Қалалық қоғамдық-саяси газет

Байзақтағы қос қуаныш

0 283

Байзақ ауданының Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Жібек жолы ауылында балалар саябағы мен шағын футбол алаңшасы пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков қатысып, көпшілікті қуанышымен құттықтады. Дулат Бекбосынұлы өз сөзінде балалардың бос уақытын тиімді өткізу, жаппай спортты дамыту мақсатында ел игілігіне берілген спорт алаңы ауыл халқының бірлігі мен ынтымағын көрсетіп отырғанын, осы өлкеден ертеңгі күні елімізге танымал даңқты спортшылар шығатынын жеткізді.
Шағын футбол алаңшасына жергілікті бюджет есебінен 7,5 миллион теңге қаражат бөлініп, жас жеткіншектерге тарту ретінде ұсынылды.
Ауыл азаматтары бірігіп соққан «Жібек жолы» саябағы да көркімен көз тартады. Мұнда балалар ғана емес, үлкендердің де демалып, серуендеуіне барлық жағдай жасалған. Бұл да ауыл азаматтарының туған ауылына жасаған тартуы.
Өз кезегінде Жібек жолы ауылының ардагерлері – Қалдыбек Мейірбеков пен Бейсен Жүзгенбаев та айтулы шараның маңыздылығына тоқтала келе, ауыл жастарына, мердігер «Мүгедек» Арқалық қалалық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне алғыстарын білдірді.
Спорт алаңшасы мен балалар саябағының лентасын аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен ауыл қариясы Бейсен Жүзгенбаев қиды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашқан соң көп ұзамай футбол алаңшасындағы ең бірінші ойын да басталып кетті. Көптен бері осындай ойынды асыға күткен жанкүйерлері футболшы жастарға қолдау білдіріп отырды. Шара соңында көпшілікке ас беріліп, әруақтарға құран бағышталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.