шы тараумен толықтырылып шыққан.
Кітаптың алғы сөзін автор мынадай сөздермен бастайды: «Әрбір саналы адам өткеніне ойша көз жіберіп, өмір жолындағы іс-әрекеттерін ата-анасының берген ақ батасымен таразылайды. Бұл әсіресе бір қырдан асып, елуді еңсерген адамдарға тән. Мен де солардың бірімін. Сондықтан көп жылдар бойғы ой-толғауларымды тұжырымдап, қағаз бетіне түсіріп, әке-шешем туралы әңгімелеп беруді жөн көрдім». Әке-шешесінен ерте айырылып, әуелі балалар үйінде, сосын жетім балалар интернатында тәрбиеленіп өскен. Ал соғыс басталған соң 18 жасар бозбала шағында соғысқа аттанған, екі жыл соғыстан кейін жараланып, мүгедек болып оралған әкесінің қиыншылығы мен тауқыметі мол тағдыры жайлы айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп жазады: «… Кемел Тоқаев туралы, оның өмірі мен ой-толғаулары жөнінде қарапайым түрде әрі ашық айтып беруді өзімнің перзенттік парызым санаймын. Менің жазғандарым, ең алдымен, әкемді білетін адамдар, оның көркем шығармаларының оқырмандары, сондай-ақ өткенге назар аударып, өздерінің қаһарман еңбегімен Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаған аға ұрпақтың қалай өмір сүргендігін білгісі келетін жастардың ынтасын туғызар деп ойлаймын».
Жазушы Кемел Тоқаевтың өмір жолы қандай белестерден тұрды, өмірінде қандай асулардан өтті, қандай қиындықтар мен табыстарды бастан кешірді? Бұл сұрақтар, әрине кезінде Кемел Тоқаевтың шығармаларын қызыға оқитын оқырмандарды, әсіресе аға буын өкілдерін, сөз жоқ, қатты қызықтырады. Кітаптан біз Кемел Тоқаевтың 1923 жылы 2 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Қалпе ауылында дүниеге келгенін білеміз. Әкесі қарапайым шаруа адамы болған екен. Кемелдің отбасы ұжымдастыру кезінде ашаршылық орын алған 1932 жылы жан сақтап, Фрунзе қаласына барып паналайды. Ол жерде әкесі мен анасынан айырылып, қайғылы жағдайға душар болған Кемел мен ағасы Қасым жетімдер үйіне түсіп, тәрбиеленеді. Әкесінің өмірінде орын алған осы қайғылы жағдай жайында автор өз шығармасында былай жазады: «… Қасым терең күрсініспен: «Біз жарық дүниеде енді Кемел екеуміз ғана қалдық. Егер маған бірдеңе болса, Кемел туған-туыссыз, қолдаусыз жалғыз өзі қалады», – дейді. Өкінішке қарай, оның айтқаны келеді. 9 жылдан соң Қасым Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында қаза тапты». Кемелден үш жас үлкен Қасымның еті тірілігі, пысықтығы арқасында екеуі Шымкенттегі жетім балалар интернатына ауыстырылады. Интернатты бітірген соң Қасым 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, 1942 жылы 22 ақпанда соғыс майданында қаза табады.
Студент кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев өз әкесінен өмірінің ең қиын кезеңі жайында сұрағанда, әкесі оған: «Мен үшін ең қиын сәт ағамның қайтыс болғаны туралы хабарды – «қарақағазды» алған сәтім», – деп жауап берген екен. Кітаптан біз Кемел Тоқаев өзінің жалғыз бауырының жарқын бейнесін өмір бойы жадында сақтап, қастерлеп өткендігін білеміз. Оның айғағы ретінде өзінің тұңғыш перзентіне ағасының атын қояды. Бұл жайында автор өзінің кітабында былай деп жазады: «Өзімнің есімім үшін мен тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Ал Жомарт деп менің болмысымның жомарт әрі жан дүниесі кең үлкен азамат болуымды армандаған анам атады». Осылайша, Қазақстанның болашақ Президенті әкесінің өз ағасы Қасымның атын, ал анасының Жомарт деп ат қоюымен Қасым-Жомарт деген атқа ие болады.
Кемел Тоқаев интернаттағы оқуды алғыр шәкірт ретінде беріле оқып, жетік меңгереді. Әсіресе, өзіне сүйікті қазақ тілі мен әдебиетін жақсы оқиды. Мектепте оқып жүрген кезінде ол Абайдың шығармашылығымен танысып, ұлы ақынның, қазақ даласынан шыққан философтың дана туындыларын ерекше жақсы көрді. Осының бәрі мамандық таңдауына әсерін тигізгені анық. Әкесінің білімге құмарлығы, оның өмірлік мақсаты мен арманы жайлы автор өз шығармасында тебірене отырып былай деп жазады: «Әкем өмір бойы білім алуға ұмтылды, шектен тыс еңбекқор һәм тиянақты еді. Мектептегі мінездемесінде «Кемел Тоқаев оқуға ынтасы зор, қоғамдық өмірде белсенді, тәртіп бұзған жоқ» деп жазылыпты. Жоғары оқу орнына түсу оның басты арманына айналды. Сол бір жылдары жетім балаларға институтқа түсу қол жетпес мақсаттай көрінетін. Өйткені оларға қол ұшын беріп көмектесетін ешкім жоқ емес пе?!».
Кемел Тоқаев өзінің өмірбаянына ғана емес, жалпы болмысына, мінезіне өшпес із қалдырған сұрапыл соғыстан кейін ғана университетке оқуға түседі. Ол майдандағы қанды шайқастарда тез есейіп, зұлымдық пен қатыгездік жайлы өз ойы мен пайымы бар азамат ретінде шыңдалып есейеді. Егер де осы сұрапыл қанды соғыстан аман қалсам, еліме, Отаныма, халқыма жан аямай, адал қызмет етемін деп өзіне ант береді. Кемел Тоқаевтың бұл жан толғаныстары оның азамат ретінде қалыптасуындағы оны шыңдап ысылтқан өмірлік маңызды белестерінің нәтижесі болатын. Осы орайда, Кемел Тоқаевтың адамгершілік кескін-келбетін айқындап көрсететін кітаптың мына бір жолдарын келтіре кету орынды сияқты: «Әңгімелерінің бірінде маған әр адамның періштесі мен шайтаны болатынын, адам бойында алғашқыда жақсылық пен жамандықтың ымырасыз күресі жүретінін айтып еді. Осындайда әзәзілдің арбауына ырық бермей, шайтанның шырмауынан сақтанып, теріс жолмен жүрмеу керектігін баса ескертетін. Шыны керек, жас кезімде мен бұл философиялық толғаныстардың мәнін түсіне бермейтінмін, кейіннен, өмірдің түрлі соқпақтарынан өте келе әкемнің сөздерінің соншалықты шындығына кәміл көзім жетті».
Интернаттан кейін Фрунзе жаяу әскер училищесін бітірген соң Кемел Тоқаев Сталинград майданы құрамына кіретін әскери бөлімге жіберіледі. Онда Кемел Тоқаев 226-шы атқыштар дивизиясының бөлімше командирі қызметінде соғысқа қатысады. Үш айдан кейін жараланып, әскери госпитальге түседі. Жазылып болған соң қайтадан майданға сұранады. 1945 жылы 21 қаңтарда Польша жерінде ауыр жарақаттанып, одан әрі қарай әскер қатарында қызмет етуге жарамсыз және ІІ топтағы мүгедек деп танылады. Туған жеріне оралған ол сол 1945 жылы әңгімелесу нәтижесінде емтихансыз С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне 1-курсқа оқуға қабылданады. Осылайша, Кемел Тоқаевтың соғысқа дейінгі жоғары оқу орнына түссем деген арманы орындалады. Әрине, майдангер болғандығы оның оқуға жеңілдікпен қабылдануында шешуші рөл атқарғандығын атап өту қажет.
Университетті бітірген 1948 жылы Кемел Тоқаев біздің Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына келіп, облыстық газетте бір жыл жұмыс істейді. Сосын Алматы қаласына «Қазақстан пионері» балалар газетінің редакциясына жұмысқа ауысады. Бірнеше жылдан кейін ол осы газеттің бас редакторлығына тағайындалады. Газетте істей жүріп, Кемел Тоқаев көркем туынды жазу, жазушылық қызметпен айналысу туралы ойланады. Бірақ ол детективтік жанрға бірден келген жоқ. Алғашқы кітабы «Жұлдызды жорық» республика пионерлеріне арналған болатын. Алғашқы кітабы жарық көрген соң үш жылдан кейін милиция қызметкерлерінің қиын да қауіпті қызметіне арналған «Тасқын» атты туындысын жарыққа шығарды. Бұл кітабы үшін Кемел Тоқаев милиция органдарының қызметіне арналған республикалық көркем шығармалар байқауының бірінші сыйлығына ие болды. Бұдан кейін де ол өзінің талантты жазылған шығармалары үшін екі рет осындай байқаулардың жеңімпазы атанды. Өзінің отыз жылдан астам шығармашылық еңбегі барысында қазақ әдебиетіндегі детективтік жанрдың озық туындыларын қамтыған «Көмескі із», «Сарғабанда болған оқиға», «Соңғы соққы» атты шығармаларының жинақтары жарық көрді. Әр шығарма жазған сайын Кемел Тоқаевтың қаламы ұшталып, жазушылық шеберлігі арта түсті, әдебиет сүйер қауымның сүйікті авторына айналды.
Кемел Тоқаевтың өмірлік ұстанымы және жазушылық абыройы мен беделі жайлы ұлы мынадай пікір жазады: «Әкей өзінің жазушы ретіндегі бағасын білді, қазақ әдебиеті шамшырақтарының, жоғары лауазымды шенеуніктердің алдында құлдық ұрған емес. Әрдайым қарапайым, бірақ өз ісіне берік және шыншыл еді, біреулерге ұнамаса да, тек қана шындықты айтатын. Қызметтік мансаптың жалына жармаспағаны да осы мінезінен шығар. Өсу үшін икемді әрі жағымпаз болу қажет екенін түсінді, бірақ өз мінезінен қайтпады. Отбасында әкей «турашыл болуға моральдық хақым бар, себебі жастайымнан жетім қалдым, балалар үйінде тәрбиелендім, соғыс жылдары өлімге бас тіктім» деуші еді».
Өмірінің соңғы жылдары Кемел Тоқаев Мәскеудегі одақтық сыртқы істер министрлігінде қызмет етіп жүрген үлкен ұлы Қасым-Жомарт үшін қатты алаңдады, өйткені өзінің жоғары басшылықпен қарым-қатынастарындағы кикілжің ұлының жұмысына кері әсерін тигізе ме деп қауіптенді. Әке ретінде оның бұлай алаңдауына себеп те жоқ емес болатын, өйткені оның ашық қарсыластарына немесе тасада тұрып тас лақтыруды қалайтын жасырын жауларына жазушы ұлының Мәскеуде республика шенеуніктерінен тәуелсіз, бағынышты болмай жұмыс істеп жүргені ұнамайтын.
Кемел Тоқаевтың шығармалары кезінде республикадағы қалың оқырман қауымның сүйініш сезіміне бөленіп, кеңіне танымал болған еді. Сол кездегі әдебиет айналасындағы көңіл-күй жайында кітапта былай деп жазылады: «Қызғаныштың қызыл тіліне ергендер оқырмандардың ойымен санасқысы да келмеді, ресми идеология бірінші кезекте Кеңес үкіметі мен партия қызметкерлерінің әрекетін жырлайтын шығармалар тұру керек деп есептейтін. Сондықтан кітабын шығармастан бұрын әкеме еңбектің көкейкестілігін дәлелдеп, цензурадан туатын көптеген кедергілерді жеңуіне тура келді. Шығармаларын басу қиын тиіп жүргенін көріп, біз оған әзіл-шыны аралас, махаббат немесе партия тақырыбына көшуді ұсынатынбыз, сонда цензордың да үні өшеді. Бұндайда әкем «атағы дардай совет жазушыларының шығармаларына еліктегенше, шытырман әдебиет жанрында алғашқы болғаным артық» дейтін».
Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне деген әкесінің мейірімге толы жылы қатынасы мен болашағына үлкен үмітпен қарайтындығы жайлы былай деп жазады: «Әкей маған үлкен сенім артатындығын ешқашан жасырған емес. Мені қазақстандық қоғамдағы белгілі адам, үлкен мемлекеттік лауазымдардан көргісі келетінін айтып отыратын».
Кемел Тоқаев жайлы айтылған бір үзік ойымызды елдің сый-құрметіне бөленген жазушының өз перзентіне деген сенімі халықтың сеніміне ұласса екен деген тілекпен аяқтағымыз келеді.

Режеп Баярисов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Философия және саясаттану»
кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.