Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Достық үйінде қытай мәдени орталығының этнографиялық жеке коллекциялар көрмесі өтті

0 51

Тараз қаласының Достық үйінде Жамбыл облыстық «Қытай мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Қытай өнеріндегі мөр, кескіндеме және каллиграфия» атты өнер және этнографиялық бірегей жеке коллекциялар көрмесі өтті.
Көрме ұйымдастырудағы мақсат – этносаралық қатынастарды нығайту, жалпықазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және қытай халқының мәдениеті, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, халық шығармашылығы және салт-дәстүрлерімен көпшілік қауымды таныстыру, жалпы тарихи құндылықтарды сақтай отырып, келешек ұрпақтарына дәріптеп, мұра етіп қалдыру.
Шараға облыстық қытай бірлестігінің мүшелері, қолөнершілерінен бөлек, аталған бірлестіктің төрағасы Галина Юрьевна Воробьева және ұйғыр, өзбек, қарашай-балқар, неміс, украин, еврей, орыс, кәріс этномәдени бірлестіктері өкілдері мен өңірлік БАҚ тілшілері және блогерлер де қатысты.
Қытай жаңа жылы қарсанында орын алған іс-шараның ашылуында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев сөз сөйлеп, көрмені ұйымдастыруға және экспонаттарды жинақтауға белсенді атсалысқан азаматтарды марапаттап, алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қытай этномәдени бірлестігінің төрағасы Галина Воробьева да этностың ерекше мерекелік күнімен құттықтап, көрменің маңыздылығына айрықша тоқталды.
Жиынға қатысушылар қытай этносының ұлттық киімдері, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, тұрмыстық заттары, ұлттық тағамдары, тарихи кітаптары және өзге де құнды жәдігерлерімен танысты. Ұсынылған экспонаттар қытай этносының мәдени мұрасын, тарихы мен өмір салтын айқын көрсетіп, көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Бай мәдениетімен ерекшеленетін қытай халқының салтанатты жиынында жаңа жылдық ойындар ұйымдастырылып, арнайы мерекелік қапқа салынған тілектер таратылды. Ақ қағазға жазылған әрбір ақ тілек келушілерге ерекше өзіндік қуаныш сыйлады.
Аталған көрме қытай ұлттық мәдени байлығын насихаттаумен қатар, этностың этнографиялық құндылықтарын сақтай отырып, оны келер ұрпаққа құрметпен жеткізуді айқындай түсті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.