Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана да бір бақыт

0 188

«Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы іске асып, баспаналы болуды арман еткен отбасылардың айы оңынан туды. Жалғызбасты ана Майра Сатханбаева да осы бағдарламаның арқасында баспаналы болды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Юрий КИМ

Майра Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылында туып өскен. Қоңыртөбел тіршілік кешкен қазақи отбасында дүниеге келген қыз мектеп бітіріп, өзі қалаған оқу орнына түсіп, білім алды. Кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Жылжыған уақыттың жетегінде еркелей жүріп, еркін ғұмыр кешті. Күн шуағына жылынып, таң нұрына бөленіп, қыз ғұмырының ғажап сәттерінен нәр алған жауқазын қыз отыздан асқан шағында жүрегінің қалауымен тұрмысқа шықты. Алайда күйбең тіршіліктің жолында жас жұбайлардың дәм-тұзы жараспады. Шаңырағы аласарып, босағасы бекімеді. Аз ғана уақыт ғұмыр кешкен босағадан қайта қайырылмастай төркінге оралды. Төгілген сенім мен кешірілмес күндердің күнәсін көтеріп, өмірге өкпеледі. Өзегін өкініш өртеп, қателік жасағанын ұқты. Жалғыз-ақ қуанышы, жұбанышы бауырындағы бөбегі ғана еді…
Жалғыздықтың қамыты мойнына қайта киіліп, бесігін де жалғыз тербеткен ана жалға пәтер алды. Үйі жоқтың күйі жоқ. Жел айдаған қаңбақтай әр үйді паналап, көшіп-қонып ғұмыр кешудің тауқыметін тартты-ақ. Құжаттарын дайындап, үйге кезекке тұрды. Ел қатарлы еңбек етіп, тірнектеп тиын жинады. Аңсары баспаналы болу еді. Үмітін ешқашан сөндірген емес. Ол айы аман, күні жарқыраған әрбір қазақ баласының көңіліне кірбің түсіріп отырған баспана мәселесі екенін анық сезінді. Көңілдің кірі мен жүректің мұңын жұлып түсер қуаныш болады. Майра үшін де баспаналы болу тап сондай ғажайыпқа толы, ертегі әлемінің сиқырлы сәтіндей көрінетін. Жуырда аялап өсірген жалғыз тал гүлі 6 жасқа толып, мектеп табалдырығын аттар тұста үйсіз-күйсіз жүрген алты жылдың азабын әп-сәтте тәтті үмітке айналдырып «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй алуға мүмкіндігі бар екенін ұқты.
– Пәтерден пәтерге көшкен жылдар көз алдымда. Өзім сияқты үйі жоқ қаракөздердің көп екені қынжылтатын. Енді міне, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша осыдан бір жеті бұрын ғана пәтерге қол жеткіздім. Қызымыз екеуміздің қуанышымызда шек жоқ. Өз бұрышымның болғаны жанымды жадыратады. Баспана алу барысында қиындықтар кездесті. Пәтер иесі келіскен ақыны аяқ асты өзгертіп, пәтер құнын көтеріп жібереді де, әп-сәтте арманым көкке ұшып кеткендей болатын. Мең-зең күй кештім. Бірақ үмітімді үзбедім. «Бақытты отбасы» бағдарламасына сүйеніп, қалайда осы пәтерге қол жеткізсем деп ниет етіп, ақыры пәтер иесі екеуміз өзара келісімге келіп, нақты бір сомаға тоқтадық. Мың құбылған дүниенің бір бақыты іші жылылыққа толы баспана болса мен де қызым екеуміз осынау атына заты сай «Бақытты отбасы» бағдарламасымен бірге бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз, – деді Майра қуанышы қойнына сыймай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.