Қалалық қоғамдық-саяси газет

Энергетика саласы ерекше назарда

0 236

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов елдің оңтүстік өңірін электр қуатымен қамтамасыз ететін «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ-нда болып, қызметімен танысты.

Станцияда жалпы қуаты 1230 МВт болатын алты энергия блогы орнатылған. Мұндағы жабдықтардың тозу деңгейі 30,4 пайызды құрайды. Бас директор Александр Фурса жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін төмендету жоспарланып отырғанын атап өтті.
Қазіргі таңда №5 энергия блогы күрделі жөндеуден, №1 энергия блогы ағымдағы жөндеуден өтуде.
Аймақ басшысы өз кезегінде жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарының барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Мемлекет басшысы еліміздің энергетика жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелеріне ерек-ше назар аударуда. Пре-зиденттің тапсырмасы бойынша «Инвестиция орнына тариф» жаңа тарифтік саясаты іске асырылуда. Жылу энергетикалық кешендеріне алдағы уақытта да тұрақты электрмен жабдықтау және тұтынушыларды жылумен қам-тамасыз ету міндеті жүктеліп отыр, – деп атап өтті Нұржан Молдиярұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі «Қазсушар» облыстық филиалының басшылығына су беруге қатысты мәселелерді шешуді жүктеді. Экологиялық заңнаманы сақтау мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Нұржан Нұржігітов өз сөзінде жыл сайынғы жалақыны көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту, ұжымдық шарт бойынша әлеуметтік міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын да атап өтті.
Кәсіпорында 578 адам жұмыс істейді десек, орташа жалақы 409 мың теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жалақы 20 пайызға көтерілді.
Александр Фурса кадр тапшылығы мәселесі шешілгенін жеткізді.
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұмытпауы керек. Қызметкерлер арнайы киіммен, ыстық тамақпен, санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етілуі тиіс, – деді аймақ басшысы кәсіпорын басшылығына.
Жамбыл мемлекеттік аймақтық электр станциясы – Қазақстанның оңтүстігіндегі энергетикалық базаның негізі. Бұл республикадағы блоктық типті алғашқы электр станциясы және өңірдегі ең қуатты кешен саналады. Бүгінгі таңда «Жамбыл ГРЭС» АҚ 450 МВт жүктемемен 3 блокты, газ-мазутты режимде жұмыс істейді. Бұл ретте табиғи газдың шығыны сағатына 28 мың м3, мазут – сағатына 102 тоннаны құрайды.
Өңірде жалпы қуаты 442 МВт болатын 20 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі, оның ішінде қуаты 251 МВт-тан асатын 6 күн электр станциясы, қуаты 176 МВт 9 жел электр станциясы және қуаты 15 Мвт 5 гидроэлектростанция жұмыс істейді. Бұдан басқа, 2025 жыл-ға дейін жиынтық қуаты 133,8 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 3 объектісін іске қосу жоспарланған. 2022 жылдың 11 айында өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 4,2 миллиард КВт/сағ құрап, облыстың тұтыну көрсеткіші 4,5 млрд КВт/сағатқа жеткен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.