Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көпбалалы отбасы баспаналы болды

0 2  109

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй» салу жобасы өңірдегі қаншама баспанаға мұқтаж отбасына қуаныш сыйлады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі. Ауылдан түлеп ұшқан азматтар игі іске қолдау танытып, демеушілік көмектерін көрсетуде.

Ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде ауданымызда ел бірлігінің көрінісі саналатып қазақтың «Асар» дәстүрі қайта жаңғырып, игі бастама сәтімен жүзеге асырылып келеді. Жалпы, аудан көлемінде өткен жылы 8 ауылдық округте көпшіліктің көмегімен тұрғын үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілсе, биылғы жылға 6 ауылда тағы 8 үй салу жоспарланған болатын.

Жыл басынан бері Есейхан, Қожағаппар ауылындағы отбасылар жобаның игілігін көріп, баспаналы болып үлгерді. Дәл осындай баспаналы болу бақыты бүгін Ақкөл ауылының тұрғыны Кәмшат Нұрбековаға да бұйырды. Кәмшат Дүйсенқызы 6 баланы тәрбиелеп отырған, аяулы ана. Бар мейірімін балаларына арнаған ана мен 6 баланың алаңсыз өсуін ойлаған ауылдан қанаттанған азаматтар ортадан қаражат шығарып, үй тұрғызып беруді ұйғарыпты.

Қоныс той қуанышына аудан әкімі Қанатбек Мәдібек қатысып, ізгі тілегін білдірді.
– Ақкөл ауылы үшін биылғы жыл табысты болмақ. Өйткені, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Қазірдің өзінде округте дене шынықтыру – сауықтыру кешені мен ауылішілік көшелердің құрылыстары басталып кетті. Сондай-ақ, мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
– Бүгін де ауылда үлкен қуаныш. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тағы бір отбасы баспаналы болды. Ат салысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы қайырымды істің қасында жүрген бірқатар кәсіпкерлерге Алғыс хаттарды тапсырды.

Сонымен қатар, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев қуанышқа орай жылы лебізін арнап, Кәмшат Дүйсенқызына жаңа баспананың кілтін ұсынды. Өз кезегінде ауылдан шыққан кәсіпкерлер көпбалалы анаға үй жиһаздардын тарту етіп, елге ортақ қуанышты еселеді.

Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.