Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дамудың қазақстандық дара үлгісі

0 932

2012 жылы 14 желтоқсанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты тарихи Жолдауын жариялады. Бұл құжат – «Қазақстан-2030» Стратегиясының заңды жалғасы.

– Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қо-сылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Бүгін мен осы дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарымызды ұсынғым келеді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет нақты тұжырымдама жобасын әзірледі. Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. Әлемнің дамыған елдері соған сай нақты стратегияларын дайындап жатыр, – деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы аталған Жолдауында.
Бұл құжатта Тұңғыш Президент экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру үшін ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін жеткізу қажеттігіне назар аудартып, ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайтудың маңыздылығына тоқталды. Елімізде тұтастандырылған экономикалық кеңістік құрылып, билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасып, маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргізілді. Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан өзгерістердің сипаты жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Қазіргі кезеңде еліміздің алдында тұрған басты мақсат – жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру. Қазақстан XXI ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған елінің қатарында болуы тиіс. Дамудың қазақстандық үлгісі жаңа саяси бағыттың негізі іргетасы болып қаланды.
Қазақстан халқын бір ортаға топтастыратын саяси мәні зор «Қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты бағдарламада әлеуметтік-саяси дамудың «қазақстандық үлгісін» демократиялық жолмен өркендетудің негізгі тетіктері көрсетілген. Қазақ елінің басты мақсаты – дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Жалпы Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның даму перспективаларына орай стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді пайымдаған әлеуметтік өрлеудегі маңызды серпіліс деп айтуға болады.
Қазақстан – өзінің барлық мүмкіндігін әлемге көрсете білген ел. Еліміздегі саяси реформалардың әрбір кезеңі экономика дамуының деңгейімен ұштасады. Сондықтан елімізде демократияландыру мен ырықтандыру процесі оңтайлы жүзеге асуда. Либералдық-демократиялық даму динамикасында өзіндік ерекшеліктерге ие қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық бағдарламасында әлеуметтік өркендеудің жаңа межесі ретінде 2050 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтуы бекер емес. Өркениетті елдердің даму үлгісінде мұндай ұзақ мерзімді даму бағдарламасын қабылдау бұрыннан бар. Осы арқылы еліміз 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді межелеп отыр. Бұл – ғылыми негізделген қаржылық және кадрлық ресурстар мен мақсаттар. Стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыруда әрбір қазақстандық азаматтың еншілес үлесі бар. Құнды құжатта 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңа міндеттерді шешу принципі маңызды деп көрсетілген. Біріншісі – бюджет саясаты. Мұнда «Мемлекет бюджеті ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан қарағанда өнімді, мәселен, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту секілді жалпыұлттық жобаларға бағытталуы тиіс», – деп көрсетілген. Екіншісі – салық саясаты. Яғни өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық режимін енгізу.
«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы алдымызға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін билік басындағылардан бастап қатардағы азаматтарға дейін еліміздегі әлеуметтік әділеттілік пен әлеуметтік қамтамасыз етуге деген көзқарасымызды өзгертуге тиіспіз. Бүгінгі таңда кез келген мемлекеттің абыройы мен беделі халқының әлеуметтік жағдайымен өлшенетіні белгілі.
Бұл тұрғыда халықтың назарына ұсынылған ауыл-аймақтардың әкімдерін сайлау сияқты азаматтық қоғамды дамыту істерінің маңызы зор. Жалпы «Қазақстан-2050» Стратегиясын әлеуметтік маңызы зор стратегия деп атауымыздың себебі, ол ең әуелі еңбек пен ынтымақтың арқасында толағай табысқа қол жеткізу мемлекеттік саясаттың басым мәртебесі екенін айқындап берді. Сондай-ақ құжатта әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі – шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, жұмысқа орналастыру немесе жаңа мамандық игерудің жолдары айқындалды. Сонымен қоса демократиялық даму жолындағы зайырлы қоғам құрудың нақты міндеттері де кеңінен ұсынылды.
Тәуелсіз еліміз бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық даму жолында жаңғыру кезеңін бастан кешіріп отыр. Осы даму үдерісіндегі басты жетістіктеріміз әлеуметтік-саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім екені сөзсіз. Мұның өзі сындарлы саясаттың нәтижесі екені баршамызға аян. Осы орайда әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңғыру кезеңіне сәйкес келетін бірқатар кешенді міндеттер алға қойылып отыр.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы – әлемдік қауымдастықта өзінің айшықты орнын иеленген тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатына экономикалық әлеуметтік-мәдени дамуына тікелей ықпал ететін оның әлеуеттілігін қамтамасыз етіп, тұрақты түрде алға жылжуын бағдарлайтын негізгі құжат. Бұл тарихи кезеңмен салыстырғанда аз ғана уақыт аралығында ғасырлық жолдарды жүріп өткен, уақыт сынында шыңдалған еліміздің жарқын болашағын бағдарлаудағы аса маңызды стратегия ретінде қоғамға үлкен қозғау салды, тың серпін берді. Тәуелсіз Қазақстанның демократиялық дамуы күн санап дамып қарыштап, адам құқықтары саласындағы жаңғыртулар жоғарғы халықаралық өлшемдерге жақындап келеді. Сол үшін 2050 жылға дейінгі стратегиялық мұраттарымыз бен кешенді ұлттық жоспарларымыздың белгіленуі тарихи сипатқа ие болып отыр.
Аталған Жолдауда еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуының нақты жолдарын көрсетіп, болашақтағы негізгі мақсат-міндеттерін белгілеп берген тарихи құжат. Бұл бағдарламадағы қарастырылған мәселелер тек еліміз үшін ғана өзекті емес, әлемге, планетаға ортақ көкейкесті проблемалар екені шындық. Сондай-ақ бұл стратегияда осындай толғақты мәселелердің түйінін тарқатудың, шешімін табудың жолдары көрсетілген. Бүкіл әлемге өзекті болып отырған энергия, су тапшылығы, табиғи апаттар, қаржылық дағдарыс, оны шешу жолдары жан-жақты қарастырылған. Тұңғыш Президенттің осы саладағы жобалар жөнінде ғана емес, қоғамымыздың ой-санасын түбегейлі өзгерту туралы да қозғаған ойларының орны ерекше. Мұндағы мақсат – болашақта дамудың қазақстандық үлгісін қалыптастыра отырып, қуатты мемлекет құру. «Қазақстан-2050» стратегиялық саяси мәні зор бағдарламасы баршамызда осынау ортақ мақсатқа топтастырады.
Осы орайда «Қазақстан-2050» Стратегиясының кейбір маңызды ерекшеліктеріне тоқтала кетсем. Біріншіден, бұл стратегия – ұзақтығы, қойылған мақсаттар мен міндеттерінің ауқымдығы мен тереңдігі жағынан теңдессіз құжат. Ол жарты ғасырдай уақытты қамтып отыр. Ал «Қазақстан-2030» Стратегиясы 33 жылға арналған болса, «Қазақстан-2050» Стратегиясының саяси-әлеуметтік, экономикалық бағыттары да «Қазақстан-2030» Стратегиясымен ұқсас келеді. Мәселен, «Қазақстан-2030» Стратегиясы 7 басымдықтан тұрса, «Қазақстан-2050» Стратегиясы да дәл соны қамтиды. Тек басымдықтардың атауларында айырмашылықтар бар.
«Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» Стратегиялары арасында сабақтастық бар екені баршаға мәлім. Мысалы, екі стратегия да сол тарихи кезеңдердің ерекшелігінен туындайды. Бұл екі стратегияда да жан-жақты ашылған. Айталық, «Қазақстан-2030» Стратегиясының бірінші басымдығы «Ұлттық қауіпсіздік» деп аталады. Ал «Қазақстан-2050» Стратегиясында ұлттық қауіпсіздік мәселесі алтыншы басымдықта көрсетіліп, «Дәйекті де болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту» деп аталады. Сондай-ақ экономикалық өсу «Қазақстан-2030» Стратегиясының үшінші басымдығын құраса, «Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл мәселе бірінші басымдыққа ие болып отыр және «Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестицияларымен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм» деп аталады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының екінші басымдығы «Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау» деп аталған. Ал «Қазақстан-2030» Стратегиясында екінші басымдығы «Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы» «Қазақстан-2050» Стратегиясының «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» деген жетінші басымдығында айтылады. Атап айтарлық нәрсе, екі стратегияның да басымдықтарының саны бірдей, бірақ олардың құрылымдық атаулары әртүрлі болғанымен, ішкі мазмұны біртұтастықты құрайды. Екі стратегияда өздері қабылданған тарихи кезеңнің ерекшеліктерін, қиындықтары мен проблемаларын терең талқылап, болашақтың бағдарламаларын жан-жақты ғылыми негіздеп, оларды орындаудың жолдары мен әдістерін көрсетіп берген. «Қазақстан-2030» Стратегиясы негізінде Қазақстан қалыптасқан мемлекет ретінде орнықты. Елімізді әлем мойындап ғана қоймай, халықаралық қатынастардың субъектісіне айналды. Оның дәлелі – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы болып, Астана саммитін өткізуі, еліміздің Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, әлемдік экономикалық дағдарыстың бірінші кезеңінен қиналмай өтуі. Әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерінің төрт бірдей съезінің Астанада өтуі мен бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуы да осының нәтижесі.
Қазақ елінің 2050 жылға дейін даму бағыттары айқындалған Жолдаудың тарихи маңызы өте зор. Бұл – мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы. Құжатта Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпыұлттық идеясы болашақ табыстардың негізі екені баса айтылды. Ал ең бастысы – еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жарияланды. «Мәңгілік Ел» идеясы – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Осының аясында қағазбастылық пен құжат айналымын азайтып, жергілікті билік өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына дербестік беру қолға алынды.
– «Мәңгілік Ел» ата-бабамыздың сан мындаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идеясы бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы», – деді Тұңғыш Президент өз Жолдауында.
«Мəңгілік Ел» – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман-əлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, əлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тəуелсіз мемлекет атану еді… Біз үшін болашағымызға бағдар беретін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мəңгілік Ел» идеясы» деп Тұңғыш Президентіміз бұл идеяның аса қажеттіліктен туындағанын ерекше атап өткен болатын. «Мəңгілік Ел» идеясының негізгі мақсаты – елімізді қарышты дамыған мемлекетке айналдыруда ұлттық мүддені, рухани дүниені жаңғыртуды жəне өзіміздің қазақ ұлтының мерейін асыруға, қалыптасқан тарихи үрдістерін жаңғыртуға арналған құжат деп білуге болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы жалпы ұлттық идеясы – еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мəңгілік Ел» – елімізді өз мақсатына талай дəуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы бастама. Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер: ресурстар, білімді адамдар, жұдырықтай жұмылған ұлтымыз бар. Бəріміздің де туған жеріміз біреу – қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тəуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тəуелсіз елімізді «Мəңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегия- сы – осынау мəңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері жəне жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мəңгілік Ел» боламыз. Тəуелсіздік алғаннан кейін небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өттік. Бүгін Қазақстанды бүкіл əлем танып отыр. Қазақстан таяудағы жылдар ішінде əлемдік бəсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына кіруі тиіс. Бұл дегені-міз – бəсекеге төтеп беру. Əлемдік бəсекеге төтеп берудің басты шарты – күшті рух пен білім.
Жолдауда білім саласы қызметкерлерінің алдына да үлкен міндеттер қойды. «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс жəне, ағылшын тілдерін білуге тиіс», – деп атап көрсетті. Осыған орай, үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған мұғалімдерге жаңашылдықпен жұмыс жасауға тура келеді.
Жаһандану заманы, баршаға мəлім, елдер мен ұлттарға аса қатал талап қоюда. Ең бастысы – ұлттық тіл ұлттық сананың, ұлттық намыстың жоғарылығына, оның қажеттілік деңгейіне байланысты екенін жадымыздан шығармауымыз қажет. Қазіргі таңда өзін ешкімнен артық та, кем де емес дəрежеде сезіну халқымызға жетпей отыр. Ал мəселеге тереңірек үңілсек, істің тетігі, яғни қазақ тілінің тағдыры қазақтың өз қолында. 1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», – деген конституциялық шешім жасалды.
Сондай-ақ Жолдауда айтылған сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі. Сондықтан оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Жалпы Жолдауда айтылған тапсырмаға сай 1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тоқсауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделілерді жауапқа тарту – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі.
– Тәуелсіздіктің қиын дәуірінің бастапқы жылдарында біздің лайықты болашағымызды көре білу әркімге бұйыра қойған жоқ. Жаңа білім алып, елімізді алға апарулары үшін алғашқы стипендиаттарды жібердім. Экономика күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді. Ел «жабайы капитализмге» енді. Ол кезде біз нарықтық қатынастарға жаңа ғана өте бастадық. Оның не екенін білгендер аз еді. Тіпті ең тәжірибелі басқарушылардың жаңа экономикалық және әлеуметтік процестерді қалай басқару, егемен мемлекетті қалай құру туралы түсінігінің өзі бұлдыр болатын. Ол кезде елімізде жаңа нарықтық экономикаға көшу жөнінен мамандар болған жоқ, – деп атап өтті Тұңғыш Президент.
Бұған қоса Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын табысты іске асыра отырып, таңданарлықтай нәтижелерге жеткенін, енді ең дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын алға қойып отырғанын айтқан болатын. Бұл үдеріс жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы өсімін ғана қарастырып қоймайды. Бұл – өмір сүру сапасын арттыруды, адам капиталын дамытуды қоса түгел қамтитын бағдарлама. Біздің экономикамыз инновациялық индустрияландыру жолына түсті. Сөзсіз, бұл тарихи жетістік. Мұнда «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің лайықты үлесі бар. «Болашақ» бағдарламасы еліміздің дамуында зор рөл атқарды. Ең алдымен, олар – экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет пен өнер салалары үшін жаңа кадрлар. Бағдарлама түлектерінің әрбір екіншісі бүгінде жекеменшік және мемлекеттік сектордағы Қазақстан компанияларында жұмыс істейді. 19 пайызы ұлттық компаниялардың менеджерлері. 4 пайызға жуығы халықаралық, сондай-ақ Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарында еңбек етеді. Жалпы түлектердің төрттен үші экономиканың нақты секторында және азаматтық қоғам институттарында қызмет атқарады. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда «болашақтықтардың» 25 пайызға жуығы еңбек етуде. Соның ішінде мемлекеттік басқару жүйесінде жүргендері барлық түлектердің 19 пайызын құрайды. Бүгінде «Болашақ» бойынша 2 мыңға жуық инженер-техник мамандар даярланды. Олар – инновациялық жобалар мен технологиялар, металлургия, телекоммуникация, энергетика салаларының қызметкерлері. Мемлекет басшысы бағдарлама стипендиаттарының үштен екісі дерлік мемлекеттік емес құрылымдар жұмыскерлерінің, зейнеткерлердің балалары екеніне назар аударды. Қатысушылардың 8 пайызының ата-аналары стипендияға ие болу кезеңінде мүлде жұмыссыз болғандар, ал екі жүзден астам стипендиат – ата-анасыз қалған талантты жастар. Жалпы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік кеңістігіне әлемдік технологиялар трансфертінің магистралі тартылды. Екінші жағынан, әлем біздің стипендиаттар арқылы Қазақстан, оның халқы, мәдениеті мен дәстүрлері, еліміздің мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы көбірек біле түсті. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біз жаhандық элита даярлаудың әлемдік жүйесіне қосылдық. Бұл тәуелсіздік дәуірінде қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі менің жоспарымның аса маңызды бөлігі. «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы бүгінде белсенді қызмет жасауда. Бүкіл әлемнің дамуы контексінде, біздің «Қазақстан-2050» Стратегиямыздың контексінде халқымыздың алдына қойылып отырған жаңа міндеттерді көре білу маңызды. Сондай-ақ ғылымның үлесі басым экономика құру үшін ауыл шаруашылығы, медицина, аэроғарыштық индустрия, көлік саласындағы жаңа технологиялар секілді бағыттар перспективалы екенін атап өткен жөн. Әлемде ғарыш айлағына ие бес ел бар, соның бірі – Қазақстан. Уақыт пен кеңістікте ғарыш саласының әлеуеті шын мәнінде шексіз. Бірақ ғарыштың қиянына көз сала отырып, біздер бәрібір дәстүрлі ұлттық көлік жүйесін дамытуға тиіспіз. XXI ғасыр – жерүсті, жерасты және жердегі ұшқыр көліктер дәуірі. Әлемде көліктің үздік зертханалар айналысып жатқан инновациялық түрлері табылатын болады.
Ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны ұсыну мемлекеттілікті нығайтудың, экономиканың өсуінің, тұрақты қоғамдық-саяси дамудың арқасында мүмкін болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап енгізілген қоғамның топтасуына бағытталған қадамдар Қазақстанның экономикалық өркендеуіне жағдай жасады. Мемлекет қалыптасуының транзиттік кезеңі табысты өтті. Қазақстан әлемде жүйеленген сыртқы саясаты бар қалыптасқан мемлекет ретінде бекітілді.
Жолдауда айтылғандай, Қазақстан қоғамның құрамдас бөлігіне айналған барлық этностар мен конфессия өкілдерінің туған шаңырағы бола білді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен этносаралық диалогтың бірегей алаңына айналды. Сондықтан «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Жаңа қазақстандық патриотизм» тезисі тұжырымдалды. Елімізбен мақтанғанымыз жөн, бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Патриотизм мәселесіне прагматикалық және реалистік тұрғыдан қарауымыз керек. Қорыта келгенде, біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.