Жамбылская областная общественно-политическая газета

Букмекерлік бизнес бұғатталды

Бұл ойынқұмарларды тоқтата ала ма?

0 27

Елімізде спорттық ойындарға бәс тігуге құмартатын азаматтардың қатары қалың екені белгілі. Жанкүйерлік азартын ақшаға айналдыруды әдет қылғандар үшін жасалатын жағдай да жыл сайын жақсарып келеді. Бұрын арнайы кеңселерге барып, кезек күтіп, қолма-қол ақшамен ғана бәс тігу керек болса, мобильді интернет заманы бұл істі телефондағы бір батырманы басу арқылы жүзеге асыра алатындай жеңілдетті. «Ставка» жасауға қажетті қаражат банк картаңыздан автоматты түрде аударылып, ұтысыңызды сол картаға «шығарып» алуға болады.

Мәселенің мәнісі

Алайда мұндай жеңілдік түрлі түйткілдер туындатты. Айталық, елімізде беттинг (бәс тігу) қызметін ұсынатын букмекерлік компаниялар қаптап кетті. Оның бірі клиенттерін «бонусқа белшеден батырамыз» деп қызықтырса, енді бірі жарнамасына жұлдыздарды шақырып, барлығы «тек бәс тігушінің қамы», ойынқұмардың «қалтасын қалыңдату, жағдайын жақсарту» үшін жасалатынын айтып, ант су ішті. Ел спортына «жанашыр» болып, демеушілік көрсетіп, өз атынан түрлі турнирлер өткізгендер де табылып жатты.
Осылайша сүйікті командасының не спортшысының ойынын тамашалап, өзінің «болашақты болжау» қасиетін сынап көргісі келетіндер уақыт өте келе «жеңіл ақша» табудың жетегіне түскендер қатарын толықтырғандарын аңғармай да қалды. Елімізде ойынқұмарлық, яғни лудомания ресми түрде ауру санатына енгізіліп, оған шалдыққандар еселеп артты. Соңғы тиынын бәске тігіп, үйіндегі құнды дүниені ломбардқа таситындар, несиенің былығына батқандар көбейді.

Мақсат – заңсыз қаражат айналымына жол бермеу

Мұның мемлекеттік дәрежедегі мәселеге айналып бара жатқанын (кеш болса да) ескерген ел билігі букмекерлерге қойылатын талапты қатаңдатты. Әуелі бәс тігу қызметін көрсететін компаниялардың жарнамасына қатысты ережелерге өзгеріс енгізілді. Алайда одан нәтиже бола қоймаған соң «Ойын бизнесі туралы» заңға түзетулер енгізіліп, бұл құжат 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданып, күшіне енді.
Нәтижесінде наурыз айының басында Ұлттық банктің шешімімен елімізде букмекерлік кеңселерден қаражат шешу кезінде жаппай қиындықтарға тап бола бастады. Талапқа сәйкес, барлық ставкалар мен төлемдер Бірыңғай есепке алу жүйесі (БЕЖ) арқылы жүргізілуге тиіс.
Ресми деректер бойынша елдегі заңды ойын нарығының айналымы 1,3 трлн теңгені құрайды. Онда 2,5 миллионға жуық клиент тіркелген. Оның ішінде 450 мыңға жуық қазақстандық тұрақты түрде ойнайды. Ал өткен жылғы зерттеу деректері бойынша, 500 мың адам заңсыз букмекерлік кеңселерде ойнаған. Олар салық төлемейді, ал қаржы шетелге – оффшорларға кетеді екен.
Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Тұрғанбаевтың айтуынша, Бірыңғай есепке алудың арқылы мемлекет онлайн-режимде барлық операцияны көріп, олардың заңдылығын бақылап, заңсыз қызмет түрлерімен, оның ішінде ақша қаражатын жылыстатумен айналысуға жол бермейтін онлайн-бақылау құралдарын енгізеді.
– Букмекерлік кеңселер сияқты жоғары технологиялық бизнесті мемлекет тек озық технологияларды қолдана отырып және өз жұмысын цифрландыру арқылы ғана реттей алады. Онлайн-жүйенің міндеті – заңды секторды реттеп, бақылау ғана емес, жасанды интеллект арқылы заңсыз сайттарды анықтап, бұғаттау және азаматтар мен ел экономикасын қаржыны сыртқа шығарудан қорғау, – дейді министрлік өкілі.
Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, барлық заңды букмекерлік кеңселер 2026 жылдың наурызына дейін қаражат енгізу мен шығару тәсілдерінің барлығын БЕЖ-ге интеграциялауға, тиісінше барлық операцияларды Nomapay арқылы жүргізуге міндеттелген еді. Жаңа жүйеге қосылмай бәс қабылдау немесе ұтыс төлеу фактілері анықталған жағдайда қазақстандық букмекерлерге 300 АЕК-тен (шамамен 1,2 млн теңге) 1 000 АЕК-ке дейін (4,2 млн теңгеге дейін) айыппұл салу қарастырылған.

Ескертуді «естімей қалыпты»

Дегенмен, бәс қабылдайтын кеңселер бұл талаптарға пысқырмаған секілді. Нәтижесінде «ойыншылар» өздерінің букмекерлік кеңседегі есепшотын толықтыра алғанымен, ұтысын «шешіп алу» мүмкіндігінен айырылды.
Аталған мәселе туралы алғаш рет букмекерлік сервистердің клиенттері 4 наурыз күні таңертең хабарлады. «1xBet» компаниясы жағдайды «серверлердегі техникалық жұмыстармен» түсіндірсе, «Olimpbet» заңнамадағы өзгерістер мен реттеуші шешіміне сілтеме жасады. Ал Ұлттық банк банктердің БЕЖ-ге қосылмаған операторларға төлем сервистерін ажыратқанын растады.
«Түзетулерге сәйкес, ойын бизнесі субъектілеріне Бірыңғай есепке алу жүйесінде тіркелмей төлем қабылдауға және ұтыс төлеуге тыйым салынады. Төлем қызметін көрсетушілер (банктер мен төлем ұйымдары) «Ойын бизнесі туралы» заң талаптарын сақтамайтын букмекерлік кеңселер үшін төлем қабылдау және ұтыс төлеу сервистерін ажыратты», – деп түсіндірді банк өкілдері.
Ұлттық банк осылайша заң талаптарын сақтауды және өз сервистерінің заңсыз мақсаттарда пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ететіндерін мәлімдеді.
Ал букмекерлердің берген ресми мәліметтеріне сүйенсек, олар әуел баста мұндай талапқа қарсылық танытқан. Тіпті, сотқа жүгінген. Алайда соттар талаптарды заңды деп танып, Қазақстан букмекерлер қауымдастығының талап-арызын қанағаттандырмаған.
Olimpbet компаниясының маркетинг директоры Геннадий Шемраевтың айтуынша, жаңа талаптардың күшіне енетіні жайлы еш ескерту болмаған.
«4 наурыз күні ешқандай алдын ала ескертусіз Қазақстан банктері букмекерлік кеңселердегі клиенттердің жеке әмияндарына қаражат енгізу және шығару операцияларын тоқтатты.
Бұл туралы бізге алдын ала хабарланбады. Соның салдарынан клиенттерге дер кезінде ақпарат беруге мүмкіндік болмады. Бұл жағдай тек заңды букмекерлік брендтерге ғана емес, жалпы қаржы жүйесіне деген сенімге де әсер етті, – деген ресми жауап берген компания өкілі бұғаттау жұмысының еш ескертусіз жүргізілгеніне наразылығын білдірді.

1 аптада 30 млрд теңге «тігіледі»

Алайда бұл бұғаттаудан пайда көріп қалғандар да бар. Мәселен, Fonbet пен Winline компаниялары шектеу қойылғанда да іркіліссіз жұмысын жалғастырды. Бұл операторлар Ресейдегі ұқсас есеп жүйесімен бұрыннан жұмыс істегендіктен, жаңа талаптарға тез бейімделе алды.
Ал «бәс тікпесе бас ауыратындар» Заң талаптарын ескермейтіні белгілі. Ойынқұмарлықтың дерті дендеген олар еліміздегі букмекерлерден басқа шетелдік кеңселердің қызметтеріне жүгіне бастаған. Google Trends деректеріне сәйкес, 4-10 наурыз аралығында шетелдік букмекерлік сайттарға деген қызығушылық 2,5 есеге артқан.
Сала мамандарының айтуы бойынша, бәс тігу бизнесіндегі қаражат айналымы жылына 1,6 трлн теңге немесе аптасына шамамен 30,7 млрд теңгені құрайды екен. Осыған сүйене отырып, олар наурыздың алғашқы аптасында белсенді трафиктің шамамен 60 пайызы оффшорлық платформаларға ауысуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Нәтижесінде бір апта ішінде бюджетке тікелей салықтық шығын шамамен 2,3 млрд теңгені, яғни тәулігіне 327 млн теңгені құраған. Төлем инфрақұрылымындағы тұрақсыздық наурыздың соңына дейін сақталса, салық түсімдерінің жалпы тапшылығы 10 млрд теңгеден асып кетуі ықтимал.
«Лицензиясы жоқ сайттар төлемдерді әлі де балама арналар арқылы қабылдауды жалғастыруда. Олардың қатарында P2P-аударымдар, банк карталары, криптовалюта және мобильдік операторлар шоттары бар. Мұндай транзакцияларды қолданыстағы қаржылық инфрақұрылым аясында бақылау әлдеқайда қиын. Егер шектеулер наурыз айының соңына дейін сақталса, бюджет шығындары 10 млрд теңгеден асуы ықтимал», – дейді мамандар.

Елдің ақшасын елге қайтара ма?

Жаңа ережелерге қоса елімізде букмекерлік компаниялар үшін жаңа аударымдар жүйесі бекітілді. Бұл жүйе ойын бизнесін спорт пен қоғамдық бастамаларды қаржыландырумен тікелей байланыстырады.
Осылайша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 12 наурыздағы №167 қаулысына сәйкес, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор ұйымдастырушысы қабылдаған әрбір «ставкадан» міндетті аударымдар енгізіледі. Құжат 2026 жылғы 27 наурыздан, яғни кешеден бастап күшіне енді.
Қаулыға сәйкес, енді қабылданған әрбір бәс тігу сомасынан автоматты түрде 3,3 пайыз мөлшерінде мемлекетке аударым жасалады. Бұл қаражат бірыңғай операторға бағытталып, бірнеше маңызды бағыт бойынша бөлінеді. Мұндай қадам бюджеттен тыс қаражатты қайта бөлудің ашық әрі бақылауға болатын жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ спорт саласы мен қоғамдық жобаларды қолдауға бағытталған.
Бұл салықтан жиналған қаржының 45 пайызы – дене шынықтыру мен спортты дамытуға қаржы бөлу үшін бірыңғай операторға, 21 пайызы – олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің қорына, 21 пайызы – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, ал 13 пайызы ставкаларды есепке алудың бірыңғай жүйесін қамтамасыз етуге және оператор қызметіне жұмсалады деп жоспарланып отыр екен.
Осылайша енгізілген жаңашылдық букмекерлік ставкаларды елдегі маңызды әлеуметтік және спорттық бастамаларды қолдайтын нақты құралға айналдырады. Бұл қаржының ашық бөлінуін қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанда спорттың дамуына тың серпін беретін тиімді механизм болады деп күтілуде.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.