Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кеңес отырысында жол картасындағы орындалмау қауіпі бар көрсеткіштер қаралды

0 760

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысына ZOOM платформасы арқылы партия аумақтық филиал атқарушы хатшылары, қала және аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары және бөлім басшылары қатысты.
Кеңес отырысында партия өңірлік Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасындағы орындалмау қауіпі бар көрсеткіштер және өңірде құрғақшылық туындаған кезде зардап шеккен шаруа қожалықтарын қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау туралы мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімдігінің ауыл шарушылығы басқармасының басшысы Е.Жиенқұлов және облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасының басшысы А.Сейсебаев баяндама жасады.
Е.Жиенқұлов өз сөзінде былтырғы қуаңшылықтың салдарынан өңірде табиғи шөп аз шығып, агроқұрлымдар жантақ және басқа да табиғи мал азығын дайындауға мәжбүр болғанын тілге тиек етті. Осыған орай, биыл шөп тапшылығын болдырмау мақсатында 3,8 мың гектарға артық көпжылдық шөп себіліпті. Бұдан өзге 33,2 мың гектарға көпжылдық шөп егу жоспарланса, бүгінгі күні 34,7 мың гектарға егілді.
– 2022-2023 жылдың мал қыстату науқанына дайындық барысында 216,1 мың гектар жаздық арпа, 17,6 мың гектар дәндік жүгері және сулы мал азығымен қамтамасыз ету үшін 4,4 мың гектар алқапқа сүрлемдік жүгері егілді. Алдағы уақытта қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, егінді ысырапсыз, мерзімінде жинау және мал азығы қорын дайындау жұмыстарын сапалы атқарылатын болады, – деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Кеңес отырысында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығына қатысты өңірдегі өзекті мәселелер де қозғалды. Оның ішінде, шаруа қожалықтарына 2022 жылы бөлінген субсидия мөлшері және оның жұмсалу есебі, егілген егістерді сақтандыру, минералды тыңайтқыш өнімдері бағасының өсуі және ауыл шаруашылығы мақсатында сумен қамтамасыз ету, өңірге кебектің төмендетілген бағамен берілуі мәселелер бар.
Кеңес отырысының қорытындысымен күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар ұсынымдар берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.