Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бас қаланың беделі биіктей берсін!»

0 445

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,
республикалық «Qazaq» газетінің бас редакторы:

– Осыдан 24 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшірілді. Әрине, тоқсаныншы жылдардың тоқырауында астананы көшіру бастамасына көбі күмән келтіргені жасырын емес. Дегенмен, уақыт осынау тарихи шешімнің дұрыстығын дәлелдеді. Тарих үшін бұл қас қағым сәт болғанымен, осынау аз уақыттың ішінде астанамыз адам танымастай өзгеріп, әлемдегі сұлу шаһарлардың қатарына қосылды, шағын қаладан мегаполиске айналды.
Аспанмен таласқан ғимараты көп елорданың бүгінде күн санап құлпырып жатқаны өз алдына, экономикамыз әлі де оңалмаған сол кезеңде астананы көшіру бастамасы демография тұрғысынан да дұрыс болғанына көзіміз анық жетіп отыр. Сондай-ақ осы арқылы оңтүстік пен солтүстіктегі урбанизация мәселесін ішінара шеше алдық.
Ақиқатын айтқанда, елорданы мақтауға да, онымен мақтануға да болады. Қателеспесем, 2019 жыл болуы керек, мен отырған ұшақта итальян туристері де болды. Құс ұшар биіктен астананы алғаш көрген итальяндар«Bellissimo!» десіп жатты. Сол кезде тұла бойымды ерекше сезім биледі.
Тәуелсіздіктің бойтұмарындай болған шаһар әрбір қазақтың жүрегінде орын алып, жер-жаһан жұрты алдында мәртебесі асқақтай түседі деген сенім зор.
Бас қаланың беделі биіктей берсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.