Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үйірмелердің балаға берері мол

0 278

Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге қатыстырады. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше.

Бүгінгі таңда қала мәдениетін дамыту, тәуелсіз еліміздің жаңа буын өкілдерін сұраныс деңгейіне көтеру, қала көлеміндегі көркемөнерпаздар ұжымдарын насихаттау және қаламыздың мәдени-рухани жаңаруына сүбелі үлес қосу міндеті жолға қойылған. Ұлттық дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, талантты жастардың өнерін қолдау, дамыту үйірме жұмысының басты міндеті саналады. Қалалық мәдениет үйінде тұрғындар сұранысына сай түрлі бағытта балаларға және жастарға арналған 10 үйірме ашылып, оған 130 адам қамтылған. Олар – вокал, би, көркемсурет, домбыра, сахна тілі, драма секілді үйірмелер.
Мәдениет үйінің үйірме жұмыстарының жеткілікті деңгейде жолға қойылғанының мысалы ретінде көптеген үйірмелердің қатысушылары облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі байқауларда бақ сынап, үздік атанып жүргенін айтуға болады. Айталық, көркемсурет үйірмесінің тәлім алушылары әрдайым облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленсе, вокал, би үйірмелерінің қатысушылары халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр.
Бала тәрбиесі – баршаға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылу, парасаттылық пен байсалдылық керек. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың игі дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениет тарихын, ұлы ойшыл-педагогтардың еңбектерін оқып, жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып келер буынға дұрыс тәрбие-тағылым беру мүмкін емес. Себебі, өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу, Л.Толстой айтқандай, айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп шатасумен пара-пар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – бұл қазіргі таңда өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Лесхан Алпысбай,
Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық
мәдениет үйінің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.