Бұрын ауыл десе, бау-бақшасы жайқалып, төрт түлігі тең өрген, ырысы мен ынтымағы жарасқан құтты мекен көз алдымызға елестейтін. Ал қазір ауылдардың көбі сол бір тіршілік ырғағын өзгерткендей көрінеді. Әрине, атымтай азаматтардың қолдауымен шаруасы ілгері басып, әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға жақсарып келе жатқан ауылдар да баршылық. Бірақ бұған қарап, бар мәселе шешілді дей алмаймыз. Ауылдың тіршілік тамырын түбегейлі дамыту үшін міндетті түрде мемлекеттің қолдауы қажет. Бұл қолдау бүгінде кеңінен көрсетіліп те келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің ұлықтау рәсіміндегі: « Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деген сөзі сол қолдаудың айқын айғағы.
Жамбыл облысының жартысына жуық аумағын алып жатқан маңғаз Мойынқұм даласы қашанда табыстың тайқазанын тасытып, берекесін молайтуда. Егемендік жылдары мұндағы елді мекендердің бойына нәр жүгіріп, дамудың даңғыл жолына бет түзеді. Солардың қатарында Кеңес ауылдық округін ерекше атап өткеніміз абзал.
Халықтың тұрмысы түзелуде
Кеңес ауылдық округі бір елді мекен – Айдарлы ауылынан, 9 көшеден, 363 ауладан, 2 354 тұрғыннан тұрады. Округ бойынша 4 өзге ұлт өкілі бар. Округтегі 2 354 адамның 1 203-і экономикалық белсенді тұрғындар болса, 840-ы жұмыспен қамтылғандар, 167-сі зейнет жасындағылар, 287-сі белсенді жұмыспен қамтамасыз етілгендер. Сондай-ақ 41 мүмкіндігі шектеулі жан өз-өздерін еңбекпен қам-тып отыр.
Округ бойынша 2023 жылға 2 429 364 теңге салық есептелсе, оның ішінде мүлік салығы – 21 769 теңге, жер салы-ғы – 350 995 теңге, жеке тұлғалардың көлік салығы жоспары – 2 056,6 мың тенгені құраған. Аталған салық түрлері бойынша жер салығы – 350 995 теңге, мүлік салығы 21 769 теңге, яғни 100 пайызға орындалса, көлік салығы бойынша 96 пайызға атқарылған. Сондай-ақ округте 52 көпбалалы отбасы тұрмыс кешуде.
– Округтің негізгі бағыты – мал өсіру, егін шаруашылығы. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысына сай мал шаруашылығы бойынша 249 тонна ет, 50 тонна сүт өндірілсе, егін шаруашылығы бойынша 1 520 гектарға әртүрлі дақылдар егілді. Қазір соның өнімі күтілуде. Сонымен қатар округ аумағында «Айдарлы АГРО-2019» ауыл шаруашылық кооперативі (6 адам), 202 жеке кәсіпкер (208 адам), 70 шаруа қожалығы (90 адам ) – барлығы 298 адам нақты жұмыспен қамтылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың негізгі бөлігі дәріханалар, көтерме-бөлшек сауда дүкені, азық-түлік дү-кендері, киім, ойыншықтар дүкендері, автокөлік бөлшектері, дизель майы дүкендері, жанармай құю бекеттері сияқты округ бойынша дамыған коммерциялық нысандарда жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың соңына дейін 25 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға кешенді жоспар берілген.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында округ бойынша жыл ішінде басталатын құрылыс жұмыстарына 45 адамды жұмысқа тарту жоспарланса, ақылы қоғамдық жұмысқа 56 адам тарты-луда. Мәселен, биылғы жылдың 6 айында 5 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ауылда «Active», «Beеline» мобильді байланысы орнатылған. Ал «Қазақтелекомның» оптикалық талшықты интернет желісі окргуке қарасты мекемелерге қосылған. Бұған қоса ауылдық округте 9 шағын азық-түлік дүкені, 1 наубайхана, 2 жанар-жағармай, 2 газ құю бекеттері ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Осы кәсіпкерлік нысандарда ауылдың 21 азаматы тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, – дейді ауылдық округ әкімі Әділет Мұқашев.
Сондай-ақ 6 айдың қорытындысымен Кеңес округіне жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 2 миллион 910 мың теңге бөлініп, 4 отбасының 19 мүшесіне, оның ішінде 13 балаға 485 мың теңге көлемінде балалар тағамы және 6 ба-лаға 155 мың теңге жуғыш заттарға арналған мемлекеттік әлеуметтік пакет тағайындалған. Бұдан бөлек, 5 адамға өмірлік қиын жағдайына байланысты, яғни туберкулез, онкология аурулары бойынша мемлекеттік көмек берілген. Сондай-ақ мүгедектігі бар 4 адам қажет-ті арнайы гигиеналық құралдармен, 1 адам кресло-арбамен, 3 адам жеке көмекшімен, 2 мүгедек бала әлеуметтік қызметкермен, 1 адам санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда аталған округте жұмыспен қамту және әлеуметтік салалар бойынша 35 адам ақылы қоғамдық жұмысқа алынса, 1 адам жастар тәжірибесінен өтуде. Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде 2022 жылы 6 тұрғын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілсе, биылғы жылдың 6 айында 5 азамат екі қолға бір күрек тапқан.
Шағын кәсіпкерліктің шаруасы ширауда
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл тұрғыда қазынадан бөлініп жатқан қаржының да мөлшері мол. Тек облыс орталықтары мен алып мегаполистерде ғана емес, қолдаудың нәтижесі шалғай елді мекендерде де көрініс табуда. Себебі көзін тапқан адам кәсібін кез келген жерде дөңгелете алады. Бұған Кеңес ауылдық округі жарқын мысал.
Бүгінде жалпы округ аумағында 272 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 3 бірлікке өскен. Олардың 186-сы жеке кәсіпкерлік және 70-і шаруа қожалық.
Бүгінгі таңға округте 202 кәсіпкер жұмыс істеуде. Айталық, ауылда құс өсіретін, жоба құны 50 миллион теңгені құрайтын «Мойынқұм құс» ЖШС ашылып, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап 7 адамды тұрақты жұмысқа қабылдаған. Сондай-ақ «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында жеңілдетілген 2,5 пайызбен ауыл бойынша 140 отбасы несие алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1 718 бас мал сатып алынып, 1,2 мың тонна мал азығы дайындалған. Бұған қоса «Айдарлы-Агро-2019» ауыл шаруашылық кооперативі ашылып, 5 пайызбен 78 миллион тенгеге 50 пайыз жеңілдік субсидиямен 13 жаңа техника алған. Бұл да кәсіпкерлік дамуына серпін беруде.
Қазіргі таңда 140 аулада 1 977 бас мал деректер қорына тіркелген. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 497, жылқы – 448, қой 1 032 басқа жеткен. Ал шаруашылық иелерінің несие қайтарымы: 2021-2023 жылдары 234,8 миллион теңгені құрапты. Соның нәтижесінде төрт түлік малдың басы 15 пайызға өсіп, ағымдағы жылдың 6 айында 35 тонна ет, 30 тонна сүт өнімі өндірілген.
Асыраушы сала алшаң басуда
Ауыл шаруашылығын уақыт талабына сай өркендету және Қазақстан экономикасының табысты саласына айналдыру мәселесіне де ұдайы көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы өніміне жаһандық сұраныс ұдайы өсіп отырғанын, осы орайда еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ауқымды жаңғырту қажеттігі атап көрсетіліп, агроөнеркәсіп саласын дамытудың маңызды бағыты айқындалған болатын.
Ауыл шаруашылығы тек ауылдарды ғана емес, еліміздің экономикасын да байытуда. Бүгінде Кеңес ауылдық округінде де аталған сала алшаң басуда. Мәселен, округте 6 айда өндірілген өнімнің көлемі 483 миллион 410 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артып отыр. Округтегі мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де ұлғайған. Жыл басынан өндірілген ет көлемі – 249, сүт өнімі 50 тоннаға жетіпті.
2023 жылдың І жартыжылдығында Кеңес ауылдық округінде «Өңірлерді да-мыту» бағдарламасы аясында Айдарлы, Бірлік және Биназар ауылдарының ауыл шаруашылығы жерлерін егін суымен қамтамасыз ету мақсатында Шу өзеніне құны 7 миллион теңгелік бөгет салынған. Бұл жұмысты «Әулие ата-Тараз» ЖШС 5,6 миллион теңгеге ұтып алып, қазір толық аяқталған. Сондай-ақ «Богдан» каналына тазалау жұмыстары жүргізілген. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жеңімпаз анықталып, «Талас-Аса» ЖШС 3,1 миллион теңгеге ұтып алған. Бұл жұмыс таяуда тәмамдалмақ.
Кеңес ауылдық округінің жалпы жер көлемі – 53 300 гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы 1520 гектар жер бар. Бүгінде 150 гектарға жаздық арпа, 300 гектарға жүгері, 35 гектарға картоп, 200 гектарға бақша өнімдері, 75 гектарға көкөніс дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 775 гектар жер көпжылдық шөп – жоңышқаға арналған. Биыл «Тасөткел» су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты ағын су тапшылығы шаруашылықтарға кері әсерін тигізіп жатқаны да жасырын емес. Соған қарамастан ауыл диқандары шаруашылықтарын ширатып, мол өнім алуға тырысуда. Округтегі 73 шаруа қожалығының 50-і егістікпен айналысса, 23 шаруашылық мал және егін шаруашылығынан нәсібін табуда. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2 адам несиеге қол жеткізіп, көктемгі-күзгі дала жұмыстарына арзандатылған бағамен дизель отынын алуда.
Әлеуметтік салалардың әлеуеті артуда
Жалпы округ тұрғындарына 1 ден-саулық нысаны қызмет көрсетуде. Мұндағы дәрігерлік амбулаторияда 9 медицина маманы еңбек етуде. Нысанның ғимараты жаңа, 2009 жылы бой көтерген. Жедел жәрдем көлігі де сапалы қызмет көрсетуде. Есепте тұрып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған аурулар саны – 295 адам. Дәрігерлердің жүйелі жұмысының нәтижесінде округте есепті кезең бойынша аналар өлімі тіркелмеген. Есесіне осы аралықта 39 сәби дүниеге келіп, бала туу көрсеткіші артып келеді. Осылайша медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейі 83,5 пайызды құрап отыр.
Білім саласына келер болсақ, бүгінгі күні округте 1 мектеп, 1 балабақша орналасқан. Айталық, №2 орта мектепте 72 педагог 360 оқушыға сапалы білім беруде. Сондай-ақ биыл 9 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматта тапсырып, 2022-2023 оқу жылын аяқтаған.
Ауылдағы 2005 жылы ашылған «Балапан» балабақшасы заман тала-бына сай жабдықталған. Мәселен, оқу ошағында дәретханалар, душ бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер, акт залы, асхана, кір жуатын бөлме, медициналық кабинет орналасқан. Қазіргі таңда бөбекжайда 12 қызметкер 3 топтағы 45 баланы саналы тәрбиемен қамтамасыз етуде.
Мәдениет саласында да ілгерілеу басым. Ауылдағы жалғыз мәдени ошақ – кітапхана тарапынан биылғы жылдың жартыжылдығында 18 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 320 адам қамтылған. Осы орайда айта кетерлігі, округтің кітапхана жүйесіндегі кітап қоры 13 770 дананы, ал ондағы оқырмандар саны 410 адамды құрайды.
Кеңестіктер спорттан да кенде емес. Мысалы, Айдарлы ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жаңа спорт кешені 2022 жылы желтоқсан айынан басталып салынуда. Спорт кешені барлық заманауи стандарттар бойынша, ауыл тұрғындарына спортпен шұғылдануға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында бой көтеруде. Ғимаратта ойын залы, киім ауыстыратын бөлмелер, персоналға арналған кабинеттер, душ орнатылып, тұрғындардың түрлі спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік туғызбақ. Жалпы ауданы 1,257 шаршы метр болатын кешенде күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне баулуға барлық жағдай жасалып, қажетті спорттық құралдармен толық жабдықталмақ. Ғимарат рамалық нұсқада жобаланған, жақтау металл конструкциялардан әзірленуде. Округте барлығы 3 спорт нысаны, атап айтқанда, 1 кіші футбол алаңы, 1 мектеп спорт залы және 1 алаңшасы бар. Осының арқасында қазіргі таңда жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын, барлық жастағы тұрғындардың үлесі 25,3 пайыз немесе 715 адамды құрап отыр. Жыл басынан бері 18 спорттық іс-шара өткізілген.
Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Округке қарасты №2 орта мектепке биылғы жылдың маусым айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 270 миллион теңге. Жөндеу жұмыстарына 15 ауыл тұрғыны тартылып, еңбек етуде. Ал спорт кешенінің құрылысы 2022 жылы желтоқсан айынан басталып, былтыр 189,2 миллион теңге, биылғы жылға 170 миллион теңге қаражаты игерілген. Барлық құрылыс жұмыстары қараша-желтоқсан айларында толық аяқталады деп күтілуде.
Бұған қоса газ құбырын тарту жұмыстарына 2 жоба енгізілген. Бұл бойынша 2022 жылы 4,7 миллион теңге игерілсе, биыл 5 миллион теңгенің жұмыстары атқарылмақ. Соған орай жер телімі анықталып, мемлекеттік актісі алынған. Жоба құны – 990 миллион теңге.
«Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында ауыл азаматтарының демеушілігімен ауылдық мешіт жанынан қатымхана салынуда. Бүгінгі таңға шатыры жабылып, іші сыланып, элктр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл да биыл ел игілігіне берілмек.
Тұрғындар таза ауыз су тұтынуда
Кеңес ауылдық округінде ауыз су құбыры бірқалыпты жұмыс істеп, тіршілік нәрі тоқтаусыз берілуде. Бұл маңға бейнекамералар орнатылып, үш күзетші жұмыс істеуде. Сондай-ақ ауыз су жүйесін күтіп ұстауға бөлінген 2 067,0 мың теңгенің жұмысын «Талас-Сервис» ЖШС 1 445,0 мың теңгеге ұтып алған. Көктемгі санитарлық тазалық жұмыстарына келсек, бұл бойынша екі айлық іс-шаралар жоспары бекітіліп, округке қарасты мекемелерге орындауға жолданған. Округ бойынша әр аптаның жұма, сенбі күндері өтетін тазалық жұмыстарына 150 адам тартылыпты. Бүгінгі таңға ауыл ішіндегі бағаналар, көрнекілік құралдар, қоршаулар сырланып, ағаштардың түптері мен бордюрлер толық әктелген. Округ бойынша ауыл ішінде 300 түп терек қаламшасы отырғызылса, ауыл сыртындағы 1 гектар жерге 1500 түп жеміс ағашы мен 3 000 түп терек қаламшалары отырғызылып, күл-қоқыстар шығарылды. Тазалық жұмыстары әлі де жалғасуда. Ауыл маңына жинақталған рұқсат етілмеген жерге төгілген күл-қоқыстарды шығаруға 1 358 мың теңге қарастырылып, бұл жұмысты «Қалымбетов» ЖК 750 мың теңгеге ұтып алған. Олар тазалау жұмыстарын толық атқарды.
Жолдар жаңаша кейіпке енуде
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр округтегі Смағұл Тойлыбайұлы, Есей Медетбек, Тыныштыбай Ахмеджанов (екінші жартысы), Биназар Ақеділұлы және Абай Құнанбаев көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Смағұл Тойлыбайұлы (ұзындығы – 1,18 км), Абай Құнанбаев (ұзындығы – 0,81км) көшелерін «Бюлдинг сервис компани» ЖШС 37,3 миллион теңгеге ұтып алған болатын. Алайда асфальт төсеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, 0,5 шақырым жол жабындысы төселмей қалған. Биыл жұмыс толық аяқтауы тиіс.
Бұған қоса Биназар көшесіне түнгі жарық орнату бойынша мемлекеттік сатып алу порталынан конкурстық тәсілмен «Қазақбай» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Қазір түнгі жарықтар толығымен орнатылып, көшелер самаладай жарқырауда.
Ауылішілік түнгі жарықты күтіп ұстауға аудандық бюджеттен 1 562 мың теңге бөлінген. Бұл жұмысты «Мерей» ЖК 834 мың теңгеге ұтып алып, орталық және Д.Итбасова көшелеріндегі ескі шамдардың орнына 41 дана заманауи шамдармен ауыстырды. «Қали» ЖК 383 мың теңгеге күтіп ұстау жұмыстарын атқаруда.
Құқық бұзушылықпен күрес күшеюде
Кеңес ауылдық округі әкімі аппаратында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары дайындалып, құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі күні Кеңес ауылдық округінің жергілікті полиция аға инспекторы, полиция майоры А.Абитаев тұрғындар тыныштығын жіті назарда ұстауда. Нәтижесінде, алты ай ішінде барлығы 51 хаттама толтырылған. Тиісінше, пробация бөлімшесінде есепте тұрған азаматтар жоқ. Ауыр және аса ауыр, мал ұрлау қылмыстары да тіркелмеген. Бұдан бөлек, білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәдениетін қалыптастыру бағытына арналған сынып сағаттары өткізілген.
Әрине, ауылда мәселелер де жоқ емес. Мәселен, округ клуб ғимараты жоқ. Соған байланысты жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынған, жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Жалпы Кеңес ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, тиімді экономикалық өсімді қалыптастыру бағытында жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Алдағы уақытта ауылдың ажары бұдан да айшықтала түсеріне сенім мол.
Құрмаш Қаптағай