Қалалық қоғамдық-саяси газет

Діні қуатты елдің діңгегі берік

0 358

Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Оның басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдайға сенімі.

Қазақстан Республикасы 1991 жылғы 16 желтоқсан күні өзінің тәуелсіздігін жариялады. Содан бері елімізде басқа республикалардағы, атап айтқанда, Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, Таулы Карабахтағы және Шешенстандағы сияқты ұлтаралық және діни негіздегі қақтығыстар орын алмай, қоғамымыз тұрақты, тыныштық жағдайында дамып, өзінің алдында тұрған келелі әлеуметтік-экономикалық және саяси міндеттерді абыроймен орындап келе жатыр. Дегенмен қоғамымызда қалыптасқан саяси тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырған, еліміздегі этносаралық және дінаралық келісімнің шырқын бұзуға бағытталған арандатушылық іс-әрекеттерді жүзеге асыруға ұмтылып отырған түрлі діни-экстремистік ұйымдар мен діни-радикалдық ағымдар жоқ емес. Бұл ұйымдардың әрекеттеріне және олардың нәтижелі болуына Қазақстандағы жағдайға өз ықпалдарын жүргізуге тырысып отырған белгілі бір саяси күштер мен топтардың мүдделі болып отырғандығы даусыз. Жоғарыда аталған ұйымдар қатарында Қазақстан аумағында әрекет етуге тыйым салынған «Хизб-ут Тахрир», «Аль-Каида», «Лашкар-и Таиба», «Таблиғи Жамағат», «Жамағат-ут Такфир» сияқты діни-экстремистік ұйымдар мен діни-радикалдық ағымдарды, соның ішінде әсіресе соңғы жылдары өзінің ықпалын таратуға күш салып отырған, өздерін сәләфилерміз деп атайтын ағымды атауға болады.
Әрине, еліміздегі діни ахуалдың ерекшеліктерінен және діни-радикалдық ағымдардың әрекеттерінен хабарсыз, қоғамдағы тыныштық күйге бойы үйреніп қалған адамға Қазақстандағы діни экстремизм қаупі біздің өмірден алшақ, болуы мүмкін емес бос қиял сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал ондай қауіптің жүзеге аспауы, мүмкіндіктен шындыққа айналмауы үшін ол қауіппен дәйекті түрде күресе отырып, оны болдырмау жолдарын және алдын алу шараларын қарастыру қажет.
Біздің ойымызша, еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын сақтай отырып, оның шиеленісуіне әкеліп соғатын діни экстремизм қаупін болдырмау үшін оның алдын алуға бағытталған іс-әрекеттердің басты, негізгі бағыттары мыналар:
1. Діни экстремизмге қарсы күрестің құқықтық негізін қалыптастыру және құқық қорғау, Ұлттық қауіпсіздік органдары мен басқа да мемлекеттік қадағалау органдарының бұл қауіппен күресу барысындағы пәрменді іс-әрекеттері;
2. Діни экстремистік ұйымдардың әлеуметтік негізінің қалыптасуына жол бермеу, оны болдырмау. Бұл шарт өз негізінде орталық және жергілікті өкімет орындарының әлеуметтік салада халықтың мұң-мұқтажын, талап-сұраныстарын ескере отырып әлеуметтік бағдарланған саясат жүргізуін талап етеді;
3. Діни экстремизм идеяларының дәйексіздігі, олардың еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығына аса зор қауіп төндіретіндігі, әлеуметтік қақтығыс пен қантөгістерге апарып соқтыратындығы жайында халық арасында, әсіресе өмірлік тәжірибесі жоқтығынан алданып қалатын жастар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізу, яғни басқаша айтсақ, идеологиялық күрес.
Бірінші бағыт: Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары дін саласындағы қызметті реттейтін заң нормаларының болмауы және бұл салада құқықтық тәжірибенің жоқтығы шетелдерден келген түрлі діни ағымдар мен ұйымдар өкілдерінің, әр алуан миссионерлердің заң орындарының қадағалауынсыз өз беттерімен, тіпті ресми түрде тіркеусіз, ұлтымыздың рухани тұтастығына қауіп төндіретіндей іс-әрекеттер жасауына апарып соққан еді. Дегенмен уақыт өте келе олқылықтардың орны толып, ең әуелі 1992 жылы дін саласындағы қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Одан кейін жоғарыда аталған олқылықтардың орнын толтырып, түзеу үшін діни бірлестіктердің мемлекеттік тіркеуден өтуін реттейтін «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және ол Заңға қосымша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Ережесі қабылданған болатын. Ал 2005 жылғы 18 ақпан күні «Экстремизмге қарсы әрекет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Әсіресе соңғы аталған заң діни экстремизмге қарсы күрестің құқықтық нормалар шеңберін белгілеп берді. Сонымен қатар соңғы қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі және Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне енгізілген өзгертулер де діни экстремизмге қарсы күрестің құқықтық мүмкіндіктерін арттыра түсті. Атап айтқанда, республикамыздың Азаматтық іс жүргізу кодексіне 2005 жылы 23 ақпан күні енгізілген өзгертулерге сәйкес, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры 2005 жылы 16 наурыз күні Астана қалалық сотына «Хизб-ут Тахрир» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның қызметіне біздің елдің аумағында тыйым салу жөнінде шағым берді және ол шағым бойынша сот аталған ұйымның қызметіне тыйым салу жөнінде шешім қабылдады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2007 жылы ақпан айында таратқан мәліметіне сәйкес, 2006 жылы желтоқсан айының бас кезінде Қазақстанда тыйым салынған «Хизб-ут Тахрир» діни экстремистік партиясының оңтүстік облыстардағы жергілікті ұйымдарының қызметі тоқтатылған. Жүргізілген құқықтық операцияның нәтижесінде аталған партияның бірқатар басшылары мен белсенді мүшелері ұсталып, қамауға алынған. Тінту барысында 25 мыңнан астам үндеу қағаздары мен 900-ге жуық діни экстремистік мазмұндағы әдебиеттер және компьютерлер мен тыйым салынған материалдарды көбейтуге арналған типографиялық қондырғылар тәркіленген.
Шындығын айту керек, 1992 жылғы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң күшейіп келе жатқан діни-экстремистік және радикалдық ағымдардың заңсыз үгіт-насихаттары мен іс-әрекеттеріне уақыт талабына сай тосқауыл қоя алмады. Оның үстіне Қазақстанның бірқатар аймақтарында діни-экстремистік және радикалдық ағымдар үгіт-насихаттан нақты лаңкестік іс-әрекеттерге көшіп, соның салдарынан қан төгіліп, адамдар өлімі орын алып жатты. Егер нақты деректер келтірер болсақ, 2010 жылы маусым айында Маңғыстау облысында орналасқан қатаң тәртіптегі колониядан діни-экстремистік ұйымның мүшелері жаппай қашып шығып, нәтижесінде олардың бір бөлігі әскери топ жауынгерлерімен қақтығыста қайтыс болса, ал екінші бөлігі өздерін өздері жарып жіберген. Ал 2011 жылғы 17 мамыр күні Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимаратының алдында діни-экстремистік ұйымның мүшесі болған азамат өзін-өзі жарып жіберген. 2011 жылғы 24 мамыр күні болса, Астана Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті уақытша ұстау изоляторы ғимаратының жанында автокөлік жарылып, машинада болған екі адам сол жерде жан тапсырған. Алысқа бармай-ақ, 2011 жылғы қазан айындағы Тараз қаласында орын алған қайғылы оқиғаны атап өтсек те болады. Сол кезде бір ғана содыр Қариевтің лаңкестік әрекетінен 7 адам қаза тауып, бұл лаңкестік қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелді. Еліміздің әр жерінде орын алып жатқан осындай келеңсіз себептерге және дін саласындағы өзекті мәселелердің шешімін табу және реттеу қажеттілігіне байланысты 2011 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылып, ал сол жылы 11 қазан күні «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заңда елімізде әрекет ететін діни бірлестіктердің қызметіне және оларды тіркеу тәртібіне қойылатын құқықтық талаптар күшейтілді. Жаңа заңның талабы бойынша еліміздегі діни бірлестіктер бір жылдың ішінде қайтадан тіркеуден өтулері тиіс болды. Соның нәтижесінде 2011 жылдың 1 қаңтарына дейін 46 конфессия мен деноминацияларды біріктіретін 4 551 діни бірлестіктер мен заңды тұлға белгілері жоқ саны аз діни топтардан елімізде 17 конфессия өкілдері құрайтын 3 088 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары қалды. Дәстүрлі емес діни бірлестіктердің басым бөлігі қайта тіркеуден өтпеді. Осылайша діни бірлестіктердің 32 пайызы немесе үштен бірі қысқарды.
Қалай десек те, Ұлттық қауіпсіздік органдары діни-экстремистік ұйымдарға және олардың іс-әрекеттеріне қарсы белгілі дәрежеде табысты түрде күрес жүргізіп, сәтті нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бірақ егер біз діни-экстремистік ұйымдардың іс-әрекетімен және солардың салдарымен ғана күрес жүргізетін болсақ, онда біз ылғи тек олардың ізімен, соңында ілесіп жүретін жағдайға душар болар едік. Сондықтан бұл ылаңмен тек құқықтық шаралар қолдану арқылы күресіп қана қоймай, діни экстремизм әрекеттерін болдырмауға және тұрғын халық арасында олардың алдын алуға бағытталған түрлі әлеуметтік шаралар да үлкен маңызға ие.
Екінші бағыт: Ұлттық қауіпсіздік органдарының мәліметтері және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келген деректер еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында діни-радикалдық ағымдардың тұрғын халықтың белгілі бір бөлігі арасында өз ыкпалдарын айтарлықтай таратуға қол жеткізгендіктерін көрсетеді. Осыған байланысты, «Қандастарымыз, әсіресе жастар қалайша діни-экстремистік насихаттың шырмауына ілініп қалды екен?» деген заңды сұрақ туады. Айрықша атап өту қажет, діни-экстремистік ұйымдардың өкілдері арнайы теориялық, идеологиялық дайындықтан өткен, біздің қоғамның, әлеуметтік өміріміздің осал тұстарын, келеңсіз құбылыстарын өздерінің үгіт-насихаттарында шебер пайдалана білетін, пікір таластыру барысында дайындығы нашар қарсыласын күрделі сұрақтармен ойландырып, тығырыққа тірей алатын кісілер болып келеді. Мәселен, бұл жайында филология ғылымының докторы Сәмен Құлбарақов Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде 2003 жылғы 23 қыркүйек күні жарияланған мақаласында былай деп жазады: ««Хизб-ут Тахрир» бұл өлкедегі халықтың басым бөлігінің тұрмыс жағдайларының төмендігін өз мақсаттарына шебер пайдаланған. Үгіт-насихаттарында қоғамның ең бір кереғар тұстарын тілге тиек еткен.
– Қарындасыңыздың өз тәнін саудаға салуы, ініңіздің ішімдік ішуі мен наша тұтынуы сіздің көңіліңізді көншітеді ме? Әлде сіз шенеуніктердің парақорлығына әлі де көне бересіз бе?
Әрине, көңіліңіздің жанды жерінен тиген сұрақ сізді де елең еткізетіні шындық. Бірақ олардың осындай бағыттағы егілте айтатын әңгімесінің түп-төркіні айналып келгенде мынаған тірелер еді: «Біз өтірік алдау, жезөкшелік, маскүнемдік, нашақорлық болмайтын бүкіл әлемдік халифат құрамыз». Үгіт насихатқа сеніп, оған бой алдырған адамның одан қайта шығуы қиынның қиыны. Сондықтан да мұндай астамшылдық пиғылдан сақ болайық, ағайын», – деп тұжырымдайды өз ойын С.Құлбарақов.
Сонымен, Қазақстан аумағында тыйым салынған «Хизб-ут Тахрир» және «Ислам мемлекеті» ұйымдарының және соған ұксас басқа діни-экстремистік ұйымдардың саяси мақсаты –
Қазақстандағы Ата Заңымызда бекітілген мемлекеттік құрылысты өзгерту және елімізде халифат орнату. Ал мемлекеттік қызметтегі кісілердің жіберген кемшіліктері мен шалағайлықтарын діни-экстремистік ұйымдар өздерінің насихаттарында тілге тиек етері сөзсіз.
Үшінші бағыт: Діни-экстремистік ұйымдардың үгіт-насихат жұмыстарының тұрғын халықтың белгілі бір бөлігінің, әсіресе кейбір жастардың арасында нәтижелі болуының, олардың діни-экстремистік идеяларының ықпалына берілуінің басты себептерінің бірі – жастар арасында діни сауаттылықтың төмен дәрежеде екендігі, діни білімі және түрлі діни ағымдар арасындағы айырмашылықтар жөніндегі білімдерінің нашарлығы. Бұқаралық ақпарат құралдары келтіріп отырған мәліметтерге сүйенер болсақ, діни-экстремистік ұйымдар өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын діни түсініктері, дүниетанымдық ұстанымдары қалыптасып қалған ересек кісілер арасында емес, негізінен дін жайындағы дүниетанымдық көзқарастары әлі қалыптасып үлгермеген, түрлі діни уағыздарға тез иланатын жастар арасында көбірек жүргізеді. Осыған байланысты діни-экстремистік идеяларға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және ол жұмыстарды тұрақты, дәйекті және жүйелі түрде жүргізу қажеттігі туындайды. Сөз орайы келгенде айта кету қажет, мәселен, қазақ халқы қаншама ғасырлардан бері Ислам дінінің суниттік бағытын, оның ішінде дұрыс деп саналатын төрт мазхабтың өте кең тараған түрі – Әбу Ханифа мазхабын ұстанады. Ал енді сол Әбу Ханифа мазхабының басқа мазхабтардан айырмашылығы – өзіндік ерекшеліктері қандай, мұны діндар кісілердің белгілі бір бөлігі біле бермейді, жігін ажыратып айтып бере алмайды. Ал бұл жағдай шетелдерден келген көптеген исламдық негіздегі діни ағымдар өкілдерінің, әсіресе уахабилердің қазақ халқының дәстүріне сіңіп кеткен кейбір жораларды «ширқ» деп жариялап, ондай жораларды орындауды «күпіршілік» дей отырып, қандастарымыздың арасында жікшілдік ұрығын себуге мүмкіндік беріп отыр.
Жоғарыда аталған жайттар діни экстремизмге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын, біріншіден, негізінен әсіресе жастар арасында жүргізу қажеттігін, екіншіден, оның теориялық дайындығы жоғары, білімді, кәсіпқой мамандар тарапынан жүргізілуін талап етеді. Егер талапқа сай теориялық және әдістемелік жоғары деңгейде өткізілетін болса, үгіт-насихат жұмыстарының оқушы және студент жастардың діни сауаттылығын арттырудағы маңызы, сонымен қатар олардың діни экстремизмге қарсы иммунитетін қалыптастыруға тигізетін әсері жоғары деп айтуға болады. Әрине, мұндай үгіт-насихат жұмыстарын орта мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында және тұрғын халық пен еңбек ұжымдарында жүйелі түрде ылғи өткізіп тұру қажеттігі – бүгінгі күн талабы. Жергілікті жердегі діни ахуалға байланысты нақты жағдайларды ескеріп, тұрғын халықтың және еңбек ұжымдары мен оқушы, студент топтарының талап-тілектері мен сұраныстарын негізге ала отырып жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының пәрменді болары даусыз. Сонымен қатар бұл бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде қазіргі кездегі әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану да өз нәтижесін берері сөзсіз.
Бірақ, өкінішке орай, діни экстремизмге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын тек оқу орындары мен еңбек ұжымдарында өткізумен шектелуді жөн деп санайтын жауапты лауазым иелері жоқ емес. Егер бұл мәселеге байсалдылықпен әрі үлкен жауапкершілікпен қарайтын болсақ, онда қазіргі таңда үгіт-насихат жұмыстарын мешітте жиналатын көпшілік арасында, соның ішінде намазға жығылып жүрген жастар арасында жүргізу қажеттігін түсінген болар едік. Өйткені діни-экстремистік идеялардың ықпалына берілетін адамдар – діндар адамдар, ал діндар адамдардың міндетті түрде жиналатын жері – мешіттегі жұма намазы. Түрлі діни-экстремистік және радикалдық ағымдардың өз үгіт-насихаттарын жүргізетін және діни білімі аз жастарды өздерінің қармақтарына іліктіріп, шырмауына түсіруге тырысатын жерлері де ғибадат ететін орындардың айналасы. Сондықтан да дін саласында мемлекеттің саясатын жүргізіп, оның ұстанымын жүзеге асыруға жауапты құзыретті органдардың қызметкерлері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жергілікті жерлердегі өкілдерімен, мешіт имамдарымен тығыз байланыста және ынтымақтастықта осы бағытта нәтижелі қызмет атқарғандары еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға бағытталған игі тірлік болар еді.
Қорыта айтқанда, теріс діни ағымдардың ықпалымен және діни экстремизм қаупімен күрес – еліміздің, жалпы қоғамымыздың алдында тұрған аса маңызды және де жауапкершілігі мол міндет болып табылады. Өйткені тағдыр таразысында еліміздің ертеңгі күні, халқымыздың тағдыры және жастарымыздың болашақ өмірі тартулы тұр. Сол үшін бұл жауапты іске әрбір азамат, әрбір қоғам мүшесі өз қабілеті жететін деңгейде үлесін қосып, атсалысу керек деп санаймыз.

Режеп Баярисов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.