Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бюджетті басқару өңірлердің өркендеуіне жол ашады

0 127

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру керектігін жеткізді.

Әрине, бұл өңірдлердегі өзекті мәселелерді жедел шешуге ықпал етері сөзсіз. Бұл сөзімізге Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округінің әкімі Айбек Абишев те келіседі.
– Бұл бастама ең әуелі бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Сондықтан бұл өте құптарлық шешім. Расымен, егер аудан басшылары жергілікті бюджетті өздері басқара білсе, өңірде қордаланған мәселенің шешілуі де уақыт күттірмейтіні анық. Мемлекет басшысы Жолдауында жоғарыда айтылғаннан бөлек, көптеген өзекті мәселелерге ден қойды, – дейді Айбек Қайырбекұлы.
Әбжапар ауылының тұрғыны Абай Келтірбайдың да пікірі осыған саяды.
– Әрине, қазына қаржысын аудан әкімдері өздері басқаратын болса елдімекендердегі тез арада шешілуі тиіс мәселелер өз шешімін табар еді. Бұрын бюджет қаржысын басқару үшін құзырлы органдардан рұқсат алып келді. Енді өңір басшылары ешкімге жалтақтамай-ақ ауыл-аймақтың кем-кетігін өздері-ақ түгендей береді. Бастысы, осы тапсырманың мүлтіксіз орындалуында болып тұр, – дейді ауыл тұрғыны.
Ауыл-аймақтың қалыпты дамуы мен өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы қалыптасуына тығыз байланысты. Енді алдағы уақытта аудан әкімі мен қоғамдық кеңес мүшелері ортақ пікірге келіп, ауыл үшін маңызды мәселелердің түйінін тарқатуда тындырымды тірліктер атқарады деп сенеміз. Бұл ретте ауызбіршілік пен ынтымақтың алар орны ерекше. Ұлттың ұйытқысы саналатын ауылды көркейту – тұтас елді көркейту екенін естен шығармайық!

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.