Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбекақы өсіп, жәрдемақы ұлғайды

Биылдан бастап қандай заңдар күшіне енді?

0 994

Өткен жылдың соңында еліміздің одан әрі дамуы үшін бірқатар маңыз-ды заңдар қабылданды. Олардың кейбіреулері 2024 жылдан бастап күшіне енді. Осыған орай аталған құжаттардың ішіндегі ең маңыздылары және қазақстандықтардың өміріне қандай өзгерістер енгізетіні туралы шолу жасап көрген едік.

Ұлттық қор – балаларға

1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Оның шеңберінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы шоттарына аударылады. Ақша-ны тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға пайдалануға болады.

Бизнесті тексеруге мораторий аяқталды

Биылғы 1 қаңтарда шағын бизнес пен шағын кәсіпкерлікті тексеруге мора-торий аяқталады. Ол 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіліп, 14 негіз бойынша жүргізілетін тексерулерді қоспағанда, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне барумен тексерулер мен профилактикалық бақылауға тыйым салуды белгілеген еді. Бұдан былай бақылаудың барлық саласында тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіледі.

Зейнетақы 9 пайызға артты

Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2024 жылы базалық зейнетақы 7 пайыз өссе, ынтымақты зейнетақыға 9 пайыз қосылады. Заңға сәйкес, индексация жоспарлы инфляция деңгейінен 2 пайыз артық жасалады. Орташа жиынтық зейнетақы 2023 жылғы 1 желтоқсанда 120 838 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 950 теңге, базалық зейнетақы – 37 888 теңге.
2024 жылы Қазақстанда орташа зейнетақы 10 мың теңгеге өседі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
Министрдің айтуынша, 2023 жылы орташа зейнетақы мөлшері 120 мың теңге болса, 2024 жылы 130 мың теңгеге жетеді. Бұл БЖЗҚ төлемдері қосылмайтын бюджеттен төленетін зейнетақыға қатысты.
Сонымен қатар елімізде кеншілер зейнетке 55 жасында шыға алады. Ол үшін екі талапқа сай болуы керек: жасы 55-тен асуы және кейінгі 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы қажет.

1,8 миллионға жуық адамның еңбекақысы көбейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшерін 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге арттыру 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асатынын хабарлады. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Мемлекет басшысының айтуынша, еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбейді.

Бірыңғай жиынтық төлем енді болмайды

Жаңа жылдан баастап бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) қолдану кезеңі аяқталады.БЖТ енгізудің негізгі мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды медициналық және әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне уақытша 5 жылға (2019 жылдан 2023 жылға дейін) тарту болатын.
БЖТ күнтізбелік жылдағы табысы 1175 АЕК-тен аспайтын, жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, басқа жеке тұлғаларға қызметтер көрсететін және жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін өткізетін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған.
Сонымен қатар осы төлемді төлейтін тұлғалар жаңа жылдан бастап шарттарға сәйкес келесі салық салу режимдерінің бірін таңдай алады.

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды

Биылғы 1 қаңтардан жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі енгізілді. Оның шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы Декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті.
250.00 нысанын Мемлекеттік кірістер органдарына 15 шілдеден кешіктірмей қағаз түрінде, 15 қыркүйекте – «Салық төлеушінің кабинеті» web-қосымшасы немесе «e-salyq Azamat», «egov mobile», «Halyk» мобильді қосымшалары арқылы электрондық түрде ұсыну қажет (cabinet.salyk.kz).
2024 жылы 250.00 нысанын ұсынғаннан кейін 2025 жылдан бастап осы тұлғалар жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысан) табыс етуге тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, бірінші кезеңде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларация шеңберінде декларация тапсырылды:
• жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары;
• мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайлары;
• мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары.

Әлеуметтік төлем ережелері өзгерді

Жыл басынан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толған кезде арнайы әлеуметтік төлем алуға құқылы болды. Еңбек және әлеуметтік кодекстерге зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін тиісті толықтырулар енгізілді.
Төлем зейнеткерлік жасқа дейін жүзеге асырылады. Арнайы төлемдер алу үшін зиянды еңбек жағдайларымен жұмыстан кету керек.

Балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар ұлғайды

Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар да өседі. 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңге-ге дейін ұлғаяды.
Ал көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды;
Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы:
– I топ мүгедектігі бар адамдарға 95 496 теңге;
– II топ – 76 397 теңгеге дейін;
– III топ – 52 089 теңгеге дейін ұлғайтыла-ды.

Жұмыс берушілер зейнетақы аударымдарын жасайды

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) кезең-кезеңімен енгізу осы жылдан басталды. Бұдан былай жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) келесі жылы 1,5 пайыздан 2028 жылға қарай 5 пайызға дейін өз қызметкерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен енгізіледі.
Бірыңғай төлем құрамында МЗЖ төлеген кезде жалақыдан бірыңғай төлем ставкасындағы МЗЖ үлесі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызды құрайды.
Бұл шара қазақстандықтардың жас ұрпағын қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш құрамдас бөліктен құралады: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз аударымдары есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен.

Дактилоскопиялық тіркеу қолданылады

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке басты куәландыратын құжат беру кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеу қолданыла бастайды. Деректер қорына саусақ ізі дактосканерлер арқылы енгізіледі. Азамат келесі рет өтінім жасағанда оның кім екені саусақ ізі арқылы анықталады. Бұл жоба азаматтарға уақыт үнемдеп, құжаттарын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ең басты ерекшелігі – суретке түсірген кезде адамның бет-бейнесі танылады. Жобаны әзірлеушілер бұл заң негізінде алаяқтардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылады деп отыр. Яғни дактилоскопиялық тіркеу арқылы заңсыз құжат рәсімдеу фактілері болмайды.
Сондай-ақ заң жобасы негізінде 17 заңнамалық актіге, оның ішінде Қазақстанның 5 кодексі мен 12 заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу көзделген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.