Қалалық қоғамдық-саяси газет

Интернет алаяқтықтан сақтан

0 182

Замана көші алға ілгерілеген сайын адамды алдаусыратып кетудің түрлі айласы табылып жатыр. Әу бастан діни манипуляция мен түрлі фейк ақпараттардан зәрезап болған әлеумет бүгінде интернет алаяқтардан да ұдайы жапа шегетін болған.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Замана көші алға ілгерілеген сайын адамды алдаусыратып кетудің түрлі айласы табылып жатыр. Әу бастан діни манипуляция мен түрлі фейк ақпараттардан зәрезап болған әлеумет бүгінде интернет алаяқтардан да ұдайы жапа шегетін болған.

Өміріміз күн санап емес, сәт санап жеңілдеп келеді. Тірлігімізді бір тетікті басу арқылы тындырып тастап, қарап отырамыз. Бірақ бір жақсының жанына бір жаманның ілесіп жүретіні қай кезден-ақ бар құбылыс. Жаңа игіліктермен қатар келген кесапатты «интернет алаяқтық» деп атаймыз. Айдың күні аманында атыңыздан біреу несие алса, төлем картаңыздан жөнсіз ақша жымқырылса, әлеуметтік желі арқылы белгісіз біреулер сіздің аккаунтыңыздан қарызға ақша сұраса, мұның бәрі «интернет алаяқтық» санатындағы қылмыстар қатарын толықтырады.

Қазіргі таңда Жамбыл облысының аумағында мұндай сипаттағы 155 қылмыс тіркелген. Оның 90-ы ашылып, қылмыскерлер лайықты жазаларын алған. Алаяқтардың дені интернет порталдарда жасалатын сауда арқылы, қаржы көлемін ұлғайту механизмдері арқылы өз айлаларын асырған.

Күні кеше ғана өңірде осындай жағдай орын алды. Бірнеше азаматтың арыздары бойынша Тараз қаласының тұрғынына қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағында көрсетілген қылмыс жасағаны үшін сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізілген. Тараз қаласының тұрғыны 2019 жылдың қыркүйек айында «Instagram» әлеуметтік желісінде «Золото-585» жалған парақшасын ашып, алтын сататын бұйымдарының жоқтығына қарамастан, 2020 жылдың наурыз айына дейін оған түрлі бұйымдардың жалған суретін жариялап, жеңілдіктермен арзан бағада сатылатынын көрсеткен. Осыдан кейін ол өзінің «KaspiGold» есеп шотына Тараз, Шымкент, Түркістан, Алматы қалаларының тұрғындарынан ақшалай қаражат аудартып алып, кейіннен оларды қара тізімге енгізіп, шектеме қойып, алдап-соғып, қаржыларын иемденген.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу барысында, тергеушілермен қылмыс жасаған адамның әрекеттері әшкерленіп, оның кінәсі толықтай дәлелденді. Тараз қалалық №2 сотының үкімімен, ақпараттық жүйе пайдаланушыларын алдап, немесе, сенімін теріс пайдалану жолымен, бірнеше облыс тұрғындарының мүлкін жымқыру әрекетін бірнеше рет жасағаны үшін 30 жастағы әйел сотталды.

– Мысалы, Instagram әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджерін қолданатын алаяқтар биржалық сауда-саттыққа қатысу арқылы немесе букмекерлік кеңседегі мөлшерлемелерге салынған ақша қаражатының ұлғаюы туралы хабарландырулар орналастырады. Осы ұсынысқа қызығушылық танытқан жәбірленуші жарнама иесімен байланысады. Зиянкес өз клиентінің сеніміне кіріп, олардың жобасына ақша салуды талап етеді. Көп жағдайда төлемді QIWI-әмиян арқылы немесе өзге де электрондық төлем жүйелері арқылы жүргізу ұсынылады. Ақшаны алғаннан кейін, алаяқ жәбірленушімен байланысты үзеді немесе оған салынған қаражат жоғалғанын және ұтысты алу үшін тағы да ақша салу керектігін хабарлайды, – дейді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал анығында әккі айлакерлер өз құрығына көбінесе кішігірім кәсібі бар, төлемді карта арқылы қабылдайтын бизнес иелерін түсіреді. Қазір еліміздегі әр банктің ұялы телефонға арналған «интернет банкинг» қызметі бар. Қылмыскерлердің нысанасы да осы қосымша. Жеке мәліметтерді, төлем карталарының реквизиттерін, телефон арқылы код пен құпиясөзді заңсыз жинауға байланысты оқиғалардың көбейгенін күнделікті естіп жүрміз. Алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып шот арқылы операциялар жүргізу үшін жеке мәліметтерді алуға тырысады.

Бұдан бөлек, алаяқтықтың ең көп тараған түрлерінің қатарына психологиялық әсер беру, компьютерлік вирустар, скимминг, банк картасын алмастыру, фишингті жатқызуға болады. Жеке-жеке тоқталар болсақ, психологиялық әсер арқылы алаяқ өз құрбанына техникалық құралдардың көмегінсіз, психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Алданып отырған адам өзінің құпия деректерін беріп қойғанын байқамай қалады.

Мысалға, «интернет банкинг» жүйесінен келетін бір реттік SMS парольді, я болмаса «Интернет банкингке» кіретін логин мен парольді ойланбай бере салады. Кейде адамдар төлем карталарының деректерін де: картаның 16 таңбалық нөмірін, картаның қызмет ету мерзімін, картаның артқы жағында жазылған CVV2/CVC қауіпсіздік кодын айтып қояды. Құпия деректерді алған ұры санкцияланбаған операцияларды, яғни өз картасына ақша аударып, интернет арқылы қызметтер мен тауарларға төлем жасап, телефон нөмірінің балансын да толтыра алады.

Мысалға, тауар сатылады деген хабарлама бойынша өзін клиент ретінде таныстырып, сатушыға хабарласады. Сосын тауарға төлем жасау үшін картаның нөмірін сұрайды. Сатушы карта нөмірін берген соң, қылмыскер «Интернет банкинг» жүйесіне қосылып алады да, телефон нөміріне келген бір реттік паролі бар SMS-хабарламаны білуге көшеді. Ол төлемді толық аяқтау үшін SMS-код керек деген желеу айтып, басқа дүниелермен сатушының басын қатырып, парольді біліп алады. Оны білген соң картадағы бар ақшаны еркін пайдалана алады.

Сондай-ақ, ең қауіптілерінің бірі – компьютерлік вирустар. Алаяқтар адамдардың электронды пошталарына қауіпті бағдарламаны немесе зиянды сілтемелерді тіркеп, хабарлама таратады. Хабарлама жөнелтілетін электронды мекенжайдың атауын банктің электронды мекенжайының атауымен ауыстырып жіберуі мүмкін. Ойында ештеңе жоқ адам банктен хат келді деп қабылдап, хатқа тіркелген файлды ашқанда я болмаса сілтемені басқанда компьютер немесе смартфонға вирус кіріп, алаяқтар құпия ақпаратқа кіруге мүмкіндік алады.

Алаяқтар банкомат арқылы да ұрлық жасайды. Мұны скимминг деп атайды. Ол – банкоматқа карта салатын жердегі деректі «оқитын» құралдың көмегімен төлем картасының магниттік жолағынан ақша ұрлау. Яғни, картаны салған кезде оның деректерін көшіріп алады. Сосын ол арқылы алаяқтар жалған карта жасап алады. Бірақ жасанды картаны қолдану үшін де оның ПИН-коды керек. Сондықтан ұрылар банкоматтың клавиатурасына бағытталған шағын видеокамераларды, кейде енгізілген ПИН-кодты есте сақтап қалатын жалған клавиатураны да орнатып қояды. Содан кейін жалған картаны емін-еркін пайдаланады.

Қылмыскерлер клиенттің төлем картасын басқасына алмастыру арқылы да қаржыны қолды етеді. Ол өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, банкоматтан ақша алып жатқанда, клиентке көмек көрсетеді. Сол сәтте алаяқ клиенттің терген ПИН-кодын жаттап алады, сөйтіп білдірмей басқа картаны ұстатып жібереді. Содан кейін клиентке банкомат жұмыс істемей тұр дейді.

Ал, клиент картаның алмастырылғанына мән бермей, басқа банкомат іздеп кетеді. Ал, қылмыскер сол сәтте-ақ картадағы бар ақшаны шығарып алады. Алаяқтар мұндай жолмен көбіне кәрі жастағы адамдарды алдайды.

Интернет арқылы алдаудың тағы бір түрі – фишинг. Ол дегеніміз алаяқ банк сайтынан айнымайтын жалған сайт жасап интернетке жүктейді. Ал клиенттер оны ажырата алмай, картасындағы барлық деректі енгізеді. Кейін ұрылар сол арқылы картадағы ақшаны өз қажетіне жарата береді.
Тұтынушылардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі, барлық адам қолдана беретін компьтерлерге банк картасының деректерін енгізе береді. Бұл – өте қауіпті.

– Ал, интернет банкингтен бөлек, біреудің шалған қоңырауынан да алданып қаламыз. Мұндай алаяқтарды тез анықтауға болады. Көбіне олар банктің атынан хабарласады. Бірақ банк сізге қатысты барлық деректі біледі. Қызметкерлер төлем картасының деректерін, ПИН-кодын білу үшін ешкімге қоңырау соқпайды. Банк қызметкері бұдан бөлек электронды тіркелген мәліметтерді сұрап, қоңырау шалмайды, электронды пошталарға да хат жолдамайды, СМС хабарлама да таратпайды. Осыны ұмытпау керек. Егер біреу банк атынан жеке мәлімет сұрап хабарласса, демек ол – алаяқ.

Кейбір дүкеннің кассасында картамен төлем жасағанда ПИН-кодсыз ақша суырып алады. Біз кейде картамызды жоғалтып аламыз. Оны тауып алған кез келген адам оп-оңай жарата алады. Мұндайда бірден банктің байланыс орталығына хабарласып, төлем картаны бұғаттап тастау керек. Және картаға қосылған барлық сервисті өшіруін сұрау керек. Қазір бізге онлайн төлем жасау оңай. Уақытты үнемдеп, артық ақша төлемейміз. Ал сол онлайн төлем жасағанда ұялы телефонға смс-код келеді. Бір рет келетін SMS парольдер – картаның ПИН-коды сияқты құпия.

Яғни оны сізден басқа ешкім білмейді. Сол себепті, бұл деректерге сізден басқа ешкімнің қолы жетпеу керек. Ешқашан оны басқа адамдарға айтуға болмайды. Бір рет келетін парольдердің құпия екенін білдік. Оның барлығы ұялы телефонда тұрады. Егер банктің бір реттік парольді жолдайтын телефоныңызды жоғалтып не ұрлатып алсаңыз, я болмаса SIM-картаңыз істен шығып қалса, онда бірден ұялы байланыс операторына хабарласып, SIM-картыны бұғаттатып тастау керек. Сондай-ақ, бұл туралы банкті де хабардар ету керек.

Интернетте сатып алу не төлем жасау үшін Интернет желісінде операцияларды жүргізуге шектеулерді алып тастау керек. Барлық төлем картада интернет төлемдердің «3D Secure», «Secure Code» қорғау технологиялары бар. Банк операцияларын қорғау үшін екі факторлы аутентификация бар, олар: логин мен пароль. Әрбір операция бір реттік SMS-парольмен растауды қажет етеді.

Сондай-ақ, интернет арқылы сатып алу үшін осындай саудаға арналған арнайы виртуалды төлем карталарын қолдану керек. Егер интернет желісінде заңсыз төлем жүргізілсе, банк клиенттің қаржылық шығынын тоқтату мақсатында мұндау операцияларды «қауіпті» деп есептейді. Яғни, заңсыз төлемнің жасалуына мүмкіндік бермейді. Ең тиімді әдістердің бірі – әр адам өз банк картасына SMS хабарламаны қосқаны абзал. Сонда төлем картасынан алынған ақша, төленген сома немесе кез келген операция туралы бірден хабардар болып отырады.

Алаяқтарды бүгінгі қоғамды түріне қарап тану мүмкін емес. Мейрамханадағы даяшы да, дүкендегі сатушы да алаяқ болуы мүмкін. Сол үшін де өз картаңызбен төлем жасайтын кезде картаңыздағы ақпараттың таралып кетуіне жол бермеңіз. Сатушыға картаңызды ұсынғанда мұқият болыңыз. Әрбір әрекетін көзіңізбен бақылаңыз. Алаяқтық фактісі орын алғанын білсеңіз, бірден жоғарыда айтылған кеңестерді орындап, полицияға шағым түсіріңіз. Киберқылмысқа жауапты мамандар өз жұмысын тиянақты орындаса қылмыскерді құрықтау қиянға соқпайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.