Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақ пен қара айқасқан ғұмыр

0 10

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Георгий Хугаевтың «Шекпен» атты жаңа қойылымының тұсаукесері өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Орыс-осетин драматургы, талантты режиссер, РСФСР халық артисі Георгий Хугаевтың әпсанасы – театрдың биылғы жаңа қойылымдарының бірі. Қойылымды орысшадан аударған – аудармашы Құжырғалы Төлеуішов.

Шығарманың қоюшы-режиссері – «Серпер» жас-тар сыйлығының иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков, қоюшы-суретшісі – Әйгерім Амангелді, музыкамен көркемдеуші – Әлішер Оралбаев, балетмейстері – Бақытжан Айманов болса, режиссердің ассистенті – Мәмбет Қожалиев.

Үміт пен күдік, ақ пен қара, жамандық пен жақсылық, адалдық пен арамдығы қатар өрбіген ғұмырдағы астарының негізгі идеясы – қарама-қайшылықты ашып көрсету. Аталмыш шығарма оқиғасы жануарлар арқылы адамдардың шынайы болмысын ұқтыру, пендешілігі мен қатыгездігін көрсету, кейбір сәттердегі моральдық азғындығын әшкерелеу секілді терең философиялық мағынаны жеткізу.

– Жан-жануарлардың өмірін адамның көзқарасымен баяндаған «Шекпен» атты әпсана барысында кейде біз жануар деп жүрген мақұлықтың сезімі адам ойлағаннан әлдеқайда биік болатынын көрсетеді. Бір иттің егесі ескі тұрағында ұмытып кеткен шекпенін күзетіп, «қожайыным келеді» деп үміт етіп, аязда тоңып, қапырықта ыстықтап, аш қалса да шекпенді күзеткеніне, адалдығына тәнті боласың. Ал егесі оралғанда, сол адал иттің қамқорлығын түсінбеген, түсінгісі келмеген күйі атып тастағанын көріп, жерінесің. Ақ пен қара айқасқан өмірдің көрінісін суреттеген бұл қойылымның мәні тым тереңде, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова.

Ал жеке тоқтала кетер болсақ, Тұзар – Жорабек Төлеген, Көкшулан – Сымбат Нұрсейітова, Көкжал – ҚР мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков, Қарға – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі, Ерсін Қалыбаева, Түлкі – Абылай Әубәкіров, Қортық – Азамат Шакенбаев, Кико – Әбу Шоңбаев, Шиебөрілер – Зарина Асан, Бексұлтан Әлекешов, Қасым Келесбек, Қоян – Жастар сыйлығының иегері Анар Алтыбаева, Қойлар – Ризат Қылышбаева, Медеу Ердалиев, Ерасыл Аманбек, Әсем Қондыбаева сынды театр әртістерінің әрқайсысы өз болмысын терең аша білді.

– Тән қартайса да, жанның қартаймайтынының бір көрінісін осы туындыда Көкжал көрсетеді. Жас төбеттерге бой бермей, ырылдасып, арбап жүріп ғұмыр кешуі де өмірдің айнасы. Шиебөрілер аяқтан шалады. Бұл әпсананың беретіні – адамдардың өмірін жануардың тілімен айту, түсіндіру. Режиссер қойылым барысында жан-жақты бағытта жұмыс жасады. Ал спектакльдің әділ бағасын патша көңілді көрермендерге қалдырдық, – деді Көкжалдың рөлін сомдаған Жүніс Әлімбеков.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.