Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бір уақытта сегіз жерден өрттің шығуы сәйкестік емес»: Қазақстандықтар орман өртін қасақана ұйымдастыру нұсқасын қызу талқылап жатыр

0 146

3 қыркүйекте Қостанай облысында басталған өрттің ауқымы тез жайылып, бірнеше күннің ішінде 40 мың га астам жер отқа оранды. Көп ұзамай еліміздің өзге аймақтарында да өртке байланысты төтенше жағдай туралы ақпараттар шыға бастады. Қостанай облысынан кейін Алматы қаласы мен облысында, Батыс Қазақстанда, Павлодарда енді бүгін Абай облысы өртеніп жатқаны белгілі болды. Бүкіл халықты әбігерге салған өрт неден шықты, құтқарушылар тілсіз жаумен қалай күресіп жатыр және аймақтардағы соңғы жаңалықтарды Stan.kz материалынан оқи аласыз.

Өрт қалай басталды?

Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданында алғашында 2 мың га жер өртенді. Орман өртін сөндіру үшін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин дереу сол аймаққа аттанған. 3 қыркүйек күні кешке қарай өрт аумағы 3 мың га жерге дейін өсіп, 50-ге жуық үй өртенгені белгілі болды. Облыстағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру басталды.

Алғашында болып жатқан оқиғалар барысында мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев орман өртіне байланысты Қостанай облысына сапардан бас тартқысы келмейтінін айтқан, алайда кейін президенттің бұл оқиғаға байланысты облыстағы жедел штабқа баруды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Тіпті кейінірек Ақорда қазақстандық саясаткер Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар кейінге шегерілгенін, бірақ Тоқаев өртке байланысты Қостанай облысына баратынын мәлімдеді.

3 қыркүйек күні түнде Қостанай облысындағы орман өртінің аумағы 9,4 мың гектарға жетті. Қауіп төнген елді мекендерден 1,8 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Өрт салдарынан әсіресе Озерное, Лесное, Калинин және Аманқарағай ауылдары қатты зардап шекті.

4 қыркүйек күні Қостанай облысындағы өрттен 1936 жылы туған қарияның көз жұмғаны анықталды. Жедел шаралар нәтижесінде учаскелік полицей адамдарды эвакуациялау барысында ер адамға ескерткен, алайда марқұм кетуден бас тартқан. Ал бұл уақытта облыстағы өрттің аумағы 43 мың га жетті.

Бас прокуратура 4 қыркүйек күні Қостанай облысындағы өртке байланысты үш қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (Отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірілген іс-әрекет), 341-бабының 1-бөлігі (Ормандарды жою), 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Сол күні Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі облыста жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді.

Қазақстандықтар дереу Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуді бастап кетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен «Қостанайға көмек!» деген жазуы бар жүк тиелген көліктер өрт құшағында қалған аймаққа аттанып жатты.

«Қасақана өрт қою» 

5 қыркүйекте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мамандардың өрттің шығуының бір себебі ретінде «қасақана өрт қою» нұсқасын жоққа шығармайтынын айтты.

Министр төтенше оқиға өртті абайсыз қолданудан да шығуы мүмкін екенін жасырмаған. Тергеу органдары барлық ықтимал нұсқаларды тексеріп жатыр деген ол.

5 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына келді. Тоқаев өрттен жапа шеккендерге барлық көмек көрсетілетінін баса айтты. Сол күні президент өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесті.

“Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді”, – деген мемлекет басшысы.

Өзге аймақтардағы өрт

6 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысының Алтай өңірі өртеніп жатқаны белгілі болды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің сол күнгі мәліметінше, өрт аумағы 400 га асып кеткен.

Алматы қаласының тұрғындары 6 қыркүйек күні тауда өрт болып жатқанын айтып, дабыл қақты. Құрғақ шөптің жанғанына алаңдаған олар оттың тұрғын үйлерге жақындағанын айтқан.

Өрт туралы алғаш болып Медеу ауданының тұрғандары мәлімдеді. Төтенше жағдайлар департаменті тау бөктерінің өртеніп жатқанын растап, жағдайдың бақылауға алынғанын жеткізген.

Сол күні Алматыдағы Кеңсай маңындағы өртті ликвидациялағаннан кейін Көктөбеде өрт шықты. Кеңсай маңындағы өртті сөндіргеннен екі минут өткеннен кейін өрт сөндірушілер Көктөбедегі өртті сөндіруге аттанды. Түнге қарай өрт сөндірушілер Көктебедегі өртті сөндіргендерін хабарлады.

7 қыркүйекте Павлодар облысы Баянауыл ауданында дала өртеніп жатқаны ақпарат тарады. Аймақтың төтенше жағдайлар департаменті мәлімдегендей, өрт туралы ақпарат 7 қыркүйекте 13:35-те келіп түскен. Ақпаратқа сәйкес, Сәтпаев ауылдық округы, Шоқтау учаскесінде құрғақ шөп жанған. Өрт сол күні сағат 17:20-да сөндірілді.

Сонымен қатар бүгін, 8 қыркүйекте Абай облысында өртті сөндіруге полицейлердің жұмылдырылғаны белгілі болды. Ішкі істер министрлігі Курчатов қаласындағы Үржар, Абай, Жарма аудандарында елді мекендер маңындағы құрғақ дала шөптері өртенгенін хабарлады.

“Өрттен Аягөз ауданы Баршатас, Байқошқар ауылы маңындағы жайылым жерлер мен шабылған шөп жанып кетті. Тұрғындар өз бетінше тоқтата алмай жатқанын, өрт ауылға жақындап қалғанын айтып көмек сұрап жатыр. Облыстан, ауданнан өрт сөндіруге ешқашан көмектескен емес! Көмек қашан жетеді?!” – деп жазады журналист Ая Өміртай.

Сондай-ақ қатты жел мен қатты аптап ыстықтан өрт шаруа қожалығының аумағына өтіп, адамдар зардап шегуі мүмкін екені айтылады. Полицейлер мен өрт сөндірушілер өртті ауыздықтау үшін қазірге дейін күресіп жатыр.

Алматыда ағаштарды өртеген азамат кім?

7 қыркүйек күні әлеуметтік желілерде Алматыда өртті қолдан жағып жүрген адамның видеосы тарады. Кадрлардан белгісіз адамның жанып жатқан оттың жанында тұрғанын көруге болады.

Полиция бұл оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын айтып, кейіннен күдіктіні қолға түсіргенін мәлімдеді. Полиция мәліметінше, күдікті 1968 жылы туған ер адам. Ол өзінің от жаққанын мойындаған.

“Ер адам мас күйде болғанын және консервілерді жылытқысы келгенін айтқан, бірақ өрт бұталарға өткен, сол кезде ер адам қорыққанынан оқиға орнынан кетіп қалған”, – делінген полиция таратқан ақпаратта. Оқиғаның мән-жайы әлі де анықталып жатыр.

7 қыркүйек күні кешкісін полиция Алматы облысында өрт қойған азаматты ұстады. Алматы облысында от қойған белгісіз жігіт тұрғындар назарына түскен. Ол даладағы құрғақ шөптерді өртеп жүрген жерінен ұсталған.

Алматы облысы Полиция департаменті бұл оқиғаның 6 қыркүйекте Жамбыл ауданы Еңбекшіарал кентінің маңында болғанын растады.

Далалы жерде кепкен шөпті өртеп жіберген ер адам анықталып, аудандық полицияға жеткізілді. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Кейбір ақпаратта бұл азаматтың Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері екені айтылады. Алайда жауапты мекеме бұған қатысты мәлімдемені әлі жасаған жоқ.

Қазақстандықтар ел аумағында аз уақыттың ішінде тез таралып кеткен өртке күмәнмен қарайды. Енді бірі мұның табиғи апат екенін айтса, бірі қолдан жасалған «қастандық» екенін алға тартады.

Журналист Гүлжан Ерғалиева қаңтар оқиғаларынан кейін ел азаматтарының қандай оқиғаға болсын сезікпен қарайтынын айтады.
«Қостанай облысындағы бірнеше ауылда үйлері өртеніп кеткен адамдарға қарау өте ауыр болды. Бұл өте қорқынышты! Қаза тапқандар бар. Бәрі Арыстағыдай, Жамбылдағыдай енді Қостанай қосылды. Шынында егер адамның араласуынсыз трагедия болса, қайғылы жағдайды ешкім болжай алмайды. Бірақ бізде барлығы керісінше», – дейді ол.

«Қостанайдағы өрт – нағыз теракт»

Эколог Азаматхан Әміртай  журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Қостанай облысындағы өрттің бір сәтте сегіз жерден шығуын сәйкестікке баламайды. Бұл мемлекетке жасалған қастандық, дейді ол.

«Бір уақытта сегіз жерден өрттің шығуы мүмкін емес. Оны терактіге теңеуге болады. Бұл жерде арнайы мекемелер ашық тексеру жүргізу қажет. Мысал үшін, 5 қыркүйек күні президент Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Торғай жеріне баруы тиіс еді. Оның үстіне ол 1 қыркүйекте саяси жүйені толық жаңалайтын жолдауын айтты. Мұның артында саяси ойын көрініп тұр. Бұл істі жасағандарды тез арада тауып, жазалау қажет», – дейді Әміртай.

Ал “Айбат” ақпарат қызметіне сұхбат берген сарапшы әрі экология маманы Сәкен Ділдахмет ормандағы өрттердің 90 пайызы адами факторлардың әсерінен болатынын айтады.

«Негізі ормандағы өрттердің 90 пайызы адами факторлардан болады. Мысалы үшін, адамдар демалыс кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамайды, темекі тұқылын кез келген жерге тастай салады дегендей. Тағы бір айта кетерлігі, осы кезеңде егіншілер егін алқабын жинайды, шөптерді орады. Сондай сәттерде шаруалардың көпшілігі техникалық қауіпсіздікті сақтамайды. Трактор комбайндары шөпті шапқан кезде искра шығарады да, ол кеуіп тұрған шөпке түсіп, соңы орман өртіне ұласады. Жыл сайын осы мәселе жөнінде шаруаларға ескерту де айтылып келеді. Бірақ өкінішке орай қауіпсіздік шаралары сақтала бермейді», – деп түсіндіреді сарапшы.

Эколог сонымен қатар алдағы уақытта мұндай үлкен өрттің алдын алу үшін қандай реформалар қажет екенін ашып берді.

«Бірінші кезекте елімізде орман шаруашылығын жүйеге келтіру керек. Қазақстанда 120 орман шаруашылық мекемесі бар, оларды облыстық әкімдіктен экология министрлігіне қайтару қажет. Екіншіден, мемлекеттік деңгейде бюджет қайта қарастырылып, оларды материалдық-техникалық базамен қайта жабдықтау керек. Үшіншіден, орман шаруашылығында мамандарды қайта даярлап, олардың әлеуметтік пакетін өсіру қажет. Елімізде ең аз айлықты орман шаруашылығы қызметкерлері алады. Жалақылары 35-40 мың теңге. Және басты мәселе – ол жемқорлық. Еліміздегі белең алған жемқорлықтың соңы Қостанайдағы өртпен аяқталды», – деп түйіндеді Сәкен Ділдахмет.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.