Осыдан сегіз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің соңғы жексенбісін «Еңбек күні» деп бекіткені мәлім. Расында, бұл ұтымды бастама болғаны анық. Себебі еңбек адамы – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Оны дәйектеп отырудың да қажеті жоқ. Өйткені кез келген салада еңбек адамына сұраныс жоғары.
Еңбек күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының 2013 жылғы 22 қазандағы №698 Жарлығымен қоғамдағы адам еңбегінің беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды тартуға, жұмыс әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту мақсатында Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын нығайту шеңберінде белгіленді. Сонымен қатар «Еңбек ардагері» медалі бекітілді. Марапат еңбек қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізген өндіріс озаттарына, еңбек өтілі 40 жылдан асқан, бір салаға кемінде 10 жыл еңбек сіңірген жұмысшыларға беріледі.
Атаулы мереке қарсаңында биыл облыста атқарылған жұмыстардың барысына тоқталсақ, бүгінде өңірдегі еңбек адамдарының жағдайын бақылап, олардың құқығын қорғау мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Мысалы, аймақта еңбек дауларына байланысты жедел әрекет ететін жұмыс тобы құрылған. Сондай-ақ басқармамен бірлесіп «Ыстық нүкте» картасы әзірленді. Оған облыстағы еңбек адамының құқығы шектелуі мүмкін деп танылған 57 кәсіпорын еніп, тұрақты бақылауға алынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жасақталған арнайы еңбек картасына сәйкес, Жамбыл облысы «тұрақты» деңгейді көрсетіп отыр. Өңірдегі еңбек ұжымдарында саяси-психологиялық ахуал да тұрақты. Жыл басында жекелеген кәсіпорындарда мамандар тарапынан жалақы өсіру мәселесі бойынша қайшылықтар туындағаны жайлы әлеуметтік желіде ақпарат тараған болатын. Белгілі болғандай, жұмыс барысындағы келеңсіздік туралы жазбаны «Жамбыл Цемент» өндірістік компаниясының, «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының, Шу ауданындағы НТФ компаниясының қызметкерлері жариялаған. Бүгінде аталған кәсіпорындарда жағдай тұрақталып, жұмыс штаттық режимге қайта ауысты. Тек НТФ компаниясына қатысты мәселе әлі сотта қаралуда. Қоғамда, өкінішке қарай, еңбек адамдарының құқығына бейжай қарайтындар көбейгені рас. Әлеуметтік желіде жұмыс берушіден өзіне тиесілі қаражатты ала алмау фактілері де жиілеп барады. Осындай мәселелерді зерделеу барысында шағымданып отырған азаматтың жұмыс берушімен еңбек шартын жасамағаны анықталып жатады.
Тамыз айында Шу бағытындағы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолын қайта құрылымдауды қолға алған компанияның қосалқы мердігері «Өздемир Констракшн» ЖШС-нің жұмысшылары мердігер «Синьсин» құрылыс және дамыту Қытай компаниясы» ЖШС-нің Шу ауданындағы учаскесінің алдына жиналып, басшылықтан өткен айдың жалақысын төлеуді талап еткен. Сонымен аталған жағдайды мемлекеттік еңбек инспекторы зерделеп, «Өздемир Констракшн» ЖШС-нің 106 жұмысшыға берешегі шілде айында 37 360 000 теңгеге дейін жеткенін анықтаған. «Өздемир Констракшн» ЖШС-нің мәліметінше, қарыз дауы Шу ауданындағы «Синьсин» ЖШС-нің тиісті соманы уақытында аудармауынан шығып отыр. Сонымен қатар «Өздемир Констракшн» ЖШС-нің басшылығы ағымдағы жылдың маусымында 82 жұмысшының 31 696 533 қарызын өтеу үшін 50 000 000 теңге несие алуға мәжбүр болғанын мәлімдеді.
Бүгінде еңбек қатынастары мәселесіне қатысты қайшылықтар облыстық, аудандық және қалалық деңгейдегі әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияларда тұрақты түрде қаралуда. Жыл басынан облыста үшжақты комиссияның қатысуымен 76 отырыс өтті. Бұл жиындардың пайдасы орасан. Себебі биыл жұмыс берушілердің 218,2 миллион теңге көлемінде берешегі анықталып, өндірілген. Осылайша 1374 жұмысшының еңбек құқығы қорғалды.
Еңбек қатынастары саласының негізгі бағыттарының бірі – жұмысшының қауіпсіздігін мейлінше қадағалау. Нақтырақ айтқанда, жазатайым оқиғалардың алдын алу мен өндірісте жарақат алғандардың санын азайтуға бағытталған Жол картасы бекітіліп, сол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жол картасына сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп, жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігіне бағытталған 90 іс-шара ұйымдастырылды. Соған қарамастан, жұмыс барысында 23 жазатайым оқиға орын алып, онда 26 адам зардап шекті. Ал оның ішінде 12 азамат жазмыштан ажал құшқан.
Иә, биылғы көрсеткіштерді сараласақ, қоғамда әлі де болса еңбек адамдарына қамқорлық пен құқықтық қорғау қажет екенін аңғарамыз. Бірақ, шынтуайтында, олар – қоғамның тірегі. Сондықтан жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы құқық бұзушылық фактілерін байқаған кез келген адам тиісті мекемелерге хабарлағаны ләзім.
Осы ретте барлық еңбеккерлерді келе жатқан Еңбек күнімен құттықтаймын. Жұмыстарына жеміс, отбасыларына бақыт тілеймін. Тірлігіміз табысты, қызметіміз қауіпсіз болғай!
Ернар Есіркепов,
облыс әкімдігі еңбек
инспекциясы басқармасының басшысы