Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бюджетке өзгеріс енгізілді

0 182

Қала әкімдігінің мәжіліс залында алтыншы шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс алпыс бесінші сессиясы өтіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер өз шешімін тапты.

Зере ҚУАНЫШ

Сессия отырысына қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев қатысты. Ал кейбір халық қалаулылары жиынға онлайн қосылды. Алдымен «2019 жылғы 20 желтоқсандағы «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» қалалық мәслихаттың №54-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе көпшілік тыңдауға салынды.

– Ағымдағы жылдың 30 қарашасында 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджетке нақтылау жасалып, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде үнем қалыптасуына байланысты және басқа да объективті себептерге орай облыстық бюджеттен берілген трансферттер 751 млн 123 мың теңгеге кемітіледі. Сонымен бірге 2020 жылға арналған қалалық бюджеттің кіріс бөлігінің жыл соңына дейінгі болжамды орындалуына талдау жасалып, қаланың өзіндік кірістері негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер есебінен 249 млн 439 мың теңгеге ұлғайтылады. Осы өзіндік кірістер есебінен ұлғайтылған 249 млн 439 мың теңге қаражаттар жергілікті атқарушы органның жоғары тұрған бюджет алдындағы борышын өтеуге бағытталады. Сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік сұраныстарына сәйкес, жергілікті бюджеттің шығындары қайта қаралып, бюджеттік бағдарламалар арасында жылжытулар енгізіледі. Осыған орай, қала бюджетінің шығыстар бөлігі жоғарыда көрсетілген өзгерістерге сәйкес 91 млрд 992 млн 970 мың теңге сомасында нақтыланатын болады, – деді экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Н. Әкек.

Сонымен қатар жиында «Тараз қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы хабарламаны қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев таныстырды. Жалпы комиссия шешімі бойынша бұл атаққа қала бойынша 5 үміткер ұсынылады екен. Бірақ сессияда барлық үміткерлер депутаттардың қолдауын таппады. Әр халық қалаулысы ұсынылған азаматтардың кейбірін танымайтындығын және ол үміткерді қолдамайтындықтарын ашық жеткізді.

Жалпы сессия отырысында күн тәртібіне шығарылған алты мәселе толығымен қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев өз ұсынысын айтып, қаланы одан әрі көркейту үшін атқарылар жұмыстың көптігіне тоқталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.