Городская общественно-политическая газета

Демографияны дамытудағы көшбасшы орталық

0 214

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Үкіметке «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Жолдауда Ел Президенті «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды» деп экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажеттігін тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын қабылдап, 2021 жылдан бастап оған республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасына бала сүюге үмітті, репродуктивтік жастағы кез келген жұп қатыса алады. Ол үшін науқас жылына бір рет ЭКО жасай алады.
ЭКО еліміз бойынша Алматы, Астана, Тараз, Шымкент және Атырау қалаларындағы медициналық орталықтарда жасалады. Тегін квотамен барған әйелдер аталған қаладағы кез келген орталықты таңдап, қалаған ауруханасында қызмет алуға құқылы. Бұл орталықтар стандарттардан өткен, сертификаты бар клиникалар. Сол себепті, мемлекеттен бөлінген квотаны жүргізуге арналған медициналық орталық болып табылады. Солардың ішінде Тараздағы «Неке және отбасы» медиицналық орталығы алдыңғы қатарда. Оның негізгі жұмыс бағыты – ерлер мен әйелдердің бедеулігін емдеу, 1998 жылы құрылған орталық еліміз бойынша тұрғылықты жеріне қарамастан, бедеу жұптарға, жүкті әйелдерге және гинекологиялық науқастарға амбулаториялық медициналық көмек көрсетеді.
2004 жылдан бастап орталықтың құрамында экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бөлімшесі ашылды. Ол қосалқы репродуктивті технологиялар саласындағы жетекші өндірушілердің ең жаңа жабдықтарымен, ең заманауи оптикамен жабдықталған. ЭКҰ бөлімшесінің мамандары осының көмегімен бедеулікті емдеумен айналысатын жетекші еуропалық және ресейлік клиникаларда тағылымдамадан өтті. ЭКҰ бөлімшесінің жұмысында донорлық ооциттермен, донорлық сперматозоидтармен, донорлық эмбриондармен, суррогат аналықпен, ИКСИМЕН бағдарламалар пайдаланылып, ооциттер, эмбриондар, сперматозоидтар криоконсервацияланады. Орталықта генетика кабинеті, заманауи әмбебап Ультрадыбыстық диагностика, акупунктура, клиникалық-диагностикалық және цитогенетикалық зертханалар, физиокабинеттер, түтікшелі бедеулікті диагностикалау және емдеу кабинеті де бар. Биылғы жылдан бастап FISH-диагностика да жүргізіледі. Медициналық қызметтер ақылы негізде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.
«Неке және отбасы» медициналық орталығының құрылу тарихы Беларусь Республикасының Витебск облысы, Шишки ауылының тумасы, тарарак клиникасының негізін қалау- шы және жетекшісімен тығыз байланысты. Ол біраз жыл бұрын Қарағанды медициналық институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша үздік бітіріп, Тараз қаласындағы интернатурада «акушерлік және гинекология» бағыты бойынша оқуын жалғастырған.
Еңбек жолын №1 қалалық перзентхана базасында әйелдер консультациясынан бастаған. Кейін Мәскеуде, Қазанда, Санкт-Петербургте сексопатология, урология және андрология бойынша қосымша курстарды меңгерген С.С. Тарарака 1983 жылы «Неке және отбасы» кеңес беру орталығының меңгерушісі болып тағайындалды. Алғашқы күннен бастап қаланың ең жақсы гинекологтары дәрігер Тараракпен тығыз жұмыс істеді. Жақсы амбициясы бар және кәсіпқойлардың қолдауымен ол 1998 жылы жекешелендіруден соң консультацияны «Неке және отбасы» клиникасына айналдырып, өз мекемесін сапалы жаңа деңгейге көтерді. 2008 жылдан бастап ол осы орталықтың директоры.
Әрбір пациентке жеке көзқарас, сапалы және қауіпсіз медициналық көмек – Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі бедеулікті емдеудегі көшбасшы «Неке және отбасы» орталығының негізгі миссиясы.
Сұранысқа ие қызметтер мен адамның өмірге келуінің барлық кезеңдерін қамтитын медициналық құрылымды құруға деген өршіл ұмтылыс 2004 жылы Таразда экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) бөлімшесінің ашылуына септігін тигізді. Сондай-ақ 2010 жылдан бастап клиника мемлекеттік тапсырыс бойынша ЭКҰ бағдарламаларын сәтті орындаса, 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы шеңберінде ЭКҰ бағдарламасына қатысуда. Бүгінде клиника жаңа медициналық техникамен толық жабдықталған. Қазіргі заманғы ЭКҰ зертханалары, түтіктердің бітелуін емдеуге арналған патенттелген жабдықтар және жоғары деңгейлі мамандар клиниканың бет-бейнесіне айналды. Орталықтың маңызды ерекшелігі – мұнда донорлар мен ооциттердің, сперматозоидтар Банкінің болуы.
Ұзақ жылдар бойы С.С.Тарарака айналасына жоғары деңгейлі кәсіпқойларды жинай білді. Соның нәтижесінде қазір орталықта білікті 50 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Оның ішінде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар жоғары санатты дәрігерлер – А. Ж. Тасболатова, Т. В. Просвирнова, жетекші акушер-гинекологтар Н.Тарарака, М. Кенжебаева, Т.Градович, М.Қалдыбай уролог-андрологтар Ю.Катаниди, Я.Изатов, эмбриологтар А.Крылдаков, М.Чанышева, балаларды және жүкті әйелдерді қабылдайтын генетик М.Бондаренко, диагностика маманы А.Медетбекованы ерекше атап өтуіміз керек. Олардың қатарында «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасының иегерлері де бар.
Кәсіпқойлық, адалдық, амбиция, мейірім- ділік және жауаптылық осындағы әрбір дәрігерге тән қасиеттер.
2021 жылдан бастап «Неке және отбасы» орталығы «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде ЭКҰ-ға қатысып жатқанын атап өттік. Бір жылдың ішінде бұл бағыттағы жетістіктер аз емес. Атап айтқанда, былтыр 245 бағдарлама өткізіліп, тиімділігі 52,6 пайызды құрады. 129 жағдайда бағдарламаның оң нәтижесі алынып, әйелдер ЭКҰ-дан кейін жүкті болды. Алынған оң нәтижелердің ішінен 35 жағдайда жүктілік босанумен аяқталды. Оның ішінде 32-і жедел босану және 3 жағдай мерзімінен бұрын босану. Жүктілік 36 жағдайда ұзартылды. Сондай-ақ 72 жағдайда жыныс жасушалары алынып, криоконсервация жүргізілді. Яғни, эмбрионды ауыстырғаннан кейін жүкті болу мүмкіндігі әлі де бар.
– Бұл клиника ЭКҰ-ға маманданған. Өкінішке орай, жүктілік әрқашан бірінші рет бола бермейді. Әр отбасында баланың дауысы естілсе бұл үлкен бақыт. Өкінішке орай, әртүрлі себептермен бала сүйе алмай жүрген жұптар аз емес. Мұның себебі – адамдардың денсаулығына, соның ішінде әртүрлі суық тиюге, инфекциялармен асқынған процестерге, жасанды түсік жасатуға, ата-ана болу мүмкіндіктерін уақытылы жүзеге асырмауға немқұрайлы қараумен байланысты. Сондай-ақ табиғи ұрықтандыру қабілеті адам ағзасының физиологиялық жағдайына немесе денсаулығына байланысты әркімде бола бермейді. Жетілген ағзаның табиғи ұрықтандыруға қабілетсіздігі бедеулік деп аталады. Бедеуліктің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Олардың алдын алу үшін медициналық және хирургиялық әдістер қолданылады. Алайда, тіпті мұндай әдістер кейде оң нәтиже бермейді. Егер дененің табиғи ұрықтандыру қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмаса, жасанды ұрықтандыруға жүгінуге болады. ЭКО тұжырымдама тәжірибелі мамандардың үйлесімді жұмысы ғана емес ерлі-зайыптылардың да жауапты тәсілі. Бағдарлама сәтті ЭКҰ үшін шыдамдылық пен моральдық қатынасты қажет етеді. 6-5 жыл кезекте тұрған әйелдердің кезегі келуде. Бірақ, әрине, олардың қоры фолликулярлық жасына қарай өнімділік өте төмен. Жалпы, әйелде жыл сайын емес, айлар бойы қор азаяды. Ал қазір донорлық материал қажет. Әрине, бір әйелдің жүкті болуына үлес қосып, соның қуанған сәтін көру жұмысымызды одан сайын қызықты әрі жеңілдете түседі. Біз барлық әйелдің жүкті болғанын қалаймыз, бірақ бұл ағзаға және денсаулыққа байланысты, — дейді гинеколог Майя Кенжебаева.
Жалпы мемлекет тарапынан қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасы сәбилі болғысы келетін ерлі-зайыптыларға үлкен мүмкіндік береді. Дәрігерлердің айтуынша, ерлі-зайыптылардың сәби сүюге мүмкіндігі мүлдем болмаған жағдайда, бағдарламаның «Сурогатты ана» тармағын пайдалануға болады. Бұл жерде олар қосымша ақы төлеп, балалы болуға үміт артады.
– Барлық әйел ана бақытын сезінуге құқылы. Бізге түрлі адамдар келеді. Алғашқыда өз мәселесін айта алмай, қиналып тұрған адамның көзіне қарау мүмкін емес. Олармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кеңестер берілген соң ғана олардың көзқарасы өзгереді. ЭКО-ға сенім мен үмітпен кірісіп, сәтті, нәтижелі болған отбасылар алғыстарын айтады. Ал, кейбір отбасылар бұл бағдарлама аясында да балалы бола алмай, ажырасуға дейін барады. Өкініштісі де сол. Бала өмірдің жалғасы емес пе?! Барлығынан күдер үзіп, ажырасқан отбасыны көру бізге де қиын. Ал, аңсаған сәбиін бауырына басып, бір отбасы қуанышқа кенелсе, оған біз де қуанамыз. Сол үшін ерлі-зайыптылар отбасын жоспарлап, әсіресе, ана өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарамағаны жөн. Бедеулік диагнозымен жүрген ерлі-зайыптылар – жүйкесі шаршаған, бір балаға зар болған адамдар. Олардың көзіндегі мұң сырт келбетінен байқалып тұрады. Олар да осы бақытты сезінгісі келеді. Еңсесі түскен әйел өзін кінәлі секілді санайды. Ал, жолдасы бедеу болған әйел өмірін осы ер азаматқа арнайды. Бір-біріне бауыр басқан, бір-бірін қимайтын жұптар да бар. Міне, осындай жандарға Мемлекет басшысының берген үлкен мүмкіндігі үміт шамының жанғанын білдіреді. Ондай қомақты қаржыны табуға кез келген отбасының шамасы келе бермейді. Бұл отбасын сақтауға деген мүмкіндік. Көптеген ерлі-зайыптылар жаңа өмірдің пайда болуының осындай табиғи процесінде күрделі ештеңе көрмейді. Бірақ ата-ана болу қуанышын бәрі бірдей сезіне алмайды. Кейбір ерлі-зайыптылардың жылдар бойы барлық күш-жігері бақытсыздыққа айналады. Бұл мәселеде ғылым мен технология көмекке келеді. Медициналық-генетикалық кеңес беру мамандандырылған медициналық көмектің бір түрі болып табылад. Әрі оны медициналық генетика саласындағы маман дәрігер ғана білікті түрде жүзеге асыра алады. Ең дұрысы, медициналық көмектің бұл түрі бала тууды жоспарлап отырған барлық ерлі-зайыптыларға көрсетіледі. Барлық отбасыларға кеңес беруді оңтайлы тәсіл деп тануға болады. Өйткені бірқатар елдерде бұл тәжірибе мүгедектік ауруларының санын едәуір азайтуға мүмкіндік беруде. Демек, осы арқылы көптеген қайғылы оқиғаларға жол берілмеуде. Бірақ жалпы медициналық-генетикалық кеңес беру өте сирек кездеседі. Көптеген елдерде отбасылар генетика дәрігеріне денсаулық жағдайы болған кезде ғана жүгінеді. Медициналық-генетикалық кеңес алу үшін ең жақсы уақыт – бұл отбасы әлі тұңғышының дүниеге келуін жоспарлап отырған кез Мұндай кеңес беру перспективалы деп аталады. Бұрын тұқым қуалайтын немесе туа біткен патологиясы бар баланың тууы байқалған отбасыларға медициналық-генетикалық кеңес беру ретроспективті деп аталады. Ең дұрысы, мұндай кеңес беру жүктілік кезінде белгілі бір уақыт аралығында жүргізілуі керек.
Жүктілік кезінде кеңес алуға болады. Сондай-ақ кейбір жағдайларда некеге дейінгі медициналық-генетикалық кеңес беру пайдалы болады, – деді генетик дәрігер Майя Бондаренко.
Мемлекет тарапынан отбасы құндылықтарын сақтауға, ажырасудың алдын алуға арналған тиімді бағдарламаның шапағаты, осындай орталықтардың көмегі баланы аңсаған әр жанұяны қуанышқа бөлеуде. Орталықтағы ақ халаттылар да әр әйел ана бақытын сезінсе деген тілек тілеп, үмітпен қарайды. Қазақта «Балалы үй – базар» деген сөз текке айтылмаса керек. Бар қызығын баладан іздеген кез келген адам сәбидің іңгәлаған үнін естігісі келеді. Сондай жандардың осы бақытты сезінуіне зор үлес қосып жүрген «Неке және отбасы» орталығын демогра- фияны дамытудағы көшбасшы деп бағалауға әбден болады.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.