Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көктей бер, көгере түс!

0 353

Қайырымдылық – адам бойындағы игі қасиеттердің бірі. 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен Төле би көшесіндегі №4 және №8 жатақханада тұратын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті үлестірілді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Игі іске қаланың тыныс-тіршілігінен, әлеуметтік жағдайынан хабары бар 50 ерікті тартылып, 200 отбасыға азық-түлік жеткізді. Сондай-ақ осы күні кәсіпкерлердің қолдауымен «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің аз қамтылған 142 отбасына да азық-түлік себеті үлестірілді. Қала тұрғындары қайырымдылық жасауға мұрындық болған әкімдік пен кәсіпкерлерге, сондай-ақ еріктілерге алғысын айтты.

Мерекелік шара аясында өңірде «30 жылдыққа – 30 мың ағаш» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында қала көшелеріне 1000 түп ағаш отырғызылды. Сауапты іске жұмылған зиялы қауым өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің белсенділері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ қала жастары көктемнің алғашқы күнінен-ақ құрал-сайманын сайлап, игі іске кірісіп кетті.

Осы ретте біз де қала аумағындағы ағаш отырғызылып жатқан бірнеше көшеге барып, жұмыс барысын бақылап қайтқан едік. Әуелі бағытты қалалық көпбейінді балалар ауруханасына бұрдық. Мекеме ауласына 76 түп ағаш отырғызылыпты. Ал Әл-Фараби көшесінің бойына жиылған жұртшылық 48 боз арша, 21 қарағай және 7 шырша отырғызған екен.

Қала көшелері мен бірнеше мекеменің маңына ағаш отырғызған тұрғындар акцияның маңызына тоқталып, табиғат туралы естіген-білген әңгімелерін айтып, тарқасып жатты. Иә, табиғатты қорғау – ортақ міндетіміз. Сондықтан көктемнің алғашқы күндерінде ұйымшылдықпен атқарылған жұмысты бас бармақпен бағалауға болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.