Қалалық қоғамдық-саяси газет

Электронды темекіге құмарлық құрдымға кетіреді

0 2  060

Қазіргі таңда жастардың электронды темекіге еліктеуі артып отыр. Бұл қоғамдағы күрделі мәселенің бірі болуда. Түрлі білім орталықтарындағы жасөспірімдер осы құрылғыны пайдаланып, денсаулықтарын ескерер емес.

Жақсыны үйрену қиын, ал жаманды оңай меңгеріп алуға болады. Дегенмен жаман нәрсеге еліктеймін деп, денсаулықты қалай құртып алғанымызды байқамай қаламыз. Шынымен де, бұл құрылғының адам денсаулығына тигізетін кері әсері зор. Дүкендерде вейп түрлі дәмдермен сатылып жатады. Осыған балалар қызығып, алданып қалады. Ал ересек адамдар болса, темекіден арылу үшін вейпті қолданады. Өйткені электронды темекіні қолданушылар арасында бұл құрылғы әдеттегі темекіге қарағанда зияны жоқ деген қате түсінік қалыптасты. Бірақ зерттеушілер электронды шылымды тартқан сайын темекі шегуді аңсай түсетінін зерттеген болатын. Вейп – жаман әдеттен арылудың тиімсіз жолы.
Алайда дене бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін бұл зат қауіпті болып есептеледі. Вейптің құрамында формальдегид атты химиялық зат бар. Бұл қосылыстар кейін бауырға жиналып, аурулардың пайда болуына себепкер болады. Және ол тек вейпті қолданып жатқан адамға ғана емес, сонымен қатар жанында отырған кісіге де аллергия тудырады.
Дертке шалдыққанша денсаулықтың қадірін ешкім білмейді. Бірақ бұл кез тым кеш болып қалуы мүмкін ғой. Бір қуантарлығы, жас ұрпақты қорғау үшін Қазақстан вейптерге тыйым салды. Жақында Парламент Мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.
Заң жобасында темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары қарастырылған. Оған сәйкес енді елімізде вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. Жаңа нормаға сәйкес, вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Дәлірек айтқанда, вейпті сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу; әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн – 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Абат Дәулетов,
Жамбыл жоғарғы медициналық колледжінің оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.