Қалалық қоғамдық-саяси газет

Билік пен бұқараны байланыстырған

0 273

Биыл Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының қабылданғанына 5 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған кеңестің бақылауымен жаңа бастамалар жолға қойылды.

Сәндібек ПІРЕНОВ. Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Осыған орай қала әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтіп, онда қоғам тіршілігіне етене араласып, тындырымды тірлігімен көзге түсіп жүрген кеңес мүшелері марапатталды.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, қалалық ардагегерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова, қалалық әкімдіктің бөлім басшылары және аумақтық-округтың бас инспекторлары қатысты. Шараны қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов жүргізді.

– Қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты – халық тілегін билікке жеткізу болғандықтан заңның 5 бабының 1,2,3 және 5 тармақтарының талаптарына сәйкес бюджеттің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізу туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігінің бекітуіне ұсынылатын азаматтардың құқықтарына, бостандығы мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу жұмысымыздың айнымас бөлігіне айналды. Қоғамдық кеңестің алға қойған басым бағыттары мемлекеттік қызметтің сапасына, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне, білім беру саласына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына ықпал ету. Қалалық қоғамдық кеңестің құрамында 60 жасқа дейінгі азаматтардың үлесі 33 пайыз. Құрамда мемлекеттік қызметте, қоғамдық жұмыстарда сондай-ақ өндіріс саласында мол тәжіриесі бар азаматтар іріктелген. Олар тұрғындармен жиі кездесу ұйымдастырып, талап-тілектеріне дер кезінде жауап беруге үлес қосып келеді. Кеңес мүшелерін айтулы күнмен құттықтаймыз,–деді Сембек Әбетайұлы.

Артынша қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев осыдан бес жыл бұрын облыс, қала және аудан деңгейінде құрылған қоғамдық кеңестің маңызы жайында айтып, кеңес мүшелеріне табыс тіледі. Өз кезегінде қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова ардагерлер кеңесіндегі 40-қа жуық азаматтың қоғамдық кеңеспен бірлесе жұмыс істеуге қашан да дайын екенін жеткізді. Шара соңында қала әкімінің орынбасары іскерлігімен көзге түскен Ерғаш Нұралиев, Құрманбек Есімбеков, Қадырхан Абдуллаев, Алпысбай Смайловқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. Осыдан кейін қала әкімінің Алғыс хатын Таймас Сағынтаев алды. Қалалық мәслихаттың атынан Құрмет грамотасымен Лариса Калькова марапатталды. Сондай-ақ еңбек ардагері Өмен Байшығашев «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», ал Ергеш Нұралиев «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төс белгісімен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.