Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бақсылар – қоғамның рухани өміріне зиянды элемент

0 303

Қазіргі заманда басына қиыншылық түссе, көпшіліктің жүгінетін алғашқы нәрсесі құдіреті шексіз Алла Тағаланың жәрдемі емес, қолынан түк келмейтін бақсы-балгер, емшінің тәтті өтірігі болып кеткені құпия емес. Расында, халық арасында бұл дерттің таралуы – еліміз үшін үлкен қасірет. Өзін ғайыпты білуші, бақсы, емші, көріпкел етіп жариялаған адам халық білімсіздігін пайдаланып, түрлі айла қолдануда әрі олардың саны жылдан-жылға өсуде. Мұндай сұмдықтың алға өрбуін тоқтатып, түбірінен жою үшін халыққа ақиқаттың пердесін ашу аса маңызды.

Бал ашу – болжам жасаудың (ғайыптан хабар берудің) ертеден келе жатқан түрі. Ал ғайып деп келешекке тән нәрселерді айтамыз. Сондықтан балшылар тобына өзін «ғайыпты білемін» деп жария қылушылардың барлығын жатқызамыз. Мысалы, сиқыршылар, тәуіп, емшілер, көріпкелдер, құмалақшылар, жұлдызшылар, бақсы-балгерлер және т.с.с. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен, сиқыр жасаумен айналысады. Адамның өткен шағы мен болашағы жайлы айтқысы келеді. Олар карта, кофе, тас немесе құмалақ пайдалануы мүмкін.
Тәуіп сөзінің мағынасына келсек, ол араб тілінің «тобииб» طبيب «дәрігер» деген сөзінен шыққан. Қазіргі адамдардың қолданысында «тәуіп» деп шариғатқа қайшы жолмен емдейтін емшілер аталып кетті.
Енді бәзбіреулер Құранды ашып қойып, кітаппен бал ашып жатырмыз деп жатады әрі өзінің лас тірліктерін осылай асыл дініміз арқылы бүркемелекші болады. Бәрібір мұның барлығы да бал ашуға жатады. Яғни ғайыпты біліп, айтқысы келушілік болып саналады. Ал оларға баратын, болжауларына сенетін әрі олардың айтқандарын растайтын адамдар қоғамда көптеп кездесіп жатады. Осының нәтижесінде, «Емшіге бару, бал аштыру шариғат тұрғысында дұрыс па, бұрыс па?» деген сұрақ туындайды.Әрі бұл сұрақтар көптеген қарапайым халықтың көкейінде жүр. Оны анықтау үшін алдымен бұл мәселедегі ең маңызды сұрақты талдайық: Ғайыпты кім біледі?
Бұл жайында ақиқат көзі Құран Кәрімде не жазылғанына назар салайық:
«Көктер мен Жердегi көместi Алладан басқа ешкiм бiлмейдi» («Нәміл» сүресі, 65-аят).
Демек, шынтуайында, ғайыпты білуші тек Алла Тағала ғана, одан басқа ешкім емес! Ғайып келешекке тән нәрсе болғандықтан, алдымызда не күтіп тұрғанын болжап біле алмаймыз. Ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді.
Сондықтан өзін ғайыпты білуші, ерекше күштің иесі, әруақпен тілдесіп болжам жасаушы, т.б. деушілердің барлығы дерлік – нағыз өтірікшілер!
Фиқһ ғалымдарының пәтуасы бойынша, көріпкелдікпен айналысу(ғайыпты білемін деп жариялау) харам. Және шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша да харам. Сонымен бірге ғалымдар «тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген. Тіпті кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, балшыға бару күпірлікке апарады.
Кей кезде балгерлердің айтқанының дәл келетіні рас. Мұны олардың жындармен байланыста болғанымен түсіндіруге болады. Жындар көбінесе рухани төмен, тәні лас адамдарға кіреді, сондай-ақ кәпір жындар өздеріне дос ретінде кейбір адамдарды әдейілеп таңдап алады. Сөйтіп, оларды алдап-арбау арқылы түрлі айлакерлік әдістермен өз ырқына көндіреді. Негізінен, жындар ғайыппен байланысты мағлұматтардан бейхабар екені анық, олар тек адамдарға белгісіз кейбір мәліметтерді ғана жеткізе алады. Көбіне олар көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасайды. Осы тыңшылықтан алған мәліметтерін жердегі «достарына» өтірік қосып жеткізеді.
Жындардың адамдарды адастыруға апаратын келесі әрекеті: адамдарға олардың ата-бабасы келбетінде түсіне ену немесе көз алдына періште, аруақ түрінде келу немесе соның даусымен сөйлеп қорқыту. Осындай әрекеттерден кейін жындар менменсіп, даңдайсынып, өздерін адамдардан үстем санай бастайды, сөйтіп, адамдарды өз қызметшісіне айналдырады.
Имам Қуртуби, Табари, Ибн Кәсир (оларға Алланың мейірімі болсын) секілді ұлы тәпсірші ғалымдардың тәпсірлерінде жындардың адамдарды қалай алдайтыны баяндалады. Құранның «Жын» сүресінің 6-аятында Алла Тағала жындардың әңгімесінен мынадай үзінді келтіреді:
«Шынында, адамдардан кейбір ерлер жындардың кейбір ерлерінен пана іздейтін еді, сонда олар жындардың менменсуін арттыратын еді».
Осы аяттың тәпсірінде Имам Табари айтады (осы мәселе Қуртуби, Ибн Кәсирдің де тәпсірінде келеді):
«Аллаһ айтады: Расында, адамдардың арасынан кейбір еркектер жындардан шыққан еркектерден пана іздейтін, алайда бұл олардың рахақын арттырды» («Жын» сүресі, 6-аятында).
Мәнісінде, жындар былай дейді: «…Біз адамзаттан жоғары бір лауазымға иеміз деп ойлайтын едік, өйткені олар ойпат жерде немесе шөлді аумақтың, маң даланың айналасында жүрсе, бізден қорғаныш іздейтін еді». Бұл Исламға дейінгі надандық заманы арабтарының ғұрпы еді. Олар бір жерге қоныстанса, жол жердің Жынынан өзіне пана тілейтін. Сондықтан адамдар жындардан қорыққаны үшін жындардың өзінен пана тілейтінін көрген соң, жындар рахақты арттырды, яғни қорқыныш пен үрейді арттырды. Олар бұны адамдар олардан одан бетер қорқып, одан да қатты пана тілеу үшін жасады» (Ат-Табари, 23:655).
Көріп отырғанымыздай, жындар адамдарды өз мақсаттарында қолдануы мүмкін. Мысалы, түстеріне еніп немесе көзіне елес боп келіп қорқытады, айтқанын жасатады. Имам Қуртуби секілді ғалымдардың тәпсірлерінде жындар адамдар ашық далада жүргенде олардың түстеріне еніп, мал сойғызатыны, айтқанын орындаған соң, оларға тиіспей қоятыны туралы баяндайды.
Бұл қазіргі емшілердің әңгімесімен дәлме-дәл келеді. Олар «Маған аталарым айтып тұр, қара тауық сой», «Көк қойдың басын ап келіп қақ», «Қойдың өкпесін қағып қой, сонда ауруыңнан жазыласың» дейтіндер бар. Бұл Құран Кәрімнің тәпсіріндегі ұлы ғалымдардың келтірген түсіндірмесімен, келтірген хадистерімен дәлме-дәл келеді.
Халыққа айтатынымыз, басыңызға қандай да бір қиыншылық түссе, ең біріншіден, жәрдемді әлемдердің Раббысы, құдіреті шексіз Алла Тағаладан іздеңіз. Кейін адамдардың арасынан қол ұшын беруге күші жететіндерден көмек сұраңыз.

Н.Каипбаев,
Жастар ресурстық орталығының
дін және жастарға қызмет көрсету секторы меңгерушісінің
міндетін атқарушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.