Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кардиохирургия орталығы – халықаралық сапа белгісінің иегері

0 1  821

Таяуда Тараздағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы медициналық ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі халықаралық біріккен комиссияның қызметін бағалаудан сәтті өтіп, JCI аккредиттеу сертификатына ие болды.

Joint Commission International (JCI), яғни біріккен халықаралық комиссия – медициналық ұйымдардың халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін бағалауды жүргізетін АҚШ-тың Чикаго қаласында құрылған үкіметтік емес ұйым. JCI сертификаты медициналық ұйымдардағы қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін объективті тануды анықтайтын алтын стандарт ретінде бағаланады.
Бұл аккредиттеу орталықтың бастамасымен жүргізілді. Орталық директоры Сейтхан Жошыбаев- тың айтуынша, барлық ұжым өзінің кәсіби деңгейін жетілдіру және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, кардиологиялық пациенттерді хирургиялық емдеудің инновациялық әдістерін әзірлеу және енгізу бойынша үздіксіз жұмыс істеуде.
– Науқасқа қамқорлық жасау – орталықтың басты міндеті. Мұндағы мақсатымыз – медициналық көмек көрсету сапасының халықаралық стандарттарына сай болу. Осы бағытта орталыққа үнемі жоғары талап қойып келеміз, – дейді профессор С.Жошыбаев.
JCI аккредиттеу клиниканы, сондай-ақ жалпы Қазақстанның денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз. Осы арқылы еліміздің азаматтары шет мемлекеттерге бармай-ақ, жоғары сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.
Қазақстанда барлығы 8 ұйымның JCI халықаралық аккредиттеу сертификаты бар. Аккредиттеу барысында дәрігер мен мейірбикелік күтімнен бастап ғимараттың қауіпсіздігіне, инфекциялық бақылауға, дәрі-дәрмектермен жұмыс істеуге, пациенттің құқықтарын сақтауға, ақпараттық қауіпсіздікке, жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге жан-жақты мән берілді. Бұл ең әуелі пациенттердің күтімі мен қауіпсіздігіне бағытталған.
Халықаралық біріккен комиссияның сарапшы- аудиторлары атқарылған жұмыстарды, өткізілетін іс-шаралардың тиімділігін, жалпы барлық стандарттардың сәйкестігін бағалап, екі жүз негізгі стандарт және мыңнан астам қосымша көрсеткіштер бойынша мекемеге жоғары баға беріп, оның әлеуеті зор, дәрігерлер мен медбикелердің кәсібилігі жоғары екенін растады.
Аталған сапа белгісі орталыққа әлемнің жетекші медициналық нысандардың қатарына кіруге мүмкіндік береді.
Аккредиттеу үш жылға беріледі. Әрі қарай медициналық мекеме қайта аккредиттеуден өтеді. Осы уақыт ішінде орталық барлық ережелер мен стандарттарға сәйкес жұмыс істейді.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.