Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалар мектепке барады

0 519

Жамбыл облысында IV тоқсанда 229 мектеп дәстүрлі форматта оқытатын болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова айтты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Сондай-ақ брифингке Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дамеш Ускумбаева қатысып, алдағы жоспарлар жайын бөлісті.

Жамбыл облысы «жасыл» аймақта болғандықтан, төртінші тоқсанда оқу үрдісі дәстүрлі және аралас форматта ұйымдастырылады. Жалпы облыста 442 мектеп бар десек, онда 238 682 оқушы оқиды. Бұған дейін ІІІ тоқсанда оқушылардың 51% дәстүрлі форматта оқыса, 49% қашықтан білім алған болатын.
Оқушылар үшін пандемия жағдайында бірыңғай мектеп формасын кию талап етілмейді. Ал оқу пәндерінің 70% дәстүрлі форматта, қалған 30% қашықтан оқытылады. Олардың қатарында алдыңғы тоқсандағыдай дене шынықтыру, АӘД, өзін-өзі тану, кәсіпкерлік негіздері, көркем еңбек пәндері бар.
– Сыныпта балалар саны 25-тен және сабақ уақыты 40 минуттан аспайды. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Кабинеттер арасында жүру, мұғалімдер бөлмесіне бару, сыныптан тыс іс-шаралар мен ата-аналар жиналыстарын өткізу шектеледі, – деді Г.Ходжабергенова.
Жиында мектеп түлектерін қорытынды аттестаттау жайы да айтылды. Алдағы мамыр мен маусымда 9-сынып оқушылары 3 емтихан тапсыратын болады. Оның ішінде оқыту тілі бойынша эссе, математикадан (алгебрадан), өзге тілдерде оқитын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан болады. Ал 11-сынып оқушылары 4 емтихан тапсырады. Соңғы сынып түлектерінен екі жазбаша, екі тестілеу алынады. Мәселен, Қазақстан тарихы, өзге тілдерде оқытатын мектептерде қазақ тілі, ал қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу жүргізіледі. Қалған оқыту тілі бойынша эссе, алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан алынады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.