Қалалық қоғамдық-саяси газет

Берекелі шаңырақ – ынтымақ бастауы

0 312

Жастар жылы қарсаңында облыста қолға алынған шаралар легі жетерлік. Атаулы датаға орай облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі Отбасы күні мерекесінде аймақтағы этномәдени бірлестік өкілдерінің жас отбасыларын жиып, «Берекелі шаңырақ» байқауын ұйымдастырды.

Толғанай АТАБАЙ

Отбасы құндылығын насихаттауды мақсат еткен дәстүрлі шара бұл жылы семинар-тренинг фестиваль-байқау түрінде өз жалғасын тапты. Жиырма бес жанұя бақ сынасқан байқауда оқыту курсы және фестиваль-байқау кезеңі бойынша сайысқа түсті. Алғашқы бөлімде қатысушыларға «Отбасы институтының қоғамдағы рөлі» тақырыбында жастар арасында отбасылық құндылықтарды түсіндіру, отбасындағы жанжалды шешу бойынша практикалық құралдарды меңгеру үшін дәріс оқылды. Сондай-ақ қатысушылар аудиторияның проблемаларын анықтауға, өмірде болып жатқан түрлі отбасылық мәселелерді шешуге және талқылауға бағытталған тренингке қатысты. Аталған дәріс пен тренингті Жамбыл облысы бойынша «Бақытты отбасы» отбасылық соттар жанындағы отбасын қолдау орталығының үйлестірушілері ұйымдастырды.
Ал екінші бөлімде этникалық отбасылық дәстүрлерді білу, қатысушылар оқыту курсы кезінде алған білімдерін, психологиялық икемділігін және күрделі отбасылық мәселелерді шеше білуін саралау мақсатында түрлі сұрақтарға жауап беріп, тапсырмалар орындады.
– Отбасы – мемлекеттің шағын ұяшығы. Отан болу отбасынан басталады. Демек, әр отбасы өз жанұясының іргетасын мықтап қаласа мықты Отан құрылады деген сөз. Ендеше, сендердің міндеттеріңде осы – құрған отбасыларыңның шаңырағын биік етіп, керегесін кең, терезесін тең етіп ұстау. Шаңырақта әр адамның өзіндік міндеттері бар. Ері отбасының қорғаны, тірегі, қамқоршысы бола білуі керек. Сол секілді әйелі де отбасының шырағы, жылуы, балалардың тәрбиешісі, ұйытқысы болуы тиіс. Бұл байқауды өткізу жылда дәстүрге айналған. Биылғы жылы бұрынғыдан өзгерек өтті. Оған баршамыз куәміз, – деді Аналар кеңесінің төрайымы, қазылар құрамының мүшесі Мухаббат Миражапова.
Қос кезең бойынша сүрінбей өткен «Барбанг» күрділер ассоциациясының аймақтық филиалы атынан сынға түскен Алиевтер шаңырағы бас бәйгені қанжығалады. Ал жүлделі екінші орын «Манас ата» қырғыз этномәдени бірлестігінен Шабденбектер әулетіне бұйырды. Сайыстың үшінші жүлдесі «Коре» кәрістер ассоциациясының белсенді отбасыларына тиесілі болды. Байқауға белсене қатысқан өзге де отбасылар бағалы сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды. Сайыс соңында «Үкілім-ай» би ансамблі, Жанболат Таласбай және «Болашақ» вокалдық триосы өз өнерлерін көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.