Тараз қаласының тұрғындары биылғы жазда да ыстық сусыз өтеді.

Зере Қуаныш

Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігінің ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтылды. Жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев, «Таразэнергоорталық» АҚ президенті Абуталип Серикбаев, «Таразтрансэнерго» МКК директорының м.а. Жақсылық Жогибаев, «Темір жол-Жылу» МКК директоры Ғайни Исабеков қатысты. Басқарма өкілінің айтуынша, Тараз қаласының жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарында 2019-2020 жылдарға жылыту маусымына дайындық іс-шара жоспары әзірленіп, бекітілген. Ағымдағы жылы облыс бойынша жылумен қамтитын кәсіпорындар ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына 626,83 млн теңге қарастырған.

– «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының «РК-1» қазандығынан қаладағы 82 көпқабатты тұрғын үй ыстық су алуда, яғни ыстық су алдағы жылыту маусымына дейін үздіксіз берілетін болады. Олар «Қаратау» (2), «Қарасу» (5) ықшам аудандары мен «Массив Қарасу», «Қант кенті» массивтері. Ал «Темір жол-Жылу» кәсіпорны бойынша «Газовая» қазандығынан Байзақ батыр көшесіндегі 19 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су беруді ағымдағы жылдың 5 маусымынан бастап тоқтатылды. Бекітілген жоспар бойынша аталған учаскіде жылу желілерінің жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Алдағы жылыту маусымына сапалы және уақтылы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында «Таразэнергоорталық» АҚ мен «Таразтрансэнерго» МКК жылумен жабдықтау жүйелерінің жөндеуден кейінгі сынақтарын жүргізуді және бекітілген жоспарларға сәйкес кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар біз өзге өңірлер секілді жаз бойына ыстық суды бермеуіміздің себебі – жылу мен ыстық су желісі бірге. Ал ол желілерді бөлу үшін қыруар қаржы қажет, – деді Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев.
Сондай-ақ мамандар барлық тұтынушылар үйлерін алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етіп, үй ішіндегі жылу жүйесін жуу (промывка) және қысыммен тексеру жұмыстарын жүргізуі тиіс екендігін жеткізді. Жоспарланған іс-шараларды орындау қысқы кезеңде тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған шаралар аяқталғаннан кейін 15.10.2019 жылдан бастап жылыту маусымы басталады. Ал ыстық су қыркүйек айында беріледі.

Жамбыл облысының отын-энергетикалық кешені кәсіпорындарының, бюджеттік сала және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жылу беру маусымын өткізу жөніндегі жұмысы облыстық штаб отырысында үнемі үйлестіріледі және жергілікті атқарушы органдармен бақыланады.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған