Қалалық қоғамдық-саяси газет

Имам – ізгі қоғам жаршысы

0 423

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ислам – руханиятымыздың тірегі. Ата дініміз ізгілік пен адамгершілікке, жанашырлық пен жасампаздыққа негізделген. Сондықтан салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, руханият саласына баса мән беруіміз керек. Мүфтият ел тағдырына айрықша ықпал ететін осы жауапты жұмысқа белсене атсалысып келеді», – деген болатын.

Осыған орай кеше шаһар төріндегі «Оқушылар сарайы» ғимаратында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіт имамдары, облыс әкімдігінің дін істері басқармасы мен дін проблемаларын зерттеу орталығы өкілдерінің қатысуымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында облыстық имамдар форумы өтті.
Жиында сөз алған облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев ҚМДБ-ның бекіткен жеті бағыты негізінде іс жүргізу қажет екенін қаперге салып, ел мұсылмандарының қара шаңырағы болып саналатын мүфтият тарапынан берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарауды ескертті.
– Осы кезге дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрт форумы өтті. Ол форумдарда «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», «ҚМДБ лауазымы мен міндеттері» және «Жеті рухани қазына» бағыттары бойынша құжаттар қабылданған болатын. Әр имам – әр өңірдің рухани жетекшісі. Мүфтияттың міндеті – Ханафи мазхабындағы дінімізді және салт-дәстүрлерімізді дәріптеу. Алла алдындағы міндетіміз – жамағатты жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару, – деді Бейбіт Әліпбекұлы.
Басқосуда дін өкілдері имамның жамағат намазын өткізу тәртібі, діни басқарманың рухани құндылықтарды насихаттаудағы рөлі, қажының рухани келбеті және Құрбан айтқа қатысты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.

Айсұлу САДУАҚАС,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.