Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Көп қысым, арандатушылық болған»: Алматы облысында суицид жасаған мектеп директорының өлімі туралы не белгілі

0 514

Алматы облысында өзіне қол салған директордың қазасына мектеп ұжымы шаруашылық жөніндегі орынбасарды айыптап жатыр. Үлкен Ақсу ауылындағы мектеп мұғалімдерінің айтуынша, Марат Мұхамедов келгелі білім ошағының берекесі кеткен, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Үздіксіз қоқан-лоқы мен шағымдардың соңы суицидпен аяқталды дейді ұжымдастары. 46 жастағы директор қорасына барып асылып қалған. Қайғылы жағдайдан кейін арнайы комиссия құрылып, мұғалімдердің шағымы бойынша қазір қызметтік тексеріс басталды. Үлкен Ақсу ауылындағы оқу жылы үлкен шумен басталды. Бір жарым жыл онлайн оқудан кейін мектепке оқушылардың оралып азан-қазан болғаны күні кеше еді. Мектептегі мерекелік көңіл күйді директордың қазасы су сепкендей басты. 46 жастағы Азизжан Дараев өз үйінің қорасында асылып қалған. Білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен басшының артында аңырап анасы мен жұбайы және үш ұлы қалды.

Марқұмның жұбайы Румила Зулярова күйеуі өзіне ештеңе айтпағанын айтады.

“Тек ұжымы мен жұрт келіп айтып жатыр. Мен түсінбей қалдым. Алдын ала білген болсам, үш ұлымның әкесін өлімге қалай қияр едім”, – дейді ол.

Марқұмның жақындары ауыл-аймаққа абыройлы азаматтың өзіне қол жұмсауына мектептегі жанжал түрткі болды деген сенімде.

Ағасы Асыл Сәдірдинұлы А.Дараевқа көп қысым болғанын алға тартады.

“Арандатушылық болған. Оны біз кейіннен естіп отырмыз. Олбекерден-бекер өлімге баратын жігіт емес. Он шақты жігіт қоршап алып ұрса да өлмейтін жігіт еді. Соған жеткізген. Итермелеген. Мектеп басшысының өлімі ұжымын да түгел есеңгіретіп тастаған”, – дейді ол.

Мұғалімдер қайғылы жағдайға директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары кінәлі деп отыр. Ұлардай шулаған ұстаздар Марат Мұхамедов жұмысқа келгелі білім ошағының басшысына маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткенін жеткізді. Одан қалса директорға қарамағындағы қызметкерлерді қарсы қойып, оның үстінен шағымды қарша боратыпты-мыс.

Фарида Нұрахунова, мұғалім: “Осы кісі жұмысқа орналасқалы ұжымның берекесі қашты. Ауданнан комиссия мектепке жиі келетін болды. Ол мектеп директорының үстінен арыз жазып, кәсіподақ өкілдерін көп шақыратын. Директор оны жұмыстан шығарып жіберді. Бірақ ол мені заңсыз қуды деп сотқа жүгінді. Прокуратураға жазды. Директордың жүйкесін жұқартты. Басшымыздың суицидке баруына да сол адамның қатысы бар”.

“Директорды суицидке апарған – сол. Мен бірінші қабатты жуамын. Директордың кабинетінде күнде айқай-шу. Кінәлі. Соған апарды. Бір жылдан асты, стресте жүрміз. Ол біздің сабынымыз бар ма, қалай жұмыс істеп жатырмыз, ештеңеге бас қатырмайды”, – дейді еден жуушыЖәмилә Омарова.

Шаруашылыққа жауапты азамат арызбен ғана шектелмеген сыңайлы. Мұны оның тікелей қарамағында істеген жұмысшылары жамырай айтты. Алды тіпті сотқа да жүгінген екен.



“Кіргенде маған тиісті. Тиіскенде жаныма келіп, сипалап, сүйгелі жатыр. Мен итеріп, кабинетіме шығып кеттім. Мен жалғызбасты әйел болған соң, маған тиіскен шығар деп көңіліме алмадым. Бірақ ол басқа қыздарға тиіскенін жиналыста білдім. Сотта дәлел жоқ деп, мен өзімді ақтай алмадым” – дейді еден жуушы Надим Илахунова.

Ал Марат Мұхамедов өзіне шаң жуытпады. Айтуынша, тағылған айыптардың барлығы негізсіз. Жұмыстан да заңсыз қуылғанын сотта дәлелдеп қайта келіпті.

“Ешкімге тиіскен жоқпын. Адал еңбек еттім. Бұл қызметкерлерге бөгет болдым ба, білмеймін. Сосын олар маған жала жапты. Суицидті бір Құдай біледі. Мүмкін директордың отбасында жанжал болған шығар. Екеуміздің арамызда ешқандай кикілжің болған емес”, – дейді мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Марат Мұхамедов.

“10 маусым күні қайта қабылданған. 26 тамызға дейін денсаулығына байланысты демалыста болды бұл кісі. Осы оқиғадан кейін мен директордың уақытша міндетін атқаратын адамды тағайындадым. Осы кісіге бізге қайтадан арыз түсті. Сондықтан бұйрық шығарып, шаруашылық жөніндегі орынбасары ретіндегі жұмыстарының барлығын қабылдап алып жатырмыз”, –дейді Ұйғыр ауданы білім бөлімінің басшысы Әділжан Әшіров.

Ауданда мектеп директорының өліміне қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталған. Суицидке қатысты қазір полиция қылмыстық іс те қозғаған. Ал Марат Мұхамедов жұмысынан уақытша шеттетілді. Алайда ұстаздар бұл қызметкер жұмыстан қуылмаса, арыз-шағымымызды білім министрлігіне жолдаймыз деп бекініп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.