Жамбылская областная общественно-политическая газета

Әйелмен әлем әдемі

0 17

Тараз қаласында «Әйелмен әлем әдемі» атты сұлулық байқау- фестивалі өтті. «Анаға тағзым» орталығы мен «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының бірлесуімен ұйымдастырылған шара көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Байқаудың ашылу рәсімінде сөз алған «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы басшысының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова қатысушыларға жүрекжарды тілегін білдіріп, сәттілік тіледі.
Фестивальдің басты мақсаты – орталық жанындағы кәсіптік курстарды тәмамдап, еңбек нарығында өз орнын табуға ұмтылған қыз-келіншектердің кәсіби шеберлігін шыңдау, олардың еңбегін елге таныту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған, көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету де шараның маңызды бағыты болды.
Байқау «Бет әрлеу шебері» және «Тырнақ әрлеу шебері» курстарын аяқтаған қатысушылар арасында өтті. Олар өз өнерлерін ортаға салып қана қоймай, орталықтың сүйемелдеуіндегі аналардың бетін әрлеп, тырнақтарын сәндеп, олардың жүздеріне күлкі сыйлады.
Байқауға білікті мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Олар қатысушылардың кәсіби деңгейін, шығармашылық көзқарасын және орындау шеберлігін жан-жақты бағалады. Практикалық кезеңде ұсынылған жұмыстар ерекше назарға алынып, қорытынды бөлімде модель-аналар қызыл кілеммен жүріп өтті. Бұл сәт шараның шарықтау шегіне айналды.
Шара соңында орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали фестивальдің әлеуметтік маңызын атап өтіп, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
– Біз мұндай шараны әр курсты тамамдап, сертификаттарын алған арулардың арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырамыз. Қазіргі уақытқа дейін орталықта 1 448 қыз-келіншек біліктілігін артырып, сертификатқа ие болды. Осының арқасында қаншама ана өз жолдарын тауып, кәсіп бастады. Осы орайда сіздердің де алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін. Әйел бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді. Біз мықты болсақ, келешегімізде мықты болмақ, – деді Эльмира Иниятқызы.
Тартысқа толы байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ал модель ретінде қатысқан аналарға ерекше сый – қолөнер туындысы «Фермуар» сөмкелері табыс етілді.
– Мен өткен жылдан бері орталықтағы бірнеше курсты тәмамдап, сертификат алдым. Бүгінгі байқауда тырнақ әрлеу бойынша жүлделі І орынды иелену – мен үшін үлкен жетістік. Осы орталықта алған білімнің арқасында бүгінде жеке кәсібімді ашып, сұлулық салонында тырнақ әрлеуші болып жұмыс істеп жатырмын, – дейді Алсу Бердіғалиева.
«Әйелмен әлем әдемі» фестивалі – әйелдің қоғамдағы рөлін айқындап, ананың мәртебесін асқақтатқан, мейірім мен сұлулықты ұштастырған тағылымды әрі мәні терең шара ретінде көпшіліктің жадында қалды.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.