Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балаңыз қандай мультфильм көріп жүр?

0 389

Психологтар ресейлік «Маша мен аю», америкалық «Монстр Хай», «Губка Боб» мультсериалдарының баланың қалыптасуына кері әсер ететін өнімдер екендігін жиі айтып жүр. Балалар үшін зиянды деп танылған басқа да мультфильмдерді экраннан алып тастауға қауқарымыз жетпей отыр. Тіпті мультфильмдердегі кейіпкерлерді құдды отбасымыздың бір мүшесіндей қабылдап кеткеніміз де рас. Содан болар, теледидарға еніп кетердей телмірген балаға да «қой» демейміз…

Балаларымыз шетелдік кейіпкерлерге еліктеп, өз болмысынан ажырап бара жатқаны жасырын емес. Тілі шықпаған сәбиіміз Маша сияқты бет-аузын қисайтып, ернін шүршитсе немесе «Монстр Хайдың» кейіпкерлеріндей былапыт сөздерді қайталап айтып жатса, бетінен қақпай, керісінше, қылығына мәз боламыз.
Негізінде, көбіміз мультфильм дегенге менсінбей қараймыз. Оны тек баланың көңілін аулап, көзін қызықтыратын дүние секілді көреміз. Сөйтеміз де, баламыздың қандай мультфильм қарап жүргенін, одан не үйренгенін ескермейміз. Баланы білімді қылатын да, бүлдіретін де – осы мультфильм. Біздің көрген мультфильм кейіпкерлеріміз қандай еді? Леопольд, Чебурашка, Буратино, Мойдодыр, Құйыршық, қарлығаш. Бұл кейіпкерлердің бәрі де бізге жақсы тәрбие берді. Леопольд достыққа, Мойдодыр тазалыққа үйретті. Ал балаларымыз не көріп жүр? Бүгінгінің мульткейіпкері балаларға қандай тәрбие беріп жатыр? Жиырма жылдан бері бала психикасын зерттеп жүрген неміс психологы Райнер Пацлаф теледидардың баланың дамуына әсер ететінін жазыпты. Психолог «баланың дұрыс дамуы оның көрген мультфильміне байланысты» деген қорытындыға келген. Кейіпкерлердің көзі үлкен болған сайын бала жалтақ, қорқақ, өз пікірі жоқ һәм өзіне сенімсіз болып өседі екен. Соның салдарынан оның сабаққа деген құлшынысы да төмендейді. Мультфильмдегі әйелдердің толық әрі сиықсыз болып суреттелуі кішкентай қыздардың болашақта ана атануына кедергі келтіретін көрінеді. Сол секілді бала теледидардан алып денелі құбыжықтарды көрген сайын ата-анасына қарсы келгіш болады. Оны айтамыз-ау, мультфильм бояуының қанықтығы мен дауысының жоғары болуы, тіпті сюжетіне дейін баланың болашағына әсер етеді. Яғни баланы шынайы өмірден алыстататыны дәлелденіп отыр.
Шыны керек, қазір көбіміздің балаларымыз «Маша мен аюды» он айналдырып қойып берсең де, аузын ашып отырып көреді. Баланы өзіне магнитше тартатындай бұл мультфильмнің қандай құпиясы бар? Графикасы мен сапасына қояр мін жоқ. Кейіпкерлері де сондай шынайы шыққан. Алайда Машаның өзіне бір қарадыңыз ба? Бірбеткей, бұзақы, бетпақ. Білетіні – бұзықтық, бүлдіру. Демек, бұл мультфильм «өмір сүрудің бүкіл ережесін бұзып, өзің қалағандай өмір сүр, сені бәрі кешіреді» деген ой тастайды. Шынында, Машаны көрген бала оның әрекеттерін айнытпай қайталайды.
«Винкс клубы – сиқыршылар мектебі» деген мультфильм бар. Бұған әсіресе біздің кішкентай қыздарымыз құмар. Алты сиқыршы қыз перизаттар мектебінде оқи жүріп, қара күштермен соғысады. Бұл алтауы қыздарымыздың психикасын бұзып жатыр. Олардың қылдай белі, ашық төсі, бадырақ көзі, ұзын сирағы, жайылған шашы мен ашық-шашық киіміне қарап, қыздарымыз соларға ұқсауға асығып отыр. Мультфильмде қыз баласына тән қылық, нәзіктік, қарапайымдылық атымен жоқ. Алтауы да есесін жібермейтін өзімбілерлер. Демек, бұл мультфильмді көрген қыз жалған сұлулыққа құмартып, ешқандай тер төкпей-ақ өз қалауына жеткісі келетін менмен болып өсері сөзсіз. «Монстрлар мектебінің» де айтары дәл осындай. Мұнда толып жатқан вампирлер, монстрлар, зомбилер. Осылайша, әлемнің әртүрлі елдерінің монстрларын бір мультфильмге жинаған. Мұндағы қыздардың да бар білетіні – жігіттер туралы лепіру, жаргон сөздермен көпіру, ұсақ-түйекті сөз қылу, сыртқы сұлулықтарына сүйсіну. Үлкенді құрметтеу, отбасы құндылығын сақтау секілді қасиеттер мүлдем қарастырылмаған. «Винкс клубындағы» қыздар «сұлу» болса, «Монстрлар мектебінде» керісінше, сұрықсыз. Бұл жағдай баланың басын қатырып, адам бойындағы басты қасиеттерді жоғалтады. «Спанч Боб – төртбұрышты шалбар» деген америкалықтардың «шедеврі» бар. Бұлардың кейіпкерлері – барып тұрған есерсоқтар. Біркөзді Планк – тон-тұрқы биттің қабығындай бола тұра, басынан қулығы артылмайтын, қызғаншақ кейіпкер. Крабс деген шаянның мейрамханасын тартып алып, өз мақсатына өзгелерді алдаумен қол жеткізгісі келеді. Боб пен теңіз жұлдызы Патрик бір-бірін «нақұрыс», «есалаң» деп тілдейді де жүреді. Бір-бірінің басынан балғамен ұрады. Жеуге келмейтін нәрсені жейді (мәселен, майшамды). Осылайша, балаларға жеңіл юмор сыйлағысы келген. Бұл – ешқандай юмор емес, баланың психикасын бұзу. «Спанч Боб» деген – гомосексуализмнің дайын жарнамасы. Екеуі де еркек кейіпкер бола тұра, Боб пен Патриктің қол ұстасып жүруі, бір төсекке жатуы, бір-біріне қылмыңдап-қылымсуы, тіпті бір қоңызды екеуінің бірігіп асырап алуы, сөйтіп, Бобтың әйелдің киімін киіп «мама», Патриктің «папа» болуы, сол секілді сегізаяқ Скивардтың (бұл де еркек) қыздың бас киімін киіп, душқа түсуі, косметикаға жақын болуы, қысқасы, қызға қажетті бұйымдардан бас алмауы секілділердің бәрі де – әдейі жасалған сюжеттер.
Америкалықтардың «Мүйіз бен тұяқ» деген мультфильмі бар. Ондағы Отис деген негізгі кейіпкер – еркек бұқа. Бірақ неге екенін қайдам, аниматорлар оған желін «жабыстырып» қойған. Соған қарағанда, америкалықтар сиыр мен бұқаны не ажырата алмайды, не балалардың миы атала болсын деп әдейі қосқан. Жә, қазір телеарнадан тікелей эфир арқылы «YouTube» арнасынан көрсетілетін мультфильм деуге келмейтін дүниелерге балалар құмар. Еңгезердей адам машиналарды бір-біріне соғып, оны қиратып, өзімен-өзі қырылып жатады. Ал балаларға ол қызық.
Ал біз балаларымыздың тәрбиесін осындай мәнсіз мультфильмдерге ысырып қойып отырмыз. Сондықтан олардың не көріп жүргенін бір сәт қадағалап тұрған дұрыс секілді. Балаға «мультфильм көрме» деп тыйым сала алмайсың. Себебі оған мульт-фильм ауадай қажет. Сонда қайтуіміз керек? Бұл орайда психологтың кеңесіне жүгініп көрдік.
– Бізде бір ғана амал бар: балаға не көруге болатынын өзіміз таңдап беру. Кітапты таңдап оқыған секілді, мультфильмді де таңдап көрмесе болмайды. Кейіпкерлері көңілді, адал, ажарлы мультфильмдерді көрген дұрыс. Ол мультфильмді баламен бірге отырып көрген абзал. Сонда баланың көңіл-күйінде өзгеріс болады. Ата-анаға деген махаббаты оянады. Қазір әлемдік анимация өндірісінде адам түсінбейтін жаңалықтар болып жатыр. Балаңыздың болашағын бүгіннен қолға алғыңыз келсе, оның әрбір көріп жатқан мультфильмі мен киносын бақылаңыз. Оған ұрысып, айқаламай, жаныңызға жақын тартып, түсіндіріңіз,– дейді психолог Жазира Сұлтанбаева.
«Теледидарға телмірген баланың тілі кеш шығып, қатарымен ойнап өскен баладан гөрі тілі қарабайыр, мінезі бұйығы келеді» дейді мамандар. Мұны ескеруіміз керек-ақ. Міне, мамандардың пікірі осындай. Бірақ төріміздің бір бұрышын иемденіп алып, күнұзақ сарнап тұратын теледидарды өмірімізден алып тастай алмайтынымыз анық. Ендеше, тым болмаса, шектеу шараларын қолға алсақ игі.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.