Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ баласы неге шетелге құмар?

0 13

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жыл сайын елімізден 32% жас шетел асады екен. Олардың бір бөлігі білім алу мақсатында өзге елге кетсе, келесі бір бөлігі Қазақстаннан түбегейлі көшіп кететінге ұқсайды. Сонда елімізден жастар жаппай кететіндей жағдай жасалмай жатыр ма? Мүмкіндіктер берілмейді ме? Олар шетке кетуге неге құмар? Осы сынды сұрақтар төңірегінде шет мемлекеттерде оқып жүрген студенттермен сұхбаттасып көрдік.

Алдымен өзге елге білім алу мақсатында емес, толықтай көшіп кеткен жастарымызбен тілдестім. Олар есімдерін жарияламауды сұрады. Сонымен, алғашқы сұрақ та қойылды. Күткеніміздей жауап берілді. Яғни өздері шешім қабылдап, Еуропа мемлекеттерінде және Америкада өмір сүргісі келеді екен. «Неге?» деген сауалға ол жақтағы жұмыстың, жалақының жақсы екендігін алға тартты.

Жоғарыдағы аталғандардан бөлек, Түркия мемлекетінде білімін жетілдіріп жүрген журналист Мадина Жанғазиева есімді студентпен де тілдесіп көрген едім. Ол барлық сұрақтарымызға жауап беріп, білгендерімен бөлісті.

– Мадина ханым, ең алдымен өзіңіз жайында айта кетсеңіз. Қай жердің тумасысыз? Қазақстанда қай оқу орнында оқыдыңыз?

– Мен қазіргі Түркістан облысы, Шардара қаласында дүниеге келдім. Сондағы орта мектепте оқу орнын тәмамдап, елордамызға арман қуып кеткен жастардың бірімін. Еуразия Ұлттық университетінде «журналистика» мамандығы бойынша төрт жыл оқып, салалық білімімді де жетілдірдім. Жалпы журналистикаға бес жасымнан бастап қызықтым. Ол кездегі менің қатарластарым мұғалім, дәрігер, ғарышкер боламын деп жүретін. Менің кезегім келгенде, «мен тек журналист боламын» деп айтқанымнан қайтпайтынмын. Сол кезде мұғалімдерім де күлуші еді. «Журналист деген кім?» деген кезде сөмкеме салып жүрген газетімді шығарып, «міне, осыны жазатын адам» деп жауап қайыратынмын. Сөйтіп жүрген Мадина бүгінде кішігірім маман. Ал өзімді қысқаша сипаттар болсам, өмір ағысымен келе жатқан қарапайым қазақтың қызы дер едім. Бәлкім, біреуден артық шығармын, бәлкім, біреуден кем шығармын дегендей ғой. Сонымен қатар бүгінде осы мамандығым бойынша Түркияның Анкара қаласында білімімді жетілдірудемін. Алла қаласа, биыл оқуым да аяқталып қалады. Мұнда өзімнің мамандығыма қатысты көптеген тәжірибелер де жинап үлгердім. Сондықтан мұнда келгеніме, мұнда оқитыныма еш өкінбеймін.

– Қазір Түркияда осы мамандық бойынша біліміңізді жетілдірудесіз. Қандай бағдарлама бойынша оқуға түстіңіз?

– Түркияға «Түркия бурсулары» дейтін бағдарлама бойынша оқуға түстім. Жалпы бұл бағдарлама – барлық шетелдік студенттер үшін өте қолайлы бағдарлама. Ай сайынғы шәкіртақыдан бөлек, жатақханамыз, тағамдарымыз, қосымша шығындарымыздың барлығын өтеп береді. Бізден тек уақтылы білім алып, жақсы үлгерім көрсетуді талап етеді. Бұдан да басқа бағдарламалар өте көп. Бірақ дәл менің оқуға түскен бағдарламама жетпейді. Шетелде нақты бір бағдарламамен грантта оқымасаң, ақылы бөлімде оқу өте қиын.

– Неге Түркияны таңдадыңыз? Бұл мемлекет сізді несімен қызықтырды?

– Негізінен, мен Түркиядан бұрын ағылшын тілді елдердің университеттерінен грант ұтып алуды жоспарлаған болатынмын. Бірақ тілді меңгеру барысында біраз қиындықтар туындады. Сонымен қатар Еуропа мемлекеттерінің мәдениеті, өркениеті бізге жат болғандықтан, маған біраз ауыр болады деп ойладым. Сол себепті үйдегілермен ақылдаса келе, Түркияны таңдадым. Тағы да Түркия мені толықтай грантпен және толық шығындарымды қамтамасыз ететіндіктен, осында оқу маған өте тиімді болады деп ойладым және Түркия барлық жағынан қызықтырды. Біріншіден, өркениетінің, тілінің һәм дінінің, мәдениеті мен әдебиетінің жақындығы. Екіншіден, тамаша табиғаты. Төрт теңіздің бойында орналасқан. Мен шығармашылық адамы болған соң, осындай ғажап жерлер маған керек деп таптым. Үшіншіден, өмір сүру деңгейі қызықтырды. Барлығы қолжетімді. Қалағаныңды сатып ала аласың, мүмкіндіктер жеткілікті. Бұлардан да басқа қызықтырған дүниелер көп. Олардың барлығын көзіңізбен көрмесеңіз, сөзбен жеткізу мүмкін емес.

– Екі елдің білім сапасында айырмашылық бар ма?

– Әрине, үлкен айырмашылық бар. Мен Түркияға келгелі «өзің үшін оқу» деген түсінікті қалыптастырдым. Өйткені біз елімізде баға үшін немесе мұғалім үшін оқитынбыз. Қазір де солай. Ал Түркияда оқымайтын болсаң, келесі курсқа өткізбейді. Сабақ оқымасаң, бір курста қалдыра береді. Мұнда оқытушылар тек дәрісін беріп, түсіндіріп кетеді. Қалғанын студент өзі ізденуге міндетті. Сондай-ақ біздің мемлекетімізде оқытушының түсіндіруімен ғана қалып қоямыз. Мұнда олай емес, мұғалімнің түсіндірген сабағын айтпау керексің. Өзіңше дұрыс пікірлеріңді қалыптастыра отырып, ұлы ғұламаны да сынай отырып, дәлелдермен сабақ айтуды міндеттейді. Яғни мұнда оқыған әр студент ғылыми тұрғыда аналитик болып шығады деп айтар едім.

– Сіздің ойыңызша, жастар шетелге кетуге неге құмар?

– Мысалы, мен өзімнің жеке басымды айтар болсам, Қазақстанда төрт жыл грантта оқыдым. Бакалаврдан соң да магистратураға грант ұтып алдым. Бірақ мен өзімнің өмірімде өзгешелік болғанын қаладым. Тек өзіміздің Қазақстанның білім беру жүйесімен шектелмейін деп шетелге кетуге бел будым. Бұл менің жағдайымда. Яғни білім жолымен кететін жастар алдымен осы бағыттардағы ерекшелік үшін кетеді деп ойлаймын. Және сол үйренген жаңашылдықтарымызды кейіннен елімізге әкеліп қосар болсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

– Биыл оқу бітіресіз. Елге қайту ойда бар ма?

– Иә, елге қайтар күнді асыға күтудемін. Енді жарты жылдан кейін оқуымыз да аяқталады. Күн санап, елді, туған-туыстарды сағынып жүрмін. Қанша жерден өзге елде жүрсең де, өз еліңе жетер ештеңе жоқ екен. Менің өзімнен кейінгі келе жатқан жас буынға айтарым, иә, шетелде білім алсын, тәжірибе жинасын. Бірақ өзге елде жұмыс жасауға, көшуге еш кеңес бермеймін.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Бақыт ТҰРҒЫНБЕК,
студент

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.