Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қанаев №3 округтің мәселесін қалт жібермейді

0 1  245

Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жылдан-жылға өрістеуде. Сәулеті келіскен ортағасырлық нысандар бой көтеріп, аулалар абаттандырылуда. Ендігі кезде қалада атқарылған қыруар жұмыстарды аяқ асты етпей, жаңартып отыру қажет-ақ. Сонымен қатар шаһарда қордаланған мәселелерді дер кезінде басшылыққа алып, шара қабылдау өзекті. Қалада осы ауқымды жұмыстардың барлығын зерделеп, қала басшысына жеткізу – әр округтің бас инспекторларының міндеті.

Инспектордың жұмысы тек бақылаумен шектелмейді

Жуырда «Бас инспектордың бір күні» айдарымен аумақтық округ басшыларының бір күндік жұмысы туралы тарқатып жазуды бастаған едік. Сонымен, біз осы аптада №3 аумақтық округтің бас инспекторы Әмірхан Қанаевпен бірге жұмыс барысын бақылауға шықтық.
Әмірхан Тоқтасынұлы – бас инспекторлардың арасында тәжірибесі мол қызметкер. Ол 1985-1987 жылдары облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарған. Комсомол тарағаннан кейін бірер жыл бизнеспен айналысып, 1996 жылы инспекторлыққа келген. Дәл сол жылы қала әкімі Болат Жылқышиевтің жетекшілігімен қала 10 аумаққа бөлініп, әкімнің өкілдері тағайындалған. Сонда Әмірхан шаһардағы бірінші округтің өкілі болған.
– Қала әкімдігінде округ басшысы болғаныма 25 жылға жуықтапты. Ширек ғасыр шеңберінде алпысты алқымдап қалыппыз. Еңбек жолымның алғашқы жылдарында қала тазалығына жауапты «Зеленстрой» мекемесін басқардым. 1990-жылдары елдегі ахуал мәз емес еді. Жалақы мәселесі де қиын-тұғын. Жұмысшылар жалақының орнына талон арқылы азық-түлік алып жүрді. Қала тазалығына шығатын санаулы техникаға қарап отырдық. Кейін шаһар басшысы Болат Сауранбаев болғанда, қаланы көркейту, көгеріштендіру және халықпен жұмыс істеу деген бөлімін бес жыл басқардым. Бұдан соң Ілияс Тортаевтың кезінде қаланың шеткі «Шалғай Қарасу», «За линией» (қазіргі №10 округ) аумағының инспекторы болдым. Күн-түн, демалыс дегенді білмей жұмыс істедік. Тортаев уақытпен санаспайтын азамат еді. Ол көгалдандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлді. Қазір қарап отырсам, Айтқазы Қарабалаевтың азаматтығы, талапшылдығы Тортаевқа ұқсайды екен. Оның да жұмысына тәнті болдық. Бүгінде қала әкімі Ержан Жылқыбаев жас болса да іскер азамат екенін көрсетіп, облыс орталығын көркейтуге бағытталған соны бастамаларды қолға алып отыр. Біз де басшының тапсырмасын екі етпей, дер кезінде орындауға тырысамыз. Ержан Жұматұлының басқа әкімдерден ерекшелігі – әр тапсырманы хаттамамен бекітіп отыратыны. Қалалық әкімдікке жыл сайын сайдың тасындай іріктелген жастар келуде. Енді олар да тарихи Тараздың қайта түлеуіне тың серпін беріп, табысты еңбек етеді деп үміттенеміз, – дейді Әмірхан Тоқтасынұлы.
Бас инспекторлардың жұмысын көпшілік бүге-шігесіне дейін білмеуі мүмкін. Бірақ өзіне тиесілі аумақты толықтай зерделеп, тұрғындардың мәселесін қаузап жүрген инспекторлардың тірлігі мақтауға тұрарлық. Сөзіміз дәлелді болу үшін біз №3 аумақтық округтің бас инспекторы Әмірхан Қанаевпен бірге округті аралаған едік. Әуелі Абай даңғылымен қиылысатын, №5 мектепке апаратын Ақбозов көшесіне ат ізін салып, сол маңнан көше тұрғыны Анатолий Ким есімді азаматпен жолымыз түйісті.
– Ақбозов көшесінде біраз жылдан бері тұрамыз. Бұрын жеңіл көліктер мектепке апаратын ойдым жолмен қатынайтын. Қашықтығы шамамен 1,5 шақырымға жететін жолдың жөндеу жұмыстары қыркүйекте толықтай аяқталды. Қазір кешқұрым сыртқа серуендеуге шығатындар да көбейген. Көршілер дән риза, – дейді тұрғын.
Биыл қала әкімдігі емханаға, мектепке апаратын жолдарды жөндеуден өткізуге күш салғаны байқалады. Мысалы, аталған округтегі Пушкин көшесі орташа жөндеуден өткен. Тұрғындардың сұранысы бойынша №31 мектепке апаратын «Төңкеріс» аумағындағы жол да реттелген. Бұдан соң біз Абай даңғылымен «Қапал» тұрғын алқабына өтетін көпірге беттедік. Негізі, бас инспектор «Қапал» каналына өткел қажет екенін тұрғындармен кездескенде біліп, мәселені дереу қолға алған екен. Сол көпірден сәл ары орналасқан темірді де байқадық. Сөйтсек, қатар тұрған екі темірді бұрын тұрғындар өткел ретінде пайдаланыпты. Ал оған жүрегі дауаламағандар аялдамаға Қапал көшесімен барған. Қауіпті аумақтан екінің бірі еркін өте алмайтыны анық. Енді көпір салынған соң, мектеп пен аялдамаға апаратын жолдың қашықтығы бір шақырымға дейін қысқарған. Тоғыз қабатты төрт үйдің бір мәселесі осылайша оңынан шешіліп отыр. Бірақ сол үйдің маңындағы екі жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған нысанға тұрғындар наразы. Сол мезетте Әмірхан Тоқтасынұлы бізге «сақалды» құрылысты барынша жеделдетуге қолдан келгенше ықпал ететінін айтты.

Әкім бол, халқыңа жақын бол!

Биыл қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың тапсырмасымен аумақтық округтің басшылары тұрғындармен бірнеше рет кездесу ұйымдастырды. Мұның да жөні бар. Себебі қала әкімі жыл ортасында округ басшыларын ротациялады. Әрине, жаңа округтің жағдайын бақылап, тұрғындармен байланыс- ты нығайту үшін бірінші кезекте кездесу ұйымдастыру қажет. Енді осы өзгеріс оң нәтиже беріп, жас инспекторлар тәжірибесін арттырып, бір аумақтың жоғын екіншісі түгендеп жатса, қанекей?! Осылайша бұрын №2 округті қадағалаған Әмірхан Тоқтасынұлы №3 округтің инспекторлығына ауысқаннан-ақ халық көп шоғырланған «Телеорталық», «Төңкеріс» аумағында тұрғындармен кездескен. Соның нәтижесінде аталған аумақта бас-аяғы алты көпқабатты үй модерни- зациядан өткен. Алғашқыда тұрғындар жөндеу жұмыстарының барысын жете түсінбей, секем алыпты. Себебі пәтер иелері жөндеу жұмыстарын әкімдік мойнына алып, шығынын да көтереді деп ойлаған. Ал кездесуден кейін көпқабатты үйдің тұрғындары пәтер иелері бірлестігін құрып, ымыраға келген. Кейін құжаттарды рәсімдеп, үйді жөндеуден өткізуге бірден келісіпті. Есесіне тұрғындар үйдің шатыры ауысып, подъезі жөнделіп, жертөлесі, ауласы жаңартылғанына алғыс айтуда. Бүгінде жұмыстың сапасы мен жұмсалатын қаражатын естіп-білген көрші үйлердің тұрғындары келер жылы көпқабатты үйлерін модернизациядан өткізу үшін құжаттарын жинауда.
№3 округ орталықтағы Сүлейменов көшесі мен Жамбыл даңғылының қиылысынан Шахристанға дейін созылса, төменгі бөлігінде «Ауыл-Береке» базарынан ары асқандағы үш алқапқа дейін жетеді. Онда 5 мыңнан астам халық тұрады. Шеткі ауданда шешілмеген шаруа көп болатыны белгілі. Ең бастысы, тұрғындар жарық пен көгілдір отыннан таршылық көріп отырған жоқ. Бірақ ауыз су, кәріз жүйесі, асфальт жол мәселесі күн тәртібінде. Сонымен қатар қоғамдық көліктер шеткі аумаққа жиі қатынамайды. Бірақ қала осы қарқынмен дамыса, алқап №14 ықшамауданмен қосылып, қаланың ең көрікті жеріне айналуы бек мүмкін. Бас инспектор да сол күнге дейін округті жандандырып, әлеуметтің ахуалын әкімге жеткізіп, жедел шешім қабылдаудан танбайтынын айтты.

Тұрғындардың жағдайы жіті бақылауда

Бірер апта бұрын, қала әкімінің аппаратында Әмірхан Қанаев Төле би көшесінде бұрын жатақхана болған №4 және №8 үйлердің мәселесін көтерген-ді. Ал бұған дейін Арбатқа қарсы орналасқан үйлерге бас инспектор округтен сайланған мәслихат депутаттары Мұрат Бердалиев және Әйгерім Дәулетбаевамен бірге барған екен. Ізінше жатақхананың әр бөлмесіне кіріп, үйдің жағдайын егжей-тегжейлі бақылаған. Анықталғандай, пәтердегі тұрғындардың ахуалы мәз емес екен. Нақтырақ айтсақ, үйдің электр желілері бұзылып, көпшілік газ баллонын пайдаланып, күнелтіп келген. Ең қиыны, №4 үйде тіпті кәріз жүйелері істен шыққан. Ескі жатақхананың іргесі сөгіліп, апатты жағдайға жеткен. Бұл ахуалды қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев те білетін көрінеді. Әкімдіктегі жиында бас инспектордың өтінішін тыңдаған Ержан Жылқыбаев Ғазиз Ералиевке аталған үйлердің кәріз жүйесін жөндеуді желтоқсан айында бастауды тапсырды. Қыстың көзі қырауда пәтерде күнелтіп жүрген ересектерді былай қойғанда, балалардың жағдайы кімнің болса да жанына батарлық.
– Бұған дейін аталған үйлерге шаһар басшысы да барып, мән-жайды өзі көрді. Біз бірнеше рет үй иелеріне пәтер иелері бірлестігі жайында айттық. Бірақ кейбір тұрғындар жағдайды жақсы білгенімен, қимылдауға құлықсыз екенін аңғартты. Себебі онда пәтерін жалға беріп отырғандар көп. Келісім бермей отырғандар да – солар. Дегенмен қала басшысының қолдауымен бүгінде сол маңға балалардың ойын алаңшасы соғылуда. Бұл да болса, әкімдік тарапынан шешілген үлкен мәселенің бірі болды, – дейді бас инспектор.
Шынтуайтында, біз де бас инспектордың осындай күрделі мәселелерде халықтың жағына шығып, басы-қасында жүргенінен бейхабар екенбіз. Әкімдік пен бұқараны байла- ныстырып, таразыны теңдей ұстау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Әмірхан тұрғын-дармен кезекті кездесуінде Абай көшесінің 3-ші бұрылысы жайында естіген. Кейін қала орталығындағы ұзын көшелердің бірі қазылып, жарықтандыру мәселесі әлі күнге дейін шешілмегенін көзбен көрген. Енді осы шаруаны бақылауына алған Әмірхан тұрғындардың өтінішін мейлінше қанағаттандыруға күш саламыз деп отыр.

Қала көркін кеңестік кезеңмен салыстыруға келмейді

Жақында қалада бұрын-соңды болмаған дүлей дауыл тұрып, тұрғындарды әуреге салған еді. Сол күні қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев бастаған комиссия шығын келген аумақтарды анықтап, ә дегеннен жұмысқа кірісіп кеткен еді. Бүгінде №3 аумақтық округте құлаған ағаштар алынып, электр сымдары қалпына келтірілген екен. Тек Сүлейменов көшесі, 18 «А» мекенжайындағы үйдің жабындысы бірер күнде толықтай реттелмек. Бұл жұмысты «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі құзырына алыпты.
Аумақтық округ инспекторларының жұмысы 8:00-де басталады. Олар бірінші кезекте қала тазылығына ден қойған соң, «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінен қоғамдық жұмысқа 9 адам тартылған. Таңертең №3 округтің ғимаратында бас инспектор жұмысшы топты жиып, тапсырма береді. Бұдан соң әр жұмысшы өзіне берілген тапсырманы орындауға аттанады. Осы тұста Әмірхан Қанаев қала тазалығына тұрғындардың атүсті қарайтынын жасырмады. Оның айтуынша, жұмысшылардың еңбегін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бүгін жиналған көше ертең қаз-қалпына келеді. Жұмысшылардың арасында 65 мың теңге жалақы үшін «Шөлдала» алқабынан, Байзақ ауданынан қатынайтындар бар екен. Бас инспектор қоғамдық жұмысшылардың жалақысы өссе құба-құп болар еді деген ойын жеткізді.
Биыл №3 аумақтық округте «Таразға тарту» жобасы бойынша Есенин саябағы жаңартылған. Оны қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев басшылыққа алып, жөндеуден өткізген. Әмірхан Тоқтасынұлы сонау 90-жылдарды еске алып, қаланың сәулетін өткен кезеңмен салыстыруға келмейтінін марқая айтты. Тәжірибелі маманның бұл сөзімен біз де келісе келе, жұмысына табыс тіледік.

Сәндібек Піренов 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.