Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір мезгілде диктант жазды

0 282

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында жалпықазақстандық ашық диктант жазу акциясы өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы және облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған шараға барлығы 40-қа жуық этномәдени бірлестік өкілдері, жастар ұйымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Еліміз бойынша бір мезгілде жазбаша сынақтың өткізілуіне себепші – «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыру жөнінде 2016-2018 жылдарға арнайы іс-шаралар жоспарланған жобалардың бірі болып табылады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына арналған жалпықазақстандық ашық диктант нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдағы маңызын арттырамыз дейді ұйымдастырушылар. Ал «Қоғамдық келісім» мекемесінің әдістеме бөлімінің әдіскері Кенжебай Өмірбековтің айтуынша, мұндай шараның сауаттылық деңгейін көтеруге пайдасы мол.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы желтоқсанда жарияланған «Қазақстан – 2050» Стратегиясына, «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарын латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін сауатты қолдануға үйрету басты мақсатымыз болып отыр, – деді әдіскер.
Диктант жазуға арнайы қатысқан кітапхана қызметкерлері осындай шаралар арқылы жастар болашақта қолданылатын әліпби таңбаларына дағдылана бастайды дейді.
– Осыған дейін де бірнеше диктант жазу шарасына қатыстым. Өзіміздің мекемеде латын графикасын үйрену үшін бірнеше шаралар өткен. Мектепте неміс тілін оқығандықтан, маған бұл әліпбимен жазу ешқандай қиындық тудырмайды, – дейді Дінмұхаммед Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Меруерт Мелдеева.
Айта кету керек, жалпықазақстандық ашық диктант шарасы бір уақытта аймақтың барлық аудандарында өткізілді. Алдағы уақытта акция дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.