Қалалық қоғамдық-саяси газет

Электронды төлем: Кімдерден салық ұсталады?

0 1  563

Бірер аптаның бедерінде «Kaspi.kz» қосымшасындағы аударымдарға қатысты шу шығып, бұқараны дүрліктірді. Дүкендер мен такси жүргізушілері тұрғындардан қолма-қол ақша талап еткендіктен, бұл отқа май құйғандай болды. Шын мәнісінде, салық заңнамасында мобильді аударымдарға қатысты енгізілген өзгерістерге жұрт неге алаңдаулы?

Ел тұрғындары сенімді әрі қолайлы «Kaspi.kz» қосымшасына әбден үйреніп, қолма-қол ақша дегенді ұмыта бастағандай еді. Алайда бейресми ақпараттардан кейін жұрт екіұдай ойда қалды. Ең өзектісі – банк клиенттердің аударымын қадағалап, соған сай белгілі бір мөлшерде салық салады деген қауесет. Осы ретте біз такси жүргізушісі Нұрхан Нұрланбектен елді елең-алаңға салған әңгіме жөнінде сұрап көрдік.
– Ғаламторда «Kaspi.kz» қосымшасы туралы ақпараттар қаптап кетті. Күнделікті жұмыс барысында басқа такси жүргізушілері мен клиенттер бірінен кейін бірі осы «Kaspi» төлемдері туралы әңгіме айтуда. Бірақ ғаламторда ресми ақпараттарға көз жүгіртсек, «жеке тұлғалар аударым үшін жаппай салық төлейді» деген ақпар атымен жоқ. Ал такси жүргізушілері мен кәсіпкерлер мораторийге байланысты 2023 жылға дейін салық туралы бас қатырмаса да болады, – дейді жүргізуші.
Мәселенің мән-жайын өткен аптада Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Байланыс орталығы» басқар-масының басшысы Өмірзақ Қоспанов баспасөз конференциясында толығырақ айтып берді.
– Салық заңнамасына мобильді аударымдарды пайдалануға қатысты енгізілген өзгертулер жеке тұлғалардың аударымдарына кедергі келтірмейді. Бұл мобильді төлемдерді кәсіптік бағытта пайдаланып отырғандарға ғана қатысты. Олар бизнес қауымдастықпен және банктермен бірнеше рет талқыланды. Осы бастамалар цифрлық кеңістікте бизнесті дамытуды көздейді. Мұнымен қоса, «барлық мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарына беріледі екен» деген ақпарат та негізсіз. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ. 2022 жылдан бастап банктерден тек кәсіпкерлік шоттарына түскен төлемдер туралы ақпарат алу жоспарлануда. Сондықтан жеке аударымдарға салық салынбайды. Ал осы тұста жеке кәсіпкерлер төлемге қарай салық бойынша өзіне қолайлы режимді таңдай алады. Мысалы, такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолданса болады. Бұл режим табысы жылына 10 миллион 300 мың теңгеден аспайтын кәсіпкерлерге қатысты. Бүгінде төлемге байланысты мобильді қосымшалар баршылық. Кәсіпкер онлайн кассаның мобильді нұсқасын жүктеп алып, заңды түрде пайдалана алады. Ал салықтың есебі «e-Salyq Business» қосымшасы арқылы автоматты түрде шығады. Бұл шаралардың барлығы бизнес жүргізуді одан әрі жеңілдетуге бағытталған. Еске салайық, мораторий бойынша жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін табыс салығын төлеуден босатылған. Сондықтан кәсіпкерлерді арандатушылыққа бой алдырмай, уәкілетті органдардың ресми ақпаратына ғана сенуге шақырамыз, – деді Өмірзақ Сайлауұлы.
Әрине, кәсіпкерлер мобильді төлемдерді салықтан жалтару мақсатында пайдаланбауы қажет. Себебі заң жалпыға ортақ. Бұл бастама көлеңкелі бизнестердің де жолына тұсау болайын деп тұр. Соңғы бірер аптада қаладағы шағын дүкендер де кассалық аппаратты пайдалануға көшкен. Дегенмен «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы төлем жасаудан басқа амалы қалмағандарды кім кері қайтарсын? Сатушы қолдан келсе амалын тауып, аударма жасағандардан үлесін алуда. Мысалы, қала тұрғыны қосымша арқылы аударма жасағаны үшін 1250 теңгенің тауарына 1300 теңге төлегенін айтады. Біздіңше, бұл бір ғана дүкенде орын алған жайсыздық емес. Сондықтан қосымша арқылы аударма жасайтын тұрғындар үшін әзірге ірі дүкендер желісіне барғаны тиімдірік секілді. Ресми ақпаратты кәсіпкерлердің өзі дұрыс түсінбесе, мораторийден кейінгі ахуалдың қандай болатынын әзірге болжап біле алмаймыз.

Сәндібек Піренов 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.