Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сөз бен істің үйлесімі

0 1  509

Осындай күрделі шақта жарияланған Президент Жолдауы қай жағынан да маңызды. Мұнда Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бағамдай отырып, жұрт көкейіндегі сан сұраққа жауап берді. Бұл ретте күні кеше Парламентте өткен жауапты лауазымды тұлғаларды, тәуелсіз заң мамандарын тыңдау игі іс болғаны сөзсіз. Осы бағытта ішкі істер, прокуратура, сот секілді мекемелер мен қоғам арасындағы сұхбат алаңы форматын жүйелеу, кеңейту, нақтылау, ізгілендіру – әрі уақыт талабы, әрі өркениет өлшемі. Мұны Мемлекет басшысы «Азаматтық қоғам мен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық орнататын тәжірибе біздің елімізде берік орнығуға тиіс» деп атап көрсетті.

Наурыз айындағы Жолдаудың негізгі арнасы – елдің саяси жүйесін кешенді жаңартуға бағытталып отыр. Ел басшысы мен халықаралық деңгейдегі қайраткер үшін ең басты міндет – өз мемлекетіндегі немесе тапсырылған қызметіндегі ахуалға дәл баға беру, дұрыс диагноз қою. Бұл орайда: «Мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе, тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған кеңес тарихынан жақсы білеміз. Кешегі қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті» деген Президент пікірінің мәні терең.
Жолдаудағы Президент өкілеттігі, Парламент құзыреттілігін нақтылау, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялардың мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институтын күшейту, БАҚ пен азаматтық институттарды нығайту, әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар – яки осы 10 бастама алмағайып кезеңнен халықтың береке-бірлігін сақтап, тәуелсіздік мұратын баянды етіп алып шығатын елдік жол екеніне көңіліміз сенді. Бұл іс-шаралар, бұйырса, мемлекетімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырмақ.
Бүгінде елдің ынтымағы мен жердің тұтастығы – Тәуелсіздіктің риясыз өлшеміне айналды. 19 миллионнан асқан халқымыз тағдыр бұйыртқан жолмен, бұрынғы-кейінгінің әділетті жоралғысымен табиғи түрде ұлт болып ұйысуға бағыт түзеді. Тіл де, діл де, дін де Қазақстан мемлекетінің ақ пейіл ықылас-ыждағатымен жаңа деңгейге көтерілді. Осы бағдарда қара күш емес, адамшылық іс жеңетіні күн сайын дәлелденіп келеді. Жолдауда Мемлекет басшысы тарих пен жаңару сабақтастығын меңзеп, Абай, Ұлытау, Жетісу атауын алатын облыстардың еншілес Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарымен қатар өркендей алатынына ғылыми негізде дәлел келтірді.
Халқымызда «Тымақ – төбесінен, ел төресінен тозады» деген аталы сөз бар. Елдің бүгінгі төбесі де, төресі де – қызмет басындағы азаматтар, оқыған зиялылар, қоғамның алдында жүрген азаматтар. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет басшысы ретіндегі жеке жауапкершілігін де қадап айтты: «Мені, ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын! Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз».
Қорыта айтқанда, биылғы Жолдау сын сағаттағы елшіл жолды – мемлекет пен қоғамдағы сөз бен істің үйлесім тетігін нұсқады. Бұл жол елді түрлі қиындықтан да, тосқауылдан да аман алып өтетініне сенімдіміз.

Нұрлан Серікбаев,
экономист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.