Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ең үлкен сын – күнде адам болып қалу»

0 423

Тәуелсіздіктің бізге оңай келмегені, оның жолында талайдың құрбан болғанын бүгінгі ұрпақ ұмытпақ емес. Ал егемендік жолында қызмет етіп, сан түрлі саланың дамуына үлес қосып, бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырған жандар арамызда. Біздің қоғамда ісінен үлгі-өнеге алатын жандар жеткілікті. Олар ел дамуына сіңірген еңбегімен, азамат деген атқа лайықты іс жасай алғанымен халықтың ыстық ықыласына ие болады. Облыстың Құрметті азаматы, өз өмірін мемлекеттік қызметке арнап, комсомол хатшылығынан бастап Президент Әкімшілігінде, Парламент Сенаты мен Мәжілісі аппаратында қызмет атқарған Әмзебек Жолшыбековпен Тәуелсіздік күні қарсаңында сұхбаттастық.

– Әмзебек Рысбекұлы, сізді жамбылдықтар саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, аудандық комсомол комитетінің хатшылығынан Президент Әкімшілігінде, Парламент Сенаты мен Мәжілісі аппаратында жауапты қызметтер атқарған жан ретінде біледі. Сондықтан әңгімемізді өткен күндерді еске алудан бастасақ…

– Қазақ адамның ғұмырына қатысты түсініктеме бергенде, оны «қамшының сабындай қысқа» деп сипаттап жатады. Біреуге көп, ал біреулерге аз болар, ғұмырымның 48 жылын мемлекеттік қызметке арнаппын.

Институтты бітіріп, өзімнің өсіп-өнген Шу ауданына аттанғаным күні кешегідей көз алдымда. «Бірлік» астық қабылдау кәсіпорнында цех басшысы ретінде қызметке араластым. Сол кәсіпорында 3 жылдай еңбек еттім.

Мен өзім көпбалалы отбасында өстім. 19 жасқа толар-толмастан әкем Рысбек дүниеден өтті. Өзімнен кейінгі 3 қарындасым мен 3 ініме бас-көз болу жауапкершілігі маған жүктелді. Менің әкем Рысбек те, атам Жолшыбек те ата-анасынан жалғыз еді. Әкем қайтыс болған соң, бізге қол ұшын беретін ағайын-туыс болмады. Дегенмен «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деп жатады ғой. Өз заманында әкем Рысбек ішкі істер саласында, кейіннен аудандық партия комитетінің хатшысы болып еңбек еткен еді. Сондағы сол кісінің көзін көрген, сыйласқан азаматтардың біздің отбасыға деген ықылас-пейілі ерекше болды. «Бірлік» астық қабылдау кәсіпорны басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып жүргенімде, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуарбек Жүнісәлиевпен ойда-жоқта кезігіп қалдым. Амандық-саулықтан соң, ол кісі мені өзінің қабылдауына шақырды. Келесі күні өзім қызмет ететін кәсіпорын басшысына мән-жайды толық баяндадым. Өз кезегінде басшым: «Бұл кездейсоқ емес. Шақырса, баруың керек», – деп шығарып салды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен екеуара әңгімеміз біздің отбасының ахуалы төңірегінде өрбіді. Ол кісі менің астық қабылдау кәсіпорнындағы қызметім жайында хабардар екенін айтты. Кездесу соңында маған аудандық партия комитетінде қызмет атқаруға ұсыныс жасады. Әрине, ол кезде менде жастармен жұмыс жасауда айтарлықтай тәжірибе болған жоқ. Рас, кәсіпорындағы комсомол ұйымына қоғамдық негізде жетекшілік еттім. Содан не керек, көп ұзамай мен аудан жастарының комсомол ұйымының жетекшісі болып тағайындалдым. Осылайша, әуелі партиядағы, кейін тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек жолым басталып кетті. Аудандық комсомол ұйымына 6 жыл жетекшілік жасадым. Осы қызметте жүріп, Мәскеуді көрдім. Халықпен қызмет жасауды үйрендім. Түрлі деңгейдегі мінберден өз ойымды айтуға дағдыландым. Көп ұзамай аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Одан кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық партия комитетінің екінші, бірінші хатшысы сынды қызметтер бірінен соң біріне жалғасып кете берді. Небәрі 38 жасымда Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болдым. Сол мезгілдегі одақтық деңгейдегі басшылардың орта жасымен есептегенде, мен олардың немересімен жасты болар едім. Бұл қызметте 2 жылдай еңбек еттім. Содан соң ойламаған жерден Орталық комитетте қызмет жасау туралы ұсыныс түсті. Егемен Қазақстанның алғашқы күнінен бастап қолдан келгенше адал еңбек еттік. Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі сынды қызметтерде жүріп тәжірибе жинадым. Жауапкершілігі мол қызметте алдыңғы толқын ағалардың ақыл-кеңесіне жүгіндім. Үлкендерден алған тәлім мен тәрбиенің арқасында бірде-бір тәртіптік жазаға тартылған емеспін. Парламент Мәжілісінің екі шақырылымында депутат та болдым. Бұл орайда маған сенім артқан жамбылдықтарға айтар алғысым шексіз.

– Халқымыз аңсап жеткен тәуелсіздіктің қалыптасуында сіздің де қолтаңбаңыз бар. Егемендік жылдары қандай қызметте болдыңыз?

– Шыны керек, мен бала күнімнен қос кезеңнің де куәсі болдым. Талай басшымен қызметтес болдым. Кеңес үкіметінде талай қызметте болып, талай мінберлерден сөйледім. Ал 1991 жылы Кеңес үкіметі құлдырап, ертеңгі күннің не боларын, енді қалай мемлекет боларымызды білмей абдырап қалдық. Бір сөзбен айтқанда, айналамыз хаос болды. Сол уақыттан 3 ай бойы жұмыссыз жүрдім. Үйде отыра беруге де болмайды. Сонымен мені сан түрлі қызметке шақырды. Содан ол кездегі «ПОШ» жүн өңдеу кәсіпорнына басшылыққа баратын болдым. Сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен жарты сағатта қызметке барып отыруым керек болатын. Бірақ ол кәсіпорынның ұжым мүшелері мені қабылдамады. Сол кездегі басшылары 20 жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан болатын. Содан не керек, қарсылыққа қарамай, 2,5 сағатқа созылған жиналыстан кейін басшылық қызметке отырдым. Уақыт өте келе қызметіме сіңіп, маған қарсы болған жұмысшы топ біртіндеп кабинетіме кіріп, қателескендерін жеткізді. Ол ұжымда 2 жыл қызмет еттім. Ол кезде жаңадан қалыптасып келе жатқан ұғым «акционерлік қоғам» деген статусты кәсіпорынға алып бердім. Ол кезде арнайы заң да жоқ. Сосын кәсіпорыннан ауысатынымды естігенде, әріптестерім жібермейміз деп тағы шу шығарды. Ол еңбек ұжымының үлкен сенімі деп білемін. Содан не керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізге оңай болмады. Заң жоқ, кімнің, қалай қызмет ету керектігі, міндетіне не кіретіндігі белгісіз. 1997 жылы елордамыз Астанаға ауысқаннан бастап мен Елбасының қасынан табылдым.

Бірде Атырау, Ақтау елді мекендеріне барып, әкімдерді ауыстыру туралы жиын өтетін болды. Тиесілі құжаттар менің қолымда. Елбасымен ұшақтан түсіп, жиынға дейін сөйлесудің реті келді. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Әмзебек, сен Астанада там салдың ба?», – деп сұрақты тосыннан қойды. Мен: «Өздеріңіз берген пәтер бар ғой, қаланың «Самал» ықшам ауданындағы», – дедім. Ол кісі үндемеді. Содан мен неге ол кісі мұндай сұрақ қойды деп ойланып, артынша: «Балаларым осында, тамырымызды Астанада жайып, осында өсіп-өнсек пе дейміз», – деп едім күлді. Ойлап қарасам, ол кезде қазіргі Астана емес, аяғын тәй-тәй басқан елдің жаңа келбетін құру оңайға соқпады. Оңтүстіктің адамы болған соң, Елбасы мені бұл жерде тұрақтайды ма, жоқ па деп сынағысы келген-ау деген ой түйдім. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Сан жылдары сан түрлі қызметте болдым. Парламент қабырғасында жүріп, «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясына жетекшілік жасадым. Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқардым. Депутат ретінде Жер шарының түкпір-түкпірін аралап көрдім. Біріккен Ұлттар Ұйымының қабырғасындағы үлкен жиынға қатыстық. Еуроодақтың Парламенті мінберінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің атынан сөз сөйлеу мәртебесіне де ие болдым. Бұл сәттердің барлығы ешқашан ұмытылмайды. Сондай-ақ еліміздің шекарасын бекіту заңының жасалуында жұмысшы топтың құрамында болу маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Бір шеті Қытай, бірі Ресей болса, алпауыт мемлекеттермен шекараны белгілеп, оны БҰҰ алдында бекітіп алу оңайға соқпады. Ол да өткен күннің еншісінде қалды.

– Араға 30 жылдай уақыт салып Тараз қаласына қайта қоныс аудардыңыз. Бүгінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасысыз. Жалпы қаланың бүгінгі кескін-келбетіне қандай баға бересіз? Қоғамдық кеңестің жұмысы туралы да айтып өтсеңіз…

– Соңғы екі жылда қаланың келбеті күрт өзгерді. Оған халық куә. Сыртта қызмет жасағанымызбен, елден қол үзген жоқпыз. Таразға келіп-кетіп жүрдік. Көне шаһардағы соңғы өзгерістерге көңіл толады. Елге келгеннен кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шақырып, Қоғамдық кеңеске келуімді айтты. Әрине, бұл – қоғамдық жұмыс. Біз ол үшін жалақы алмаймыз. Өзімізден кейінгі жастармен тәжірибе алмасып, оларды үйретіп, жол көрсетсек, біздің меже орындалды деп ойлаймын. Бүгінде халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналып, күрмеуі қиын мәселелерді шешуде кеңестің жұмысы жүйелі.

– Қоғам қайраткері ретінде сізді қоғамдағы қандай мәселе ойлантады?

– Бүгінгі қоғамдағы жастар тәрбиесі мен жемқорлық мәселелері жаныма қатты батады. Бұрын жастарды әуелі балабақша, одан соң мектеп, комсомол, партия тәрбиелейтін. Қазір балабақшаға баратын бүлдіршіндер үшін смартфонмен ғаламторға қосылу ешқандай қиындық туғызбайды. Ал ғаламторда не жоқ? Әрине, жаһандану жақсы. Әлеуметтік желінің де пайдасы көп. Алайда оның жақсы-жаманын сараптауға жастардың санасы қалыптаспаған. Міне, осы мәселені ойламасақ, ұлттық тегімізден айырылып қаламыз ба деген қауіп басым. Сол секілді жемқорлықтың өршуі де ойландырады. Өкінішке орай, біз бұл мәселенің түп негізімен күресе алмай келеміз. Қазына қаржысын өз қалтасымен шатастырғандардың әрекетін халық бес саусағындай біледі. Сондықтан жемқорлықпен шындап күресу керек.

– Сіздің алған марапаттарыңыздың ішінде ең бағалысы қандай?

– Шыны керек, талай марапаттар мен наградаларым үйде тұр. Бірақ оның ешқайсысын мақтанып, марқайып айтқым келмейді. Еңбек еленді, марапат берілді. Ал мен үшін ең үлкен бақыт – халықтың бағасы. Адам үшін ең үлкен сын – күнде адамның адам болып қалуы деп білемін. Қаншама жылдық қызметіңде сан түрлі оқиғалар мен сан түрлі адам алдыңнан шығады. Менің ұстанымым – кез келген уақытта барлық адамның көзіне тік қарау.

– Сүбелі әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.