Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Көзін бөтелкенің мойнымен езген»: Алматы прокуратурасының алдында пикет өткізгендер қамаудағы азаматтарды босатуды талап етті

0 182

Бүгін 16 ақпанда Алматы қалалық прокуратурасының алдына қаңтар айындағы оқиғалар кезінде ұсталып, тергеу абақтысында отырған азаматтардың туыстары жиналды. Олардың басты талабы – қамауда отырғандарды босат болды. Ғимарат алдына жиналған он шақты адамның арасында белсенді Дархан Уәлиевті шығаруды талап еткендер де бар. Олардың қолдарында «Бостандық талап етеміз», «Дархан лаңкес емес» деген жазулар болды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі  Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Сәрсенбі күні қалалық прокуратура алдына сағат 10:30-дан бастап адамдар жинала бастады. Бірі қолына ұлының, бірі күйеуінің суретін ұстап келген олар тергеуді әділ жүргізуді, қамауда отырған азаматтарды бостандыққа шығаруды талап етті.

«Көзін баклажканың мойнымен әбден езген»

Қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерге қатысты деген айыппен қамауда отырған Дархан Уәлиевтің әйелі Бұлбұл Бердіқожанова күйеуін арнайы жасақ өкілдері 10 қаңтар күні, мәйітхана алдынан ұстап әкеткенін айтады.

«Қаңтардың 10 күні ұстап алып кеткеннен полиция департаментіне апарып, аяусыз соққыға жыққан. Бірінші қабаттан кіргеннен бесінші қабатқа көтерілгенше әбден ұрған, деді өзі. Бесінші қабатқа шыққанда күйеуім, есінен танып қалған. Соған қарамастан оны электрошокермен тоқ соғып оятып, 11 сағат бойы қорлаған. Мұның барлығын маған өз аузымен айтып берді», – дейді әйелі.

Бердіқожанованың сөзінше, бұған дейін де қоғамдық көзқарасын ашық білдіріп жүрген Уәлиев бірнеше бап бойынша күдікке ілініп отыр. Әйелі қаңтар оқиғалары кезінде «халықты тыныштыққа шақырып, полицияны арашалап жүрген» азаматты қазір «қылмыскер» ретінде көрсетіп отыр деп ашынады.

«Күйеуімді «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды», «қарулы топпен шабуыл жасады» және «күш қолдану мен адамдарды заңсыз бостандығынан айырды» деп айыптап отыр. Оның барлығы ойдан шығарылған. Осының барлығын қосқанда менің күйеуім «лаңкес» болып шығайын деп тұр. Мұның барлығы қып-қызыл өтірік. Маған бір кісілер видеоларды жіберді. Ол әкімдік алдында болған оқиғалар кезінде (5 қаңтар күнгі – ред) ғимаратта тығылып отырған жас курсанттарды құтқаруға көмектескен. Бір ғана емес, бірнеше адамдарды шығаруға жәрдемдескен. Күйеуім елді тәртіпсіздікке емес, керісінше тыныштыққа шақырған», – дейді Бердіқожанова.

сот уким

Дархан Уәлиевке тағылған айып жазылған прокурордың шешімі

Қазіргі уақытта Бұлбұл Бердіқожанова күйеуінің қоғамдық қорғаушысы болып бекітілген. Күйеуімнің құқығын қорғау үшін, тергеу абақтысы мен үйдің арасын жол қылып алдым деген ол, қаңтар оқиғаларынан қайын ағасы қаза тапқанын айтады. Ал Дархан Уәлиевті қаңтардың 10 күні ағасының денесін алу үшін мәйітханаға барған күні ұстап алып кеткен көрінеді.

«Митингке шыққан бауыры 5 күні қайтыс болған екен. Біз оны алғашында білмедік. Қаңтардың 6-нан бастап телефонын алмай қойды. Үйінде де жоқ. Содан 10 қаңтар күні бір видеодан шекесінен оқ тиген адамды көреміз. Оның ағасына ұқсағанын көрген күйеуім бірден мәйітханаға барады. Бірақ сол жерде ішке кіргізбестен алып кеткен. Менің қолымда күйеуімнің қалай жаралы әскерилерді иығына салып, алаңнан шығарып жүргенін көруге болатын фотолар да видеолар да бар», – деп қосты белсендінің әйелі.

Бердіқожанова күйеуі тергеу абақтысында отырғанда әбден қорлық көргенін айтады. Күйеуінің денсаулығы мен жағдайына алаңдайтынын айтқан ол, көзі нашар көре бастағанын жеткізді.

«Алғаш ұсталғаннан кейін 10 күннен соң әрең жолықтырды. Сол кезде аяғы ақсаңдап, әзер жүріп келді. Әбден ұрғанын айтты. Көзі де нашар көреді. Себебі полицияда азаптағанымен қоса, оны жатқызып көзіне баклажканың мойнын әкеп, мыжып, көзін әбден езген. Сол себепті көру қабілеті күрт нашарлаған. Құжатты оқи алмайды. Сап-сау азаматтан мүгедек жасап тастады. Екі күн бұрын қоғамдық қорғаушысы ретінде тергеу изоляторына барған кезде оны ең шеттегі корпусқа тығып тастағанына куә болдық. Ол жерде тастай, суық. Ол да азаптауға жатады. Олар әлі күнге дейін азаптауды тоқтатқан жоқ. Күйеуімнің өміріне қауіп төніп тұр. Оны босатуды талап етемін», – дейді Бұлбұл Бердіқожанова.

Өзін Әбдиев Қонай деп таныстырған азаматта да Дархан Уәлиевті босатуды талап етіп келген. Оның айтуынша, ол Уәлиевпен алаңға бірге шыққан. Азамат қамауда отырған белсендінің ешқандай заң бұзушылыққа қатыспағанына және тәртіпсіздік жасауға арандатпағанына тірі куәмін дейді.

«Біз Дарханмен 5 қаңтар күні алаңға бірге шықтық. Қалалық әкімдікке келгеннен кейін түр-тұлғасы белгісіз азаматтар ғимаратқа шабуыл жасауды бастап кетті. Дархан екеуміз осы ғимараттағы әскерилерді шығаруға көмектесіп жүрдік. Оны сол маңдағы бейнебақылаулардан да көруге болады. Бұлардың айтуынша (полиция қызметкерлері – ред.) Дархан қару асынып келген. Оның қолында ешқандай қару болған жоқ. Мен тірі куәмін», – дейді Қонай.

«Жетімдердің жоғын жоқтап келдім»

Өзін Ұлғия Қалиғазин деп таныстырған әжей екі орыс жігіттерді қорғап келгенін айтады. Айтуынша, жастайынан жетім қалған жігіттерге полиция «ұрлық» бабымен айып тапқан.

«Өзім Семейден Алматыға келіп, «Алтын орда» базарында жұмыс жасаймын. Бұған дейін екі немеремді қамаудан босатқан. Енді екі жетім баланың жоғын жоқтап жүрмін. Екеуін ұрлықшы деп көрсеткен. Бұл балаларды мен кішкентайынан білемін. Олар Семейдегі балалар үйінде өскен. Өмір онсызда ата-анасынан айырып бір жылатқан балаларды, үкімет қаралап айып тағып, тағы жылатып отыр. Бірінің жасы 18-де, бірі 19-да. Аты-жөндері: Бабенко Александр мен Радченко Тимур», – дейді ол.

Туыстарының жазықсыз екенін айтып, оларды босатуды талап етіп келген тағы бір азамат ұлын 18 қаңтар күні жұмысынан алып кеткенін айтады. Ахмет Досқараевтың айтуынша, ұлы Убалиев Азаттың жасы небәрі 20-да. Жақында Словакияға оқуға түсіп, сонда барайын деп дайындалып жүрген дейді ол.

18 қаңтар күні жұмысынан алып кетті. Видеоға түскен деп. Ұлым Дарын онлайн платформасында жұмыс істейтін, онлайн сабақ беретін. Өзі жақында Словакияға оқуға түскен еді, бірақ коронавирустың күшейіп кеткенінен бар алмай қалған», – дейді Ахмет Досқараев.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде 5 қаңтарда алаң ортасына келіп, жиналғандарға қару таратқан ақ мәшиненің видеосы таралып кеткен еді. Соның ішінде Убалиев Азат болған. Бірақ әкесі ұлын қару ұстаған азаматтар осылай жасауға мәжбүрлегенін айтады.

Тергеу абақтысында отырған Убалиев Азаттың суреті.

«Қарумен бұларды қорқытып, қаруды дүкеннен алаңға апарыңдар деп мәжбүрлеген. Қаруды таратқаннан кейін бұлар қашып кеткен. Содан кейін осы видеоны көрдік деп, ұстап алып кетті. Көлік бірақ досының көлігі болған. Ұлыммен 24 күннен бері өткен жұмада кездестім. Балам жазықсыз екенін айтып отыр. Оған қазір «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылған. Балам өзін түрмеде ұрған жоқ дейді, бірақ айтуға қорқады ғой. Менің басты талабым – баламды босатсын деймін. Оның кінәсі жоқ», – дейді әкесі Досқараев.

Осыдан кейін ғимарат алдында біраз тұрған наразылар талаптарын айтып, арыздарын өткізу үшін прокуратура ішіне кірді. Алайда БАҚ өкілдерін есіктен ары өткізбеді.

Қалалық прокуратура да әлі ресми жауап берген жоқ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.