Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үйлесімді жұмыс бар

0 425

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Кездесуде ҮЕҰ тарапынан кезең-кезеңімен атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Сәндібек Піренов

Жиынды ашып, жүргізіп отырған қала әкімі, алдымен елде індет тараған тұста барынша қолдау көрсеткен ұйымдарға алғыс білдірді.

Әділет департаментінің мәліметіне сүйенсек, қала бойынша 569 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның 411-і қоғамдық бірлестіктер 130-ы қоғамдық қорлар және 28 заңды тұлғалар бірлестігі бар. Сол үшін де жыл сайын жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында байланысты нығайту мақсатында қаржылай қолдау көрсетіледі. Мәселен былтыр осы бағыттағы жұмыстарды нығайтуға бюджеттен 204 млн 293 мың теңге бөлінсе, 2020 жылы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында 17 жобаны жүзеге асыру көзделіп, 252 млн 817 мың теңге қаржы бөлінген. Мұның ішінде азаматтардың денсаулығын сақтау, жастар саясаты мен өзге де салалар бойынша жұмыстар жүргізілген. Нақтырақ айтсақ, қазірде ішкі саясат бөлім 5 жоба, қалалық білім бөлімі 1, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша 6 жоба, жастар ресурстық орталығы арқылы бес жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы қала әкімі Айтқазы Қарбалаев, мұның барлығы да тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар екенін айтты.

– Бүгінгі жиналыстың басты мақсаты–үкіметтік емес ұйымдарда шешімін таппаған мәселелерді ортаға салып, ашық әңгіме құру. Биыл аулаларды абаттандыру бойынша 163 жоба қолға алынса, қазірде жұмысы бітпеген 10 аула қалып отыр. Бірақ солардың өзінде жұмыстардың 70-80 пайызы аяқталды. «Қыстың қамын жазда ойлаған дұрыс». Тіпті, күннің күрт сууы да ескерту. Сол үшін де барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтау қажет. Қала бойынша 94 көше жөнделуде. Оның 62-сі аяқталды. Төрт көшенің жаяу жүргіншілер жолы жөнделді. Жалпы жол мәселесіне келгенде, қиындық туғызған Әйтеке би мен Әйтиев көшесінің қиылысы болатын. Себебі тұрғындар тарапынан өтініштер түсті. Неге десеңіздер, құрылыс компанияларының 24 сағат жұмыс істеуге мүмкіндігі болды. Бірақ қараңғы түскенде жұмыстар тоқтап қалды. Енді мөлтек аудандардағы жылу жүйелері де кезең-кезеңімен қосылмақ. Ауыз су жүйесі бойынша да жұмыстар жалғасуда. Мөлтек аудандардағы тозығы жеткен құбырлардың жаңартылуына байланысты кейбір көшелерде асфальт төсеу тоқтап тұр. Бұдан бөлек те атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті,–деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Жиын барысында қала әкіміне бірқатар сұрақ қойылды. Сәйкесінше, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мәдени-сауықтыру орындарының құрылысы ерекше жандарға қолжетімсіздігі туралы мәселе жан-жақты сараланды. «Мүгедек жастардың қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйгерім Дәулетбаева пандустардың стандартқа сай еместігін баса айтты. Сондай-ақ облыстық «Азаматтық альянс ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев қала бойынша ерекше жандарға арналған ИНВА-таксидің жетіспейтінін тілге тиек етті.

Жиынды қорытындылаған Айтқазы Қарабалаев, қаланың даму жолында әлеуметтік мәселелердің басты орында тұратынын, көтерілген мәселелер жерде қалмайтынын айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.