Қалалық қоғамдық-саяси газет

Гүлдана Санақбайдың өлімі: сот үкімі шықты

0 1  866

Жамбыл облысы Шу өзенінің бойынан  денесі  табылған Гүлдана Санақбайдыңөліміне күдікті деп танылған бұрынғы күйеуі мен оның жолдасына қатысты сот үкімі шық­ты. Алғашқысы Берік Қалқан 18 жылға бас бостандығынан айырыл­са, досы Нұрлан Дархан 3 жылға темір торға тоғытылды,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.  

Естеріңізге салсақ, биылғы 11 ақпан күні Гүлдана Алматы қаласына емделуге жолға шығып, сол бойы із-түзсіз жо­ғалып кеткен болатын. Бұл оқиға  елді дүрліктіріп, оны іздеуге  туыстары, полицейлер мен еріктілер шыққан. Тіпті, Гүлдана Санақбай «Тасөткел» су қоймасына батып кетуі мүмкін деген болжаммен сүң­гуірлер жіберілген еді. Алайда су айдынында үлкен толқын көтеріліп,  сүңгуір Жұмағали Әбдірахмановтың өзі  ажал құшқан. Бұдан кейін көп ұзамай Гүлдананың денесі Шу өзенінің бойынан табылды. Күдікті ретінде Гүлдананың бұрынғы күйеуі  мен қылмысқа қатысы бар автокөлік жүргізушісі қамау­ға алынған.

Алайда Гүлдананың анасы Индира Татиябекқызы соттың алғашқы отырысында қар­сы­лық білдіріп, істі «ұйымдасқан қылмыс» бабымен қарауды сұ­ра­ған еді.

– Қылмыстық іс амалдары­мен келіспеймін. Бұрынғы күйеу­балам Берік Қалқан ісінің Қылмыстық кодекстің 99-бап­тың 1-тармағы бойынша дәре­же­ленуіне қарсымын. Өйткені қызымды алдын ала келісіп, көліктен-көлікке ауыстырып, адамдарды дайындап, әдейі алдын ала жоспарлап өлтіргені туралы айғақ бар. Қасындағы бала 434-баппен айыпталып жатыр, оның да 99-баптың 2-тармағымен ісі қаралуын талап етемін. Прокуратура неге бұлай шешті? Осы сұрақтың қаралуын сұраймын, – деген еді  Индира Татиябекқызы.

Ана жүректің бұлайша шырыл қағуы бекер емес екен. Себебі  сот отырысында көлік жүргізушісі ретінде ұсталған  Нұрлан Дархан бар кінәні Гүл­дана­ның бұрынғы күйеуі Берік Қалқанға жабуға тырысты. Оның сөзіне сүйенсек, Шу ауда­нындағы қылмыс әлемінде беделі бар Берік Қалқаннан қорыққанынан Гүлдананың өлі денесі қайда жатқаны туралы айтпаған екен. Егер тіс жаратын болса, Берік Қалқан Нұрланның бүкіл отбасын «өлтіремін» деп қорқытқан көрінеді.

Сотта Берік Қалқан өз қыл­мы­сын мойындамады. Ал Нұр­лан Дархан екінші сот оты­рысын­да Берік Қалқанның  Гүл­дана­ның денесіне пышақ сұ­ғып, суға лақтырып жібер­генін айтқан. Бұл жайында бізге Ин­дира Татиябекқызы баян етті.

– Үкім шығарған сотқа да, прокурорға да еш өкпем жоқ. Тек іс басында тергеу амалдары  бұрмаланып кеткен. Сондықтан бұрынғы күйеубалам  Қылмыс­тық кодекстің 99-баптың 1-тармағы бойынша  жаза алды. Бірақ мен 99-баптың 3-тармағы бойынша сотталуын сұрап едім. Себебі менің қызымды бұлар ұйымдасқан түрде қасақана өлтіріп отыр. Оған дәлел ретінде «Бахар» сауда үйінен Гүлдана­ның азық-түлік алып, ақ түсті  көлікке отырған видеосын тап­тым. Осы ақ көліктің иесін іздеп барып  сұрағанымда ол қызым­ды бір жерге апарып тастағанын, одан кейін көрмегенін айтты. Алайда осы азамат сотқа куәгер ретінде қатысып, күйеубалам мен Нұрлан Дархан екеуі оған ұялы телефондарын қалдырып кетіп, төрт сағаттан кейін оралғанын  айтты. Демек, ол да қызымның өлгенін білген. Бірақ ол 77 күн бойы осыны жасырып, сотта ғана шындықты ашты. Ал Нұрлан сотта  күйеу­балам  қызымның денесіне пышақ  сұғып, суға лақтырып жібергенін мойындады. Пышақ қадалған бойы қызымның  денесінде кеткен. Кейін күйеу­балам Нұрланға «Ислам шариғатында адамды құрбан­дыққа шалу деген бар, сол үшін әйелімді өлтірдім» деп өзінің қылмысын түсіндіріпті. Осы­ның бәрін олар жасырып келді. Сондықтан бұл – «адам өлтіру емес», «қасақана, ұйым­дасқан түрде адам өлтіру» қыл­мысы. Тергеу амалдарының дұрыс жүргізілмеуінен күйеу­балам 25 жылға бас бостандығы­нан айырылатын баптан құты­лып отыр.

Сот үкімді апелляцияға беруге болатынын айтты. Бірақ мен бермеймін. Оған денсау­лығым жарамайды. Асырап алған 5 жасар немеремді ойла­уым керек. Құдалар жақ апел­ляцияға бермейтін секілді. Се­бебі олар да қылмыстық істің жазасы ауырлап кетуінен қор­қа­ды. Оған қоса, бұл күйеу балам­ның үшінші рет қылмыс­тық жауапкершілікке тартылуы. Бірінші  кезде ұрлықпен ұстал­са, екіншісінде анашамен абақтыға қамалған. Енді, міне қызымды өлтіріп отыр.

Мен сот үкімін апелляцияға бермесем де, қызымды дүкен­нен алып кеткен ақ түсті көлік­тегі азаматтың үстінен шағым түсіремін. Оның да бұл қылмыс­қа қатысы бар, – дейді  Индира Татиябекқызы.

5 жасар  жиенін бауырына басып қалған  ана осылайша жүрек үнін жеткізді. Әрине, сот  куәгер деп тапқан азаматты кінәлаудан аулақпыз. Оның қылмысқа қатысы бар, әлде жо­ғын құзырлы органдар анықтай жатар. Бір анығы – қылмыстық  істе басты күдікті ретінде танылған Берік Қалқан  18 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ  Нұрлан Дархан да жазасыз қалған жоқ.  Одан бөлек, сот Берік Қалқан мен жолдасына қайтыс болған Гүлдана Санақбайдың анасына 10 миллион теңге өтемақы тө­леуін  міндеттеді. Берік Қалқан 8 миллион теңгесін,  екінші айыпталушы 2 миллион теңге­сін өтеуі керек. Осы материал­дық өтем қайғыдан қан жұтқан  отбасының жүрегіне аз да болса жұбаныш болсын деп тілейміз.

Жамбыл облысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.