Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық көп жүріп-тұратын жекеменшіктегі объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету

0 441

«Объектілерді террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі № 234 қаулысына сәйкес, террористік тұрғыдан осал объектілер санатына келесі жеке бизнес субъектілері жатады:
1) сауда алаңы 500 шаршы метр және одан да көп сауда объектілері не қару-жарақ және оқ-дәрілер саудасы жүзеге асырылатын аумақтардағы объектілер;
2) келушілерге қызмет көрсетуге арналған залдардың жиынтық алаңы 500 шаршы метр және одан көп қоғамдық тамақтандыру объектілері;
3) бір мезгілде 200 және одан көп адам болуға (сыйымдылығы) есептелген мәдениет ұйымдарының объектілері (театрлар, концерт залдары, цирктер, кітапханалар, мәдени-демалыс ұйымдары, кинематографиялық ұйымдар (қызметінің негізгі түрі кинозалда жүзеге асырылатын фильм көрсету болып табылады), музейлер, көркемсурет галереялары (салондар), студиялар, шеберханалар, мәдени-тарихи орталықтар, мәдениет саласындағы зерттеулер орталықтары (зерттеу институттары), мәдениет саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа да мәдениет ұйымдары);
4) 500 және одан көп адамның бір мезгілде болуына (сыйымдылығына) есептелген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары;
5) бір мезгілде 200 және одан көп адамның болуына (сыйымдылығына) есептелген өзге де ойын-сауық құрылыстары;
6) білім алушылар мен персоналдың нақты саны 100 және одан көп білім беру ұйымдары (мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы білім беретін мектептер (гимназиялар, лицейлер), орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, мамандандырылған білім беру ұйымдары, арнайы білім беру ұйымдары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары объектілері;
7) бір ауысымда 200 және одан көп келушілерге есептелген денсаулық сақтау объектілері 200 төсекке және одан көп төсекке есептелген, стационарлық көмек көрсететін ұйымдар (егер олар өзге өлшемшарттарға сәйкес келмесе, ведомстволық денсаулық сақтау объектілері);
8) бір мезгілде 200 және одан көп адамның болуына (сыйымдылығына) есептелген туристерді орналастыру орындары (қонақ үйлер, отельдер, мотельдер, туристік базалар, демалыс үйлері, пансионаттар және туристердің тұруы және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын басқа да ғимараттар мен құрылыстар);
9) бір мезгілде 200 және одан көп адамның болуына (сыйымдылығына) есептелген өзге де бұқаралық ғимараттар (оның ішінде ғибадат үйлері (ғимараттары), мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары, мемлекеттік қызметтер, пошта желісінің қызметтері және байланыс қызметтерін пайдаланушыларға қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалардың объектілері, екінші деңгейдегі банктердің есеп айырысу-кассалық бөлімшелері);
10) бір мезгілде 200 және одан көп адамның болуына (сыйымдылығына) есептелген көлік инфрақұрылымы объектілері (автовокзалдар, станциялар).
Өздеріңіз білетіндей, жоғарыда аталған нысандардың көпшілігі, мемлекеттік мектептерден, балабақшалардан, емханалардан, ауруханалардан, стадиондардан және спорт нысандарынан басқасы жекеменшік кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
Айта кету керек, «Террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 06 мамырдағы №305 қаулысына сәйкес, жоғарыда аталған санаттарға жататын объектілер кемінде 30 тәуліктік ақпаратты сақтау жадымен бейнебақылау және құлақтандыру жүйелерімен, сонымен қатар дабыл түймесімен жабдықталуы қажет, сондай-ақ полиция бөлімшелерімен келісілген объектінің терроризмге қарсы қорғалуының паспорты болуы тиіс.
Сонымен бірге осы объектілердің әкімшілігі оның терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ететін тұлғаны айқындауға, сондай-ақ профилактикалық және оқу іс-шараларын өткізу кестесіне сәйкес жылына кемінде бір рет кезеңділікпен, аталған іс-шараларды өткізуді хаттама немесе анықтама түрінде құжаттай отырып, терроризмге қарсы қорғау жөніндегі оқу іс-шараларын есепке алу журналына жазба жасай отырып жүргізуге тиіс.
Бұдан әрі объектілердің меншік иелері/басшылары терроризм актісін жасау немесе жасау қатерлеріне ден қоюға әзірлікті қамтамасыз ету шеңберінде объект персоналы мен күзет қызметі субъектілерінің іс-қимыл алгоритмін әзірлейді.
Кәсіпкерлердің назарына: «Террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Үкіметтің 2021 жылғы 06 мамырдағы №305 қаулысының талаптары бекіту кезінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірнеше ай бойы кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау бағытында қызу талқылаулар мен пікірталастар болып, заңнама актісі келісілген болатын.
Бұдан басқа, кәсіпкерлік объектілерін бейнебақылау, құлақтандыру жүйелерімен және дабыл түймесімен жарақтандыру, олардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етумен қатар, ұрлық және басқа да қылмыстар фактілерінің алдын алуға немесе құжаттауға мүмкіндік береді. Ал қажетті құжаттаманы қосымшада көрсетілген нормативтік-құқықтық актілердің үлгілері бойынша жасауға болады. Сондай-ақ облыста осы құжаттарды дайындауда және терроризмге қарсы сабақтар немесе оқу-жаттығулар өткізуде әдістемелік көмек көрсете алатын күш құрылымдары бар.
Тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкерлік субъектілерінің көптеген басшылары мен иелерінің терроризмге қарсы заңнама талаптарына үстіртін қарау салдарынан кейбір кемшіліктер орын алуда.
Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік объектілер, мекемелер, сондай-ақ жекеменшіктегі стратегиялық объектілер қажетті қаражат бөлініп, терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті іс-шаралар қабылдауда. Сонымен қатар объектінің терроризмге қарсы қорғалуына ықпал ету мақсатында құзырлы органдарымен (ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары) жүргізілген тексерулер мен эксперименттер нәтижелі болуда.
Алайда ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығы негізінде шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге енгізілген мораторийге байланысты, террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызылған шағын және орта бизнес субъектілеріне жататын халық жаппай жиналатын объектілер тексеруге жатпайды, сондықтан бірнеше жыл ішінде олардың көпшілігінің әкімшілігі мен меншік иелері терроризмге қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға, өз объектілерінің қорғалуына тиісті көңіл бөлмеуде.
Қорытындылай келе, террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларын, сондай-ақ меншік иелерін өз объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету мәселелеріне байыпты қарауға шақырамыз. Себебі бұл көптеген адамдардың, олардың қызметкерлері мен келушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары немесе меншік иелері профилактикалық және оқу іс-шараларын, сондай-ақ терроризмге қарсы қорғау бойынша персоналға нұсқау беруді қағаз жүзінде емес іс жүзінде жүргізу қажет. Өз объектілерін бейнебақылау, хабарлау жүйелерімен және дабыл түймесімен жарақтандыру мәселесін де шешуі тиіс.
Барлығы білетіндей, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сол себепті кәсіпкерлерден «Объектілерді террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №234 және «Террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 06 мамырдағы №305 қаулыларын тағы да мұқият зерделеп, тиісті қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруды сұраймыз.
Себебі шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий мерзімі өткеннен кейін ішкі істер органдары тарапынан олардың терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйі тексерілуі мүмкін. Егер заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, олардың меншік иелері айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы тағы да ескертеміз.

Облыстық терроризмге қарсы комиссия аппараты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.