Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіби мереке қарсаңында

0 227

Жамбыл облыстық сотында БАҚ өкілдерінің мерекесіне орай салтанатты шара өтті.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Онда мемлекеттік биліктің сот тармағымен тығыз қарым-қатынаста болып, сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығына қосқан үлесі мен шығармашылық табыстары үшін өңірлік БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетілді. Мерекелік шараны облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммад Абидов жүргізіп, БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтап, олардың сот жүйесі жұмысын жариялаудағы орасан зор еңбегін атап өтіп, тындырымды еңбектері үшін алғысын білдірді.

– Қоғамда төртінші билік өкілдері деп лайықты аталып жүрген журналистердің төл мерекесінің билік өкілдері үшін де, жұртшылық үшін де маңызы зор. Мемлекеттік билік пен қалың бұқараның арасын жалғап, қоғамдағы оқиғаларды ел-жұрттың алдына шығарып, кең тыныс беретін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – журналистер ерекше мамандық иелері болып табылады. Болып жатқан оқиғаларды, тың деректі, соны жаңалықты ел құлағына жеткізуді кәсіби машығына айналдырған журналист қауымның ел өміріндегі мән-маңызын әркім де жоғары бағалайды. Сіздерге шабыт, үздіксіз шығармашылық ізденістер, жаңа идеяларыңыз бен жобаларыңыздың табысты іске асуын тілеймін, – деді.

Жиынға азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Ардақ Әкетаев, БАҚ-пен өзара байланысты үйлестіруші судьялар Ғалым Құлекеев, Лаззат Рамазанова, жергілікті БАҚ қызметкерлері, сондай-ақ аудандық соттардың үйлестіруші судьялары мен мемлекеттік қызметшілері қатысты. Алқа төрағасы Нұрмұхаммад Абидов «Jambyl» телеарнасының тілшісі Наимбек Багбановқа, облыстық «Знамя труда» газетінің бөлім меңгерушісі Көкен Оршабековке, «Aq jol» газетінің тілшісі Амангелді Әбілге, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Толғанай Атабайға және республикалық «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшілері Анастасия Сүлейманова мен Руслан Абдуалиевке Жамбыл облыстық сотының төрағасы Рүстем Мырзакәрімнің Алғыс хаттарын және бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.