Қалалық қоғамдық-саяси газет

Діни сауаттылық адасудың алдын алады

0 43

Соңғы жылдары Қазақстан қоғамында діннің мәртебесі мен беделі көтеріліп, дінге сенушілердің саны артты. Дін факторының белсенді рөл алуына байланысты өзіндік бірқатар мәселе туындады. Әсіресе діни сауатсыздықтың салдарынан орын алған келеңсіздіктер жалпақ жұртшылықпен қатар, дін мамандарын да алаңдатқаны анық. Осы орайда діни сауаттылық мәселесін арнайы қозғамақпыз.

Бүгінгі күні қоғамдық проблемалар қатарында дін жолында адасушылар да өз алдына бір топты құрап отыр. Дінге үлкен сеніммен келгенімен, үйретушісі дұрыс болмаса, ол адамның жалпы дін жолынан, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандарына тән жолдан ауытқып кетуі өте оңай. Қазақстан мұсылмандары сунниттік, оның ішінде Ханафи мәзһабын, Матуриди ақидасын ұстануымен және жергілікті ғұрыпқа да көңіл бөлуімен ерекшеленеді. Қазақ жерінде Ислам ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуында өзіндік зор үлес қосып, халықтың күнделікті әдет-ғұрып, салт-дәстүріне терең сіңіп кетті.
Дегенмен дін оқуын алыс шетелде оқып келгендер немесе шетелдік діндарлар осы ерекшеліктерге сай Исламды түсіндіру керегін ескермегендіктен, біраз жастар өз жерінде қалыптасқан Исламның ерекшеліктерімен санасуды ескермеді. Ширк, күпір, бидғат, жиһад деген сөздермен қалыпты көп нәрсені терістеп, керек десеңіз, шын Исламды іздеумен Сириядан бір-ақ шықты. Өздерінің қатты алданғанын олар кеш ұқты.
Деструктивті сипаттағы теріс діни ағымдарға ерген жастар аят-хадистерде айтылған жайттардың астарындағы даналыққа үңілмеді, діни мәтіндерге үстірт қарады, тарихты оқымады, мәдениетті елемеді, келте діни түсінікпен ата-ана, туыс-туған, дос-жарандарынан безінді, дәстүріне қарсы шықты, қабірлерді қиратты, мемлекет билігіне қару алып қарсы тұрып, кейбір зайырлы білім пәндерін қабылдамады, қоғамнан оқшауланып, өздерінен басқаларды адасушы деп түсінді, біржақтылыққа ұрынды. Діни экстремизм бабымен істі болып, лаңкестігі үшін түрмеге қамалды. Мұның бәрі де діни сауаттың төмендігінен болып отыр. Діни сауаты төмен адам дін деп айтылған әрбір сөзге тез иланады, сындарлы ойламайды, мәліметтің ақ-қарасын ажыратпайды, бәрін талғамай қабылдайды. Сондықтан бұл тұрғыда кез келген мәліметті екшейтін ішкі сүзгі болуы керектігін айтамыз.
Дін жолында адаспау, орны толмас қателіктерге ұрынбас үшін білім алу, ізденіс өте маңызды. Қазіргі уақытта діни білім аламын деушілерге елімізде бірқатар жағдайлар жасалған. Тіпті «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті секілді жоғары оқу орны, тоғыз медресе, мешіттердің жанында сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Одан бөлек, дінтану, исламтану мамандықтары да еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында гранттық негізде оқытылады. Бакалавр, магистратура, докторантура деңгейінде білім алуға жағдайлар жасалған, Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл салаға жыл сайын жеткілікті гранттар бөледі. Отандық дін мамандары мен зерттеушілер де дін бағытында көптеген кітаптар шығаруда. Тіпті шетелде діни білім алам деушілерге де ҚМДБ-мен ортақ әріптестік орнатқан жоғары оқу орындары баршылық. Міне, бұлардың барлығы да дін саласына қызыққан жастардың толыққанды білім алуына ыңғайлы орта қалыптастырып отыр. Сондықтан барлық сала секілді дін саласы да білімділік пен біліктілікті қажет етеді. ХХІ ғасырда шалалыққа, шалт басуға орын болмауға тиіс.
Діни сауаттылықты бала мектепте де үйренеді. Тоғызыншы сыныптан бастап «Дінтану және зайырлылық негіздері» пәні аясында және түрлі мектепішілік шараларда діни дұрыс таным мәселесін ұстаздар қауымы балаларға түсіндіреді.
Дегенмен баланың дұрыс діни танымын қалыптастыруда отбасы да маңызды. Ата-ана да балаға осы бағытта дұрыс тәлім бере білуге тиіс, оны қадағалауы керек. Айталық, мешіттердегі діни сауат ашу курсына бала ата-анасының рұқсатымен баруға тиіс. «Бала кімдерді тыңдап жүр?», «Қандай діни кітаптар оқуда?», «Діни танымы дұрыс қалыптасып жатыр ма?» деген сауалдарға ата-ана да мән беріп отырғаны жөн.
Қорыта айтқанда, дін саласындағы келеңсіздіктердің алдын алуда, діни экстремизм мен терроризммен күресуде діни сауатсыздыққа жол бермеу, қайта діни сауаттылыққа күш салу аса маңызды. Дәстүрлі дінімізді оқып- үйрену мүмкіндіктерін молайтып, жалпы діни сауаттылықты отбасы, мектеп, қоғам болып қолға алу, діннен қорықпай, жасөспірімдерге дұрыс діни таным қалыптастыру – мемлекетіміздің қауіпсіздігі тұрғысынан уақыт ұттырмайтын қажеттілік.

Б.СЕЙДАХМЕТОВ,
«Аспара» колледжінің оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.