«Үйі жоқтың күйі жоқ» деген мақал тегін айтылмаса керек. Бүгінде баспаналы болғысы келіп, басын қатырып жүрген қазақ қаншама?! Бұл орайда, әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар жасалып, елдегі осы бір түйткілдің түйіні тарқап, көпшілікке баспаналы болудың оңтайлы жолы ұсынылуда.

Арайлым Бақытжанқызы, Суретті түсірген Ю.ЕФИМОВ

Мемлекет «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер», «7-20-25» сынды баспаналы болудың оңтайлы жолын көздейтін бірнеше бағдарламаны әзірледі. Бүгінгі таңда аталмыш бағдарламалар өз жемісін беріп, үйлі болып жатқан азаматтар да жоқ емес.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының директоры Тимур Жанке жұмыс сапарымен өңірге келіп, «7-20-25» бағдарламасының аяқ алысымен танысты. Тұрғын үй бағдарламаларының іске асу барысы туралы Тимур Жанкеге облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндап, сапар барысында құрылысы аяқталмаған 15-ші ықшам ауданға барды. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан 15-ші шағын ауданы орталықтың біріне айналып, онда 50 мыңға жуық халық тұрады деп жоспарланып отыр. Бұл орайда, мұнда соғылып жатқан тұрғын үйлердің сапасы мен инфрақұрылымы заман талабына сай болуы қажет.
– Биылғы жылдың тамыз айында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 21 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда. Оның ішінде 10-ы 80 пәтерлі, 11-і 60 пәтерлі тұрғын үй. 2020 жылы 1976 пәтерге 30 үй салу жоспарлануда. Осылайша, биылғы жылы 1970 пәтерге арналған 27 үй іске қосылмақ, оның 21 үйі (1460 пәтер) несиелік тұрғын үй және 6 үй (510 пәтер) жалдамалық тұрғын үй, – деді Е.Дауылбаев.

Несиелік тұрғын үй екінші деңгейлі банктер мен Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы халыққа сатылады. Бағдарлама қатысушылары өз қаражаты есебінен баспананы, ипотекалық тұрғын үй займдарын және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» жинақ ақшаларына сатып ала алады. Құрылыс алаңымен танысқан Тимур Жанке қала әкімдігінің мәжіліс залында екінші деңгейлі банк өкілдері мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қызметкерлерімен жиын өткізді.

– Тұрғын үй кезегінде негізінен бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері. Төлем қабілеттілігін тексеру үшін банкке тапсырған құжаттарды жібергеннен кейін тізім саны едәуір қысқарады, өйткені мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алушысы кем дегенде 130 000 теңге жалақы алуы қажет. Жамбылдықтар сондай-ақ «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ы желісі бойынша пәтер алуға ниетті. Біз тұрғындарға 17 пәтердің кілтін табыстауымыз керек. Алайда үміттілердің саны 3 есе көп. Көрсеткіш саны 77 адамды құрап отыр, – деді қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясының бас маманы Диля Соқжанова.

Маманның пікірінше, «7-20-25» бағдарламасына деген сұраныстың өсуі үшін оның шарттары да «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ы секілді болу керектігін баса айтты. Мәселен, «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ы ұсынған пәтерді түрлі санаттағы тұрғындар ала алады. Табысы төмен, кезекте тұрған азаматтар пәтерді алдымен жалға алып, кейін сатып алуға мүмкіндік алады. Ол үшін алдын ала салым салудың қажеті жоқ. Тек жалғыз шарт – өтініш берушінің табысының деңгейіне байланысты үш-алты айлық жалгерлік төлемдер мөлшерінде аванстық төлем жасау. Бұл 200-400 мың теңге.

Кездесу барысында құрылыс саласына байланысты сұрақтар да көтеріліп, мамандар өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында Тимур Жанке барлық сауалдар мен ұсыныстарды тыңдап, тұрғын үйдің қолжетімділігін тиімді ету керектігін жеткізді.

– Тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруда Нұр-Сұлтан қаласының оң тәжірибесін белсенді пайдалану қажет, онда бастапқы жарналар мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Біз пәтер сатып алған кезде әрбір адам 1-2 миллион теңге жинай алмайтынын түсінеміз, сондықтан жергілікті бюджеттен кемінде 10 пайыздық төлемді алдын ала қарастырған жөн, – деді ол.

Қолжетімді баспананың қолжетімді болуы бюджеттің мүмкіндіктері мен билік органдарының мұндай әрекеттерге заңдық қолдау көрсетуіне байланысты. Бірақ республикадағы тәжірибеге сүйенсек, бұл мәселенің шешілгенін көруге болады.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған