Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір сәуле сөнбеу үшін…

0 838

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» атты тағзым сағаты өткен болатын.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген автор

Шарада кітапхана қызметкерлері ақынның өнегелі өмірі мен асыл мұраларын насихаттап, әдеби шығармаларына шолу жасап, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кітапхана қызметкері Нұржахан Керімбаева ақынның шығармаларына библиографиялық шолу жасады.
– Ұлы Абайдың шығармашылығы бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, жыл өткен сайын жаңғырып, ұрпақ тәрбиесінде өзіндік үлес қосып келеді. Ақын шығармалары оның қазақ әдебиеті тарихында ерекше орны бар классик ақын екендігін дәлелдейді. Біздің кітапхана оқырмандары да Абайдың шығармашылығына ерекше көңіл бөліп, туындыларын сүйсіне оқиды, – деді Нұржахан Керімбаева.
Өнегелі кеште Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттері ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Сонымен қатар кітапхананың тұрақты оқырмандары Қолқанат Оңғарбаева мен Нұрлан Ақпаев ұлы ақынға деген құрметпен ән шырқады. Сондай-ақ Қолқанат «Қазақтың данасы» атты арнау өлеңін оқып берді.
Шашының түсі, көзінің қиығы, күлгенде маржандай тізіле қалатын майда тістеріне дейін құйып қойғандай өзіңе тартқан ұлының бейнесін көре алмау қасіретіне мойымай жүрген зағип жандардың өмірге, еңбекке араласуына бұл кітапхана үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мұнда көз жанарынан айырылған жандардың білімін арттыруға барлық жағдай жасалған.
Осы кітапханада 20 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Гүлнар Сейтбаева – кітап қорын өңдеу және жинақтау бөлімінің кітапханашысы. Ол өз қолымен зағиптарға ұстап көру арқылы сезінуге арналған Ганс Христиан Андерсеннің «Түймеқыз» ертегісін түрлі-түсті мата, қағаздардан қиып, ондағы жәндіктерді, өсімдіктерді және Түймеқызды жасап, ертегі желісімен құрап, зағип жандарға ұсынған. Сондай-ақ Гүлнар апай қазақы дәстүрмен киіз үй құрап, оның ішін өз қолымен жасаған жиһаздарға толтырып қойған. Онда жүк толы сандық, шымылдық, алаша, диірмен, күбі, қазан және тағы басқа да қазақ отбасы қолданып жүрген түрлі керек-жарақ қамтылған.
– Бұл ерекше кітапханада еңбек етумен қатар мұнда келген оқырмандармен жылы сөйлесіп, олардың жағдайын жасауға талпынамыз. Мұндағы еңбек өтіліме жиырма жылдың жүзі болды. Біздің тұрақты оқырмандарымыз бар. Зағип жандар өте сезімтал. Олар бізді аяқ дыбысымыздан-ақ танып қояды. «Ақ таяқ» акциясы аясында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесіп те тұрамын, – деді кітапхана қызметкері.
Сондай-ақ Гүлнар апай осыдан 20 жыл бұрын кітапхана алдынан таяғымен өтіп жүрген ер адамды байқапты. Сөйтіп, сол кісінің жолын тосып, тілдесуге ниет білдіреді. Ондағы мақсаты – зағип жанға қолынан келгенше көмек көрсетіп, сергітіп, мүмкіндігі болса, кітапханаға шақырып, Брайль шрифтімен кітап оқыса екен деген тілегі болады.
– Бір күні кітапхана алдында тосып тұрып, І топтағы көз мүгедегі Ербол Аққайұлымен таныстым. Кітапханаға ертіп келіп, әңгіме-дүкен құрдық. Бүгінде Ербол кітапханадағы тифлология бөлімінің редакторы. Бұл жерде еңбек еткеніне 12 жылдың жүзі болды, – деді Гүлнар апай.
Тифлолог Ербол Бегимовпен танысудың да сәті түсті. Саусағы саусағына жұқпай, компьютерде кезекті кітабын теріп отырған Ербол аға – өз ісінің маманы. Қажетті әріптің бәрін саусақ ұшы мен құлаққап арқылы айтылған сөздер арқылы теруді меңгеріп алған. Бүгінде Брайль қарпімен зағиптарға арналған бірнеше кітап басып шығарыпты. Ербол ағаның орындығында отырып, құлаққаптан айтылған сөздер арқылы әріп теруге ұмтылып, бұл істің қаншалықты ауыр әрі сабырды қажет ететіндігінің куәсі болдым.
– Әдебиеттерді оқып шығып, шығарманы теріп, соңыра қателерін түзетіп саламын. Бұл еңбектің барлығы саусақ ұшымен, сезімталдық арқылы атқарылады. Биыл Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» және Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» шығармаларын басып жатырмын. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Сонымен қатар екі үйірмеде дәріс беремін. Көзі көру қабілетінен жаңа айырылған адамдарға Брайль қарпін, компьютерде еркін жұмыс істеу әдістерін үйретемін. 2010 жылдан бері 30-ға жуық адамға осы қаріппен оқуды үйреттім. Осы қаріп арқылы еңбекке араласып кеткендер бүгінде алғысын айтып келіп тұрады, – дейді Ербол аға.
Осыншама мұң жамылып, әр қадамына мұқтаж болып жүріп те ілім алып, заманауи көшке ілесіп, мүжілмей, мұқалмай, қайта мықтылық танытып, таудай талапшыл болып ғұмыр кешіп жүрген жандарға қуат тіледім. Олар жүрегіндегі сәулені сөндірмеу үшін әлемді жүрегімен көретініне көзім жетті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.