Екі мың жылдық тарихи бар Тараз қаласы қойнауында құнды қазына мен есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен жәдігерлерді бүгіп жатқаны анық. Қанша археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатса да, көне ғасырдың қашан және қалай тұрғызылғанын тап басып ешкім айта алмауда. Аңыздар мен тарихи жазбаларға сүйенген ғалымдардың байламдары көбіне болжамға келеді. Сонда көпестер қаласы шынында қалай тұрғызылды? Тарихи қай дәуірден тамыр тартады? Дерек пен дәйектерді зерделеп көрсек…
Чжан Цзяньнің керуені – Чжичжидің қамалы
Тарихтың ақтаңдақ беттеріне көз салсақ, қала 2000 жылдың бедерінде көптеген қақтығыстар мен шайқастарды бастан өткерген. Небір құпия сыр мен таңғажайып махаббат хикаяларын жадында сақтаған. Ислам мәдениетінің талбесігін тербеткен. Орта ғасырдың ұлы ақындары Хафиз, Омар Хайям, Румидің шығармаларының арқауына айналған. Қаркөл, Түргеш, Қараханид сынды ірі тайпалардың астанасы болған.
Тараз Ұлы Жібек жолынан да бұрын пайда болған деген дерек бар. Мұны Қытай елі кітапханаларында сақталған жазбалар айғақтайды.
138 жылы аспан асты елінің алғашқы елшілігі Батысқа жол тартады. Ол керуенді император У Дидің ұлы ханзада Чжан Цзянь бастап шығады. Керуен Қытайдың орталығынан Орталық Азияға өтіп, Ұлы Жібек жолының негізін қалайды. Сол керуеннің жолы жайлы жазбада бүгінгі Қазақстан жері туралы да таңбаланып, Талас жағасындағы әсем қала туралы суреттеледі. Осыған қарап,Тараз қаласы Ұлы Жібек жолының қазығы қағылмай тұрып өмір сүрген деген байлам жасауға болатын секілді.
Тағы бір деректерде 46 жылы ғұндардың көсемі Чжичжи қаңлыларды үйсіндерге қарсы қою үшін одақ құрғаны туралы айтылады. Алайда одақ көп ұзамай ыдырап, Чжичжи әскерін Талас өзенінің баурайына апарып екі қорғаныс қабырғасы бар қамал тұрғызады. Алып қамал екі жыл ішінде 500 адамның маңдай терімен бой көтереді. Құрылыс аяқталғаннан кейін Чжичжи көршілеріне, оның ішінде өзінің ата жауы Қатай империясына қарсы қарақшылық шабуылдар жасай бастайды. Аспан асты елінің императоры өзіне төнген қауіптің бетін қайтару үшін әкерін Талас өзені бойындағы қамалға бағыттайды. Оған үйсіндер мен қаңлылар қосылып, қамалды қоршауға алып, сыртқы қабырғасын өртеп, ішкі бұзып кіреді. Бірлескен әскер Чжичжи мен оның 1 500-ден астам жақтастарының басын алады. Ал қарапайым тұрғындар құлдыққа беріледі.
Ғалымдар Чжичжидің қамалы Тараздың негізін қалаған құрылыс болды дегенді алға тартады. Алайда бұған бір ауыздан келіскен ғалымдардың байламы жоқ.
Құрылыс пен құю қолөнерінің өркениеті
Жалпы Тараздың 2000 жылдық тарихында шаһар талай оқиғаны бастан өткерген. Ғалымдар қаланы түгелімен су шайып кеткенін, аяусыз соғыстардан тұтастай қирап қалғанын, сондай-ақ мамыражай бейбіт те дәулетті күндерді бастан кешіргенін айтады. Осындай деректердің біріне сүйенсек, түрік қағаны Дизабул 568 жылы Византияның стратегі Земарх бастаған II Юстинианның елшілерін Тараз қаласында қабылдаған. Олар ежелгі қалада жауларына қарсы әскери одақ құру, жібек саудасы сынды маңызды мәмілелер жасаған. Осылайша Тараз Ұлы Жібек жолы бойындағы стратегиялық қала саналған.
Таразға ғасырлар бедерінде әлемнің түкпір-түкпірінен саудагерлер ағылып жатты. Ал Талас өзені жағасында шебер жібек тоқушылар еңбек етті. Шежірешілердің айтуынша, олардың жібегі алтынмен өрілген қытай және үнді өрнектерінен, тіпті Византия бұйымдарынан кем түспеген. Керуен саудасы кезінде зергерлік өнері де жоғарғы деңгейге жеткен. Құрылыс пен құю қолөнері бойынша Тараз шеберлеріне тең келер ешкім болмаған.
Қала өзінің ең жоғарғы өркендеу деңгейіне Х-ХІІ ғасырларда, яғни қараханидтер Таразды өзінің астанасы еткен кезде қол жеткізеді. Балшықтан құйылған су құбырларының керемет желісі, архитектуралық құрылыстардың қалдықтары, кірпішпен қаланған көшелер, сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде табылған шеберлердің көптеген жұмыстары – ежелгі қаланың ұлылығының куәсі.
Қарахандықтар Ислам дінін бірінші болып қабылдағаны тарихтан белгілі. 2006 жылы Қарахан кесенесі маңынан табылған Х ғасырда салынған алғашқы мешіт бабадан балаға жеткен мұраның көзіндей болып тұр. Бұл кез келген басқа ғимарат емес, мешіт екенін ғалымдар дәлелдеді. Мұны араб үлгісі бойынша салынған бағаналар және михрабтың батысына қарағанынан-ақ түсінуге болады. Дегенмен мешіт болғанға дейін тарихшылар бұл христиан, дәлірек айтқанда, несториан ғибадатханасы болды деп есептейді. Оны VI-VII ғасырларда тұрғызған. Кейін іргетастың үстіне Ислам ғибадатханасы тұрғызылған.
Бүгінде ғалымдар бұл мешітті бір ауыздан «Саманид билеушісі Исмаил ибн Ахмед салды» деген шешімге келіп отыр. Ол 893 жылы қаланы басып алып, жергілікті халықты Исламға бет бұрғызған. Бүгінде қалпына келтірілген нысан Тараз қаласы аумағындағы ашық аспан астындағы мұражайда туристердің көз қуанышына айналуда.
Тараз дегенде, Қарахан мен Айша бибі еске түсетіндігі де белгілі. Мәңгілік махаббат музасына айналған ғашықтар жайлы аңыз да, әпсана да көп. Бір таңғаларлығы, ғашықтардың кесенелері бір-бірінен 12 шақырым қашықтықта орналасса да, күннің соңғы сәулесі екеуіне бірдей түседі.
Дәл сондай Тектұрмас кесенесіне қатысты да ел ішінде аңыз көп. Ол айтылып та, жазылып та жүр. Алайда ғалымдарды бір тығырықта тірейтіні – Тектұрмас кесенесінің маңынан өтіп бара жатқан жолаушы сәл аялдап барып жүрмесе, өзін жайсыз сезініп, бойын алабөтен сезім билейтіндігі. Мұны кейін ғалымдар Тектұрмас кесенесінің дәл төбесіндегі биіктіктен меридиан сызығы өтетіндігімен байланыстырды. Таңғы намаз кезінде осы жерден ерекше әуендер де естуге болады. Сондай-ақ кесененің іргетасының астында Ақыртасқа, Түркістанға, тіпті Меккеге апаратын жерасты жолы бар деген де аңызбен астасқан дерек бар. Алайда үңгірдің аузы жабылып, ол мемлекеттік қорғауға алынғаннан бері оның ақиқатына ешкім жете алмауда.
«Алтын ғасыр» дәуірі
Тараз үшін «алтын ғасыр» дәуірі қараханидтер билеген X-XI ғасыр саналады. Одан кейін көне қала басынан бірнеше қирауды өткерді. 1220 жылы Тараз қаласы Шыңғысхан әскерлерімен қоршалып, іргетасына дейін қиратылды. Тек XVIII ғасырдың соңында ғана оның қираған орнында өмір қайта жанданды. Бекініс тұрғызылып, жаңа қала бой көтерді.
2000 жылдық тарихта Тараздың атауы да бірнеше рет ауыстырылды. XIX ғасырдың басында қаланы Наманған-көше десе, сол ғасырдың соңында Әулие-Ата деп атаған. Ал XX ғасырдың ұрпағына қала Жамбыл атымен танымал. Алайда 1936-1938 жылдар шаһар Тараз, сондай-ақ Мирзоян деп аталды. Ақырында, 1997 жылы қалаға оның тарихи атауы Тараз қайтарылды.
«Шаһардың тарихи атауы неге Тараз?» деген сауал да көпшілік арасында көп туындайды. Бір нұсқада арабтар жерді осылай атаған. Тіл ерекшелігіне байланысты «Талас» сөзі кейіннен «Тараз» болып дыбысталып кеткен. Басқа бір нұсқаға сүйенсек, Тараз қазақ тіліндегі «таразы» сөзінен туындаған. Қала Ұлы Жібек жолы бойындағы үлкен сауда орны болғандықтан, оны сауданың өлшемі саналған «таразы» құралымен үндестіріп атап кетті дейтін де дерек бар.
Иә, «Тараз» сөзі нені білдірсе де, анығы, бүгінгі таңда Қазақстан қалаларының тарихи мұрасы тұрғысынан ең көне және ең бай қалаларының бірі саналады. Көне шаһар сонысымен де құнды.
Тарихи Тараз әлі талай құнды жәдігерлері мен археологиялық қазба байлықтарымен төрткүл әлемге танылады деп сенеміз.
Саян Тілеужан