Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов 75 жаста

0 2  284

Биыл Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов 75 жасқа толды. Қазақ киносының корифейі атанған тау тұлғаның өнердегі жолы көпшіліктің көз алдында. Жарты ғасырдан астам ғұмырын қазақ мәдениетінің өркендеуіне арнаған аңыз адам кино мен театр өнерінде өшпес қолтаңбасын қалдырды

Тұңғышбай Қадырұлы 1948 жылы 2-қазанда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Абай ауылында дүние есігін ашқан. Отбасындағы 11 баланың тұңғышы болған Тұңғышбай о баста әртіс болуды мүлде ойламаған еді. Алайда жастайынан елгезек болып өскен ол көпшіліктің алдында өнер көрсетуді жаны сүйетін. Мектепті тәмамдаған соң арман қуып Алматыға аттанып, осындағы Ауыл шаруашылығы институтнің «Өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығына тапсырады. Бірақ, оқуға түсе алмай ауылға кері қайтады. Бұған бола сағын сынбаған өр мінезді Тұңғышбай келесі жылы Су шаруашылығы институтына оқуға тапсырады. Сөйтіп 3 курсқа өткен жылы қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстазы Ерімбет Қонақбаевтың себепші болуымен Асқар Тоқпановпен жолығады. Қасы-көзі қап-қара, сұңғақ бойлы жігітті көрген Асқар Тоқпанов бірден Тұңғышбайдың көзінен жанып тұрған отты аңғарады. Сосын «Сен бала маған кел, мен сені адам қыламын», – дейді. Осы бір ауыз сөз бозбала Тұңғышбайдың қиялына қанат бітіріп, жігерін жаниды. Өзінің оқуын тастап, бір жылдан актерлік мамандығына түседі. Аты алты Алашқа жайылған дарын иесінің өнердегі жолы осылай басталған еді.
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «Театр» факультетің үздік дипломмен аяқтаған ол М.Әуезов атындағы драма театрына жұмысқа орналасады. Алғашқы жылдардың өзінде-ақ тау тұлғалардың рөлін театр сахнасында нақышына келтіріп сомдап берді. Оның Бейсенбай (Қ.Мұқашевтың «Дала дастанында»), Арыстан (Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында»), Бақтығұл (Қ.Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығында»), Мырзахмет (Т.Ахтановтың «Жоғалған досында»), Демесін (Д.Исабековтің «Кішкентай ауылында»), Көтібар, Сырым (М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» мен «Қарагөзінде»), Жалмұхан (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында»), Абылай хан (Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында», М.Байсеркеновтің «Абылайдың ақырғы күндерінде»), Әбутәліп (Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде») сынды рөлдері әлі күнге жұрт жадында. Бұл рөлдерде дарын иесі өзін ұлттық және әлемдік театр мектептерінің дәстүрін терең меңгерген, диапазоны кең әртіс ретінде таныта білді. Кейіпкеріміз тек театр мен ғана шектелмей, киноиндустрияның да дамуына елеулі үлес қосты. Оның Чекист («Отқа оранған Орал»), Тәңірберген («Қан мен тер»), Әбілқайыр («Жаушы»), Оразмерген («Ақырғы аманат»), Болат («Тарғыл қауын»), Әзімхан («Қаралы сұлу»), Қайырхан («Отырардың күйреуі»), Құнанбай («Жас Абай») секілді бейнелері қазақ киносының тарихынан ойып тұрып өз орнын алды. Тұңғышбай Жаманқұловтың «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғанын да мақтанышпен айта кеткен абзал. Кейіпкеріміз әртіс ғана емес, режиссер ретінде де К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», Қ.Шахимарданның «Томирис» пьесаларын көрерменге ұсынып, жоғары бағасын алды. Сондай-ақ ол «Наз» атты ғылыми-публицистикалық 2 томдық жинақтың авторы.
Актер өзінің баспасөзге берген бір сұхбатында былай деп ағынан жарылған екен.
– Өнерге өмірімді арнағаныма жарты ғасырдан астам уақыт болды. Аз емес, әжептәуір уақыт… Таудай тұлғалардың өмірі мен мұң-шерін сахна мен экран арқылы кешу – тағдыр-талайыма бұйырғаны, басыма қонған бақ деп санаймын.Ұлтымыздың ұяты мен ар-намысы болған аруақты тұлғалар мені есейтті, сарайымды ашты, өздеріндей биіктеудің жолына салды… Ең бірінші еліме деген есепсіз махаббат пен перзенттік парызды қан-жүрегіме қадап, ұлтыма деген патриоттық сезімімді семдірместей шегеледі. Сахна мен экраннан бірде Қайырхан, бірде Абылай хан болып атой салып, ғасырлар қойнауында қалған қымбаттарымыз бен жоғымызды іздеп-жоқтап жүріп, арыдағы ата-баба аманаты мен тереңге тартқан тарихымызға ессіз ғашық болдым. Қырдым-жойдым, қыруар еңбек сіңірдім деп семіз сөйлемей-ақ қояйын, заманалар көшінде ұмыт қалған, кезеңдер кенішінде тат боп қатқан шежіремізді іздеп шерленуге, есімізді жиюға, алдымен өзімнің, өзім арқылы өзегім-елімнің жадысын жаңғыртуға, ұйқыда жатқан қазақтың ұлттық намысын оятуға септігім тигенін зор еңбектің бір пұшпағы деп есептеймін. Елге еңбек ету – міндет қылудан емес, оны есепсіз сүюден басталады. Қағынан жеріген құланның күйінен аулақ болу, барымызды бажайлау, жоғымызды түгендеу – егемендік алып есін жиған біздің ұрпақтың көкейкесті мақсаты, борышы деп есептеймін. Елің барда – ұлтың бар, ұрпағың бар, өнерің бар… Өнер – білектің, еріккеннің ермегі емес – ұлттың жүрегі, еліңнің маңдайындағы жарқыраған гауһар тасы. Елің аманда, егемендігің барда, уайымың азда, азаматың мен ұрпағыңның елі мен ертеңіне деген сенімі молда жарқырайды ол гауһар тас, – деген екен Халық әртісі.
Расында, алдыңғы буынғы ағаларының ізін жалғап жүріп, өзі де сондай тау тұлғаға айналды. Оның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа мол тағылым.

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.