Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Көкжиегімді кеңейтіп, шығармашылығымды шыңдады»

0 424

Ұлжан Шораева,
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Баспа және имидждік қолдау бөлімінің маманы:

– «Өсетін бала астанаға қарай жүгіреді» деген тәмсілді өзімше шығарып алғанмын ба, жоғары оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алған соң жүгімді буып-түйіп елордаға жол тарттым. Бүгінде еліміздің астанасына қоныс аударғаныма 8 жылдың жүзі болған екен. Уақыт деген лезде зымырап өте шыққандай. Алғаш мұнда келгенде мені күтіп тұрған жұмыс та, үй де жоқ еді. Қаңтардың 21-і болатын, қыстың ақ түтек боранымен де алғаш ұшырасқаным сол кез. Аз айлық болса да, бірінші табылған жұмысқа бас сұқтым. Жаңа қалаға үйренгенше республикалық жекеменшік журналда жазға дейін аялдай тұрдым. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының республикалық газетінде үш жыл еңбек еттім. Соңғы жылдары астанадағы үшінші қызмет орным «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-да еңбегімді жандандырып келемін. Осынау аралықта қаншама даму кезеңінен өттім. Кәсіби болсын, сезім-күй, таным көкжиегі және бай орта қалыптастырдым. Себебі суық қалаға келгенде ең бірінші орта болмай, жаным жалғызсырағаны есімде. Оның бәрін қазір артта қалдырғанымды жетістікке балаймын.
Мені шыңдаған бас қаланы жақсы көріп үлгердім, оған айтар алғысым да шексіз. Былтыр тәуелсіздікпен құрдас мерейлі жасымда, астана төрінде, Тәуелсіздік сарайында алғашқы жыр жинақ кітабымның тұсаукесері осы қала таныстырып-табыстырған дос-жаранның қолдауымен өткені де көңілімді марқайтады. Жинаққа енген көп өлеңім осы қалада туған болатын. Сондықтан жастығымның сән-салтанатына айналған бас қалаға деген құрметім биік. Осылайша елорда көкжиегімді кеңейтіп, шығармашылығымды шыңдады.
Ендеше барша Жамбыл жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтаймын! Елордамызға көне шаһар – Таразымның шежірелі тарихы бұйырып, ғұмыры мыңжылдықтарға жалғассын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.